Жексенбі, 24 Қараша 2024
2867 1 пікір 6 Қазан, 2021 сағат 14:10

Арон Атабек ауруханаға түсті

"Жөтел қысып, тынысы тарылған" Арон Атабекті бүгін жедел жәрдем Алматыдағы ауруханаға алып кетті. Бұл жөнінде оның жақындары мен белсенділер хабарлады.

Диссидент Арон Атабек бес күн бұрын Павлодар түрмесінен босап, Алматыға келгенде онымен алғаш болып кездескендердің бірі Айсұлу Әбубәкірованың (әлеуметтік желіде "Ася Асеткина" деген атпен белгілі) айтуынша, түрмеден жөтеліп келген Атабектің жөтелі бүгін үдей түскен. Жөтел тоқтамаған соң Алматыда қарындасының үйінде жатқан Атабекке жақындары жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер қандағы сатурациясын өлшеп, төмен екенін көріп, бірден ауруханаға алып кеткен.

Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нутушеваның Азаттыққа айтуынша, ақынның өкпесі тарылған, "жөтелуге әлі жоқ". Оның айтуынша, ағасының дерті Covid-ке ұқсамайды, бірақ "өкпесіне су жиналған сияқты". Жедел жәрдем дәрігерлері Атабектің жағдайы ауыр деп, оны оттегі аппаратына қосқан.

1 қазанда Павлодардың №2 соты Арон Атабек денсаулық жағдайына байланысты жазасының қалған бөлігін шартты түрде өтесін деген қаулы шығарған. Сол күні түнде оны жолаушы ұшағымен Алматыға жеткізіп, Арон Атабекті қарсы алуға әуежайға жиналған жұртқа көрсетпей, ұшақтан бірден үйіне апарған.

Арон Атабек 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталып, 15 жылдан астам уақытын түрмеде өткізді. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Түрмеде отырғанда ол биліктен өзін толық ақтауын талап етіп, шартты түрде бостандыққа шығу туралы өтініш жазу туралы ұсыныстан бірнеше рет бас тартқан.

Биыл ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жайлы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Еуропарламент депутаттары олардың арасында Арон Атабекті де атаған.

Ақын әрі диссидент Арон Атабектің туыстары 2 қазанда мәлімдеме жасап, онда өзін толық ақтауды талап еткен 68 жастағы тұтқынды ауруханадан әуежайға "алдап жеткізіп, Алматыға аттандыруға асық болған" билікті сынаған. Азаматтық қоғамнан ақынның бостандығын шектейтін үкімнің күшін жойып, көп жыл бойы түрмеде азап көріп, денсаулығы мүшкіл халге жеткен ақынды емдету үшін еш кедергісіз тезірек шетелге жіберуге жәрдем сұраған.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576