Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 10162 0 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 12:49

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА

 

 

Қазiргi қазақ журналистикасының жетпiс-сексен пайызын қазақ қыздары құрап отыр! Демек қазақ журналистикасының көшiн бастаған ер азаматтардың iсiн қазақ қыздары жалғап келедi деген сөз. Қоғамның үнi мен көзi һәм құлағына айналған бүгiнгi БАҚ-та қаракөз қыздарымыз қоғамдық мәселелерге үн қатып, өзiндiк ойын, өзiндiк көзқарасын айқын, әрi ашық бiлдiрiп келедi. Осы мәселеге қазақ журналистикасында өз қолтаңбалары бар ер азаматтардың көзқарасын бiлгiмiз келген едi.

- Бір кездері журналистика факультетінің деканы болған Тауман Амандосов ағамыз «қыздардан журналист шықпайды» деген пікірмен қыздардың журналистика мамандығын таңдауына қарсы болған екен. Бүгінгі қазақ журналистикасының көш басында көбіне қазақ қыздары жүр. Сіз қазақ қыздарының журналистикасына қалай баға берер едіңіз?

Ержұман СМАЙЫЛ,
публицист:

- Қыздар отбасын құру керек. Журналистикада жүрсе, командировкаға шығады, түрлі қиындықтар кездеседі. Соған байланыс­ты, Тауман аға қарсы болған шығар. Қазіргі қыздардың беталысы жаман емес. «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезде, көрші «Ленинская смена» газетінде көпшілігі қыз балалар жұмыс істейтін. Соларға қарап, қыздардан да журналист шықса болады екен ғой деп ойлайтын едік. Қазір қазақ журналистикасында қыздар көбейіп келеді. Бір кездері мектепте кілең ер мұғалімдер болған. Мұғалімдіктің бәрін кейін әйелдер алды. Бір кездері дәрігердің дені еркек болатын. Қазір бұл салада әйелдер көбейді. Сондықтан журналистика саласында да әйелдер көбейе берсе, оның ешқандай зияны жоқ. Менің оған еш қарсылығым да жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүргенімде, қыздарды жұмысқа көбірек алуға тырысатын едім.

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ,
жазушы:

- Рас, кезінде журналистика факуль­тетінің бір деканының «қыздардан журналистика шықпайды» дегенін өз аузынан естігенбіз. Ол кісі сабақ беріп отырған кездің өзінде: «Айналайындар, ертерек орындарыңды тауып алыңдар. Тіл-әдебиетке ауысып кетіңдер. Сендерден журналист шықпайды», - деп күліп қойып отыратын. Мен өз басым, алғашқы кезде сол кісінің сөзінде жан бар деп ойлайтын едім. Оның себебі, біз журналистикаға араласа бастаған 70-80-жылдардың ішінде, расында қыздардан суырылып алға шығып кереметтей танылған қыздар өте аз болды. Олардың қатарында Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева, Шәрбану Бейсенова сияқты санаулы қыздарымыз болды. Кешіріңіздер, қазақтың мақалы ғой, «Байтал шауып бәйге алмас деген», журналистика байтал шабатын бәйге емес деп ойлайтын едік. 90-жылдардан бастап, ел тәуелсіздік алғаннан кейін және журналистерге еркіндік берілгеннен соң, бұл пікірдің қате екеніне көзіміз жете бастады. Менің ойымша, жалпы, журналисті, қоғам қайраткерін, жазушыны адам емес, қоғам тудырады, қоғамдық жағдай тудырады. Себебі рух кімде болса, журналистика соның қолында! Кімнің рухы мықты болса, сол мықты журналист. Біз журналистикаға келген уақытта, бізге көп еркіндік берілген жоқ. Бізге өте мәдениетті сөйлеуге тура келді. Сұрақты да мәдениетті қойғызатын. Әрине, оның себебі, желкемізде жеті көз тұрды. Орталық партия комитеті қадағалап отырды. Сондықтан біз күшігімізден таланып қалған едік. Журналистердің тоқсан пайызы ер азаматтар болды. Жарты жасы Кеңестер одағында өткен адамдардың рухымыз сәл пәсеңдеу болғаны рас. Қазақ халқы қыз баланы еркін тәрбиелеп өсірген. Кім не десе, о десін, біздің Орта Азия халықтарының ішінде қазақтай қызына еркіндік берген, қазақтай қызын мәпелеп өсірген, қазақтай рухын баспай өсірген халық жоқ. Соның нәтижесін 90-жылдары қыздардан көрдік. Қыздардың рухы мықты. Ойындағысын ашып айтады, ойындағы сұрағын қояды. Журналистикаға ең керек қасиет те осы. Ер азаматтардың бойынан табылмаған бұл қасиет біздің қыздарымыздың бойынан табылды. Қазіргі уақытта, алысқа бармай-ақ қояйын, біздің «Түркістан» газетінің негізгі тірегі болып отырған, айналайын, менің қарындастарым! Мен оларға қай уақытта да өте үлкен құрметпен әрі сеніммен қараймын. Бұл - әбден өздерін танытқаннан кейін, менің оларды мойындауым. Мен мәселен өте сирек жазам. Ұзақ ойланам, ұзақ дайындалам. Оқығандарымның бәрін сарапқа салып отырып жазам. Ондай қимылмен қазіргі журналистика кереметтей көгеріп кетеді деп ойламаймын. Қазіргі журналистикада таңертең бір жерден сұхбат алсаң, кешкісін газетке беруің керек. Қыздардың бойынан мен осыны көрем. Сондықтан да рух кімде болса, журналистика соның қолында. Қазіргі біздің қыздарымыздың бойында рух бар! Айналайындардың рухы мықты болсын!

Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Алматы ақшамы» газетінің
Бас редакторы:
- Тауман аға көркем, ғажап адам еді. Бұл кісіден тәлім-тәрбие алдық. Ұстаздар көп қой өмірде. Ұстаздың ішінде ұстазы болады. Тауман аға сондай адам еді. Сол заманның көзімен, сол заманның ұстанымымен айтқан пікірі болуы керек деп ойлаймын. Мұсылман ғұрпында әйел затына қойылатын кейбір шектеу­лер бар. Сол тұрғыдан айтылған да шығар. Уақыт өте келе, ол пікір өзін-өзі ақтаған жоқ. Бірақ ұстаздың сол сөзінде де шындық болатын. Көп көргендіктен, көп оқығандықтан осылай айтқан болуы керек. Бүгінгі күннің көзқарасымен айтар болсақ, қазақ қыздарының қалам ұстаған қазақ жігіттерінен де озып кеткен жағдайы бар. Мұны біз күнделікті өмірде көріп отырмыз. Басқаны айтпағанның өзінде, бір ғана «Түркістан» газетінің тілшілерін айтуға болады. Журналистика жынысты таңдамайды. Ол Құдай берген дарынының арқасында жүзеге асатын дүние. «Қыз баладан журналист шықпайды, ер баладан шығады» деу қисынсыз нәрсе. Бүгінде қыз балалардың өзінше бір шоғыры қалыптасты. Оны мойындауымыз керек.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ,
«Нұр Медиа»
баспа үйінің директоры,
«Дала мен Қала»
газетінің Бас редакторы:

- Қазақ журналистикасының көш басында көбінесе қыздар жүр деген пікірмен келісу қиындау болатын шығар. Жалпы, мұндай феминистік пиғылдағы сұрақты қоймас бұрын, көп ойлану керек пе еді?.. Тауман ақсақал көреген екен, ол тек журналистикаға қыздардың көптеп келуінен қорықпаған екен, жалпы ұлттың азып-тозуынан сақтандырған екен. Әйел - ұлттың ұйытқысы, отбасы тірегі, болашақ тәрбиешісі. Ал қызмет қуған әйел осы қасиеттерінен біртіндеп алыстайтынын уақыт өзі дәлелдеп отырған жоқ па?! Міне, ұстазымыз осыны меңзеген болар. Әйтпесе, бес-алты сөздің басын құрап мақала жазу мен опа-далаптанып алып, жылтыр көйлекпен экранға шыға салу жыныс талғамайды... Рас, жалпы ұлт талантты болғасын, оның ұлы да, қызы да өнерлі болуы заңды. Ендеше ұл да, қыз да ұлтқа еткен қызметі үшін баға дәметпеуі керек. Ал журналистикадағы әріптес апа-қарындастарымды мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Нұртөре Жүсіп,
«Айқын» газетінің Бас редакторы:
- Тауман Амандосов ағамыз қазақ қыздарынан журналист шықпайды деген жоқ. Ол кісі бұл мамандықтың қыз балаларға ауыр тиетіндігін айтса керек. Қыз - болашақ ана. Жалпы, журналистика маманы үнемі ақпарат жинау үшін жолсапарда жүреді. Міне, Тауман аға осы жағына алаңдады. Ал бірақ қазақ журналистикасында қазақ қыздарының алатын орны ерекше. Қазір ақпарат құралдарының ішінде телеарнаны басқарып отырғанның көбі - қазақ қыздары. «Қазақстан» ұлттық телеарнасына Нұржан Мұхамеджанова, «Астана» телеарнасына Ләззат Танысбай, «7-арнаға» Бибігүл Жексенбай, «Еларнаға» Айгүл Мүкей, «СТВ» арнасына Айгүл Ешмұхамедова басшылық етеді. Сондықтан журналистикада қыздардың қатары көбейді және қарқын алып келеді. Одан журналистика қыз-қырқын журналистика болып кетті деп қорықпау керек. Өткір жазатын ер азаматтар да пайда болатын шығар деп ойлаймын.

Жүсіпбек Қорғасбек,
«Жас өркен» ЖШС-нің президенті:

- Дәл осы мәселе ақпарат құралының жетекшісі ретінде көптен бері мазалап жүр. Кезінде Кеңес заманында «мектептерде қыз-келіншек мұғалімдер көбейіп кетті, балалардың бәрі қызмінезді болып барады» деген мәселе көтерілген. Тіпті одақтық баспасөзде айтылды. Бірақ айтылған сөз сол күйінде қалды. Одан кейін мектептерде ер азаматтардың көбейіп кеткенін көрген жоқпыз. Журналистика факультетін бітіргеннен кейін бұрынғы «Лениншіл жас» газетіне тілші боп орналастым. Сол кезде құрылысшылармен бірге «Горизонт» деген жатақханада жаттым. Өңкей саусылдап еркек жүреміз. Біздің тәрбиешіміз: «Жігіттер темекі шегіп, арақ ішіп, төбелеске үйір болды. «1 май» тігін фабрикасында қыздар жұмыс істейді. Бүйтсеңіздер, сіздер қалай танысып, қалай отбасы боласыздар?» деп тігін фабрикасына кездесуге баратындығымызды айтты. Бардық. Шынында да, кілең қаракөз қыздар. Сөйтіп, белгілі бір тақырыпты белгілеп, пікірталас ұйымдастыратын едік. Содан кейін біз қыздарды шақырдық. Бәлкім, содан соң бірлі-жарым қыз-жігіттер танысып, үйленген шығар. Әлі есімде, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданынан келген Мұса атты жігіт құрылыста істеді. Оның тіпті оқуға да түсетін ойы жоқ екен. Бар болғаны «Шашы ұзын қыз іздеп жүрмін» деп жауап берді. «Шашы ұзынның» ішіне бәрі кіреді ғой. Бірақ ол өз ойындағы қызды таппай, бір айдан кейін ауылына қайтып кетті.
Сол сияқты қазір журналистикада 80 пайыз қыздар істейді. Тіпті кейбір ұжымда 90 пайызға жетеді. Газет, журнал жаман шығып жатқан жоқ. Мақаланың ащысын да, тәттісін де, өтімдісін де, өткірін де сол қыздар жазып жатыр. Әсіресе, соңғы он шақты жылдың көлемінде қыздардың керемет толқыны пайда болды. Қоғами ойдың алдында пікірталастырып жүрген, мақалаларымен қозғау салып жүрген де - қыздар. Тіпті қазақтілді журналистер қыздарды орыстілділердің өздері мойындағанын көріп таңқалдым. Оларды Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев та өте жақсы біледі. Себебі қыздар тыным таппайды. Оңы мен солына қарамай, сынап тастайды. Біреуден пікір алып, екіншісін сұхбатқа шақырады. Сосын олардың бір жерде жарияланған пікіріне сол заматта пікір білдіре қояды. Осының бәрі қыздарға қоғамның назарын аударды. Ал журналистикадағы ер азаматтарда ондай ілкімділік мүлдем жоқ деуге болады. Себебі тапсырма беріп, қайта-қайта телефон шалып жатсаң да, жаздыра алмайсыз. Неге екені белгісіз, журналистикадағы ер азаматтар мимырт. Қыздар болашақ ана, жалпы, әйел заты болғаннан кейін бе, қоғамдағы ащы-тұщы жағдайдың бәріне бірінші боп үн қатады. Журналистикадағы қыздардың тілі өте өтімді, тартымды. Бір айтса дөп айтады, нақты айтады. Бірақ оған қарап, мектептердегідей газет-журналдарымыз қызмінезді болып кетті деудің қажеті жоқ. Өйткені Желтоқсан көтерілісінің «Желтоқсан» болғаны қыздардың қайратының арқасы! Себебі, екі күн бойы сол топтың ішінде болып, қыздардың кетіп бара жатқан жігіттерге: «Жігіттер, намыстарың қайда? Біз қалып бара жатырмыз ғой...» деп айқайлағанын естідім, көрдім. Сол алаңдаған жанашыр дауыс әлі күнге газет-журналдардан естіліп тұратын сияқты. Қыздардың сол даусы журналистикадан естіліп отырады. Орыстілді басылымдарда ондай жоқ. Оларды ашсаңыз, жаман суреттерді жарқыратып, адам ұялатын тақырыптарды көтеріп жатады. Ал біздің қыздар негізінен әлеумет, қоғам, ұлт мәселелерін қозғайды. Мұның бәрі қоғамға анық, ащырақ естіліп, қоғам оған құлақ түріп, назар аударатын секілді. Бір алаңдайтыным, біздің көптеген журналист қыздырымыз бойдақ болып қалады. Олар отбасы құрып, бала сүю керек қой. Сондай журналистикада өзін-өзі қамшылап жүрген қыздар ұрпақ өсірсе, жақсы бала тәрбиелер еді. Міне, осы мәселе мені ғана емес, басқаларды да алаңдатады. Мәселен «Ақ желкен» журналын үш қыз шығарса, «Түркістанды» да кілең қыздар жарқыратып жатыр. Бүкіл БАҚ-ты айналысқа шығарып жатқан - қыздар. Қыздардан зиян шегіп жатқан жоқпыз, бірақ қыздарға қарыздар сияқтымыз. Қазақ журналистикасының дамуына қыздардың қосқан үлесі көп.

Серік Жанболат,
«Алаш айнасы» газетінің
Бас редакторы:

- Тауман ағаның бұл пікірін қыздарға қарсылық деп емес, Тұрсынбек Кәкішевтің тілімен айтсақ, «қыздардың алған оқу-білімі көбіне жаялықпен жуылып кетеді» деген мағынада қабылдайтын едік. Ол кездері журналистикада қаншама қыздар оқу бітіргенімен, кейін ақырындап, тіршіліктің қам-қарекетімен, өмірдің ағымымен кетіп қалатын еді. Басқа салаға кетеді. Бала-шағаның қамымен кетіп қалғандар да болды. Осы тұрғыдан айтылған пікір болар деп ойлаймын. Әйтпесе, журналистикада еш уақытта адамдарды жынысқа бөлуге болмайды. Бүгінгі журналистиканың өзі дәлелдеп отыр мұны. «Жас Алаш» газеті дүрілдеп тұрған шағында қандай талантты қыздар жұмыс істеді. «Айқын» газетінде де, «Түркістан» газетінде де дарынды қыздар жұмыс атқарады. Қазақ журналистикасында қыздардың ролі төмен деп айтуға келіспес едім, сондықтан. Әрине, қыз баланың тауқыметі көп екені рас. Отбасының берекесі екені рас. Олардың ең үлкен міндеті - ана болу екені рас. Әрі ол қыздардың иығында журналистиканың ауыр жүгі де тұр. Қыздарымыз одан да кенде болып отырған жоқ. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы қазақ қыздарының журналистикадағы орнын ешкім жоққа шығара алмайды.

Ғалымжан МЕЛДЕШ,
«Қазақ радиосы»
директорының орынбасары:

- Тауман ағадан дәріс алған шәкірттердің бірімін. Бізде пайыздық көрсеткіш, шамамен алпыс та қырық болатын. Тауман ағаның тұсында қыздарымыздан бір топ мықты журналистер шықты. Жұмагүл Солтиева, Әлия Бөпежанова, Шәрбану Бейсенова сияқты апаларымыз болды. Баяғыда Максим Горькийге ұстазы: «Сенен жазушы шықпайды» деп айтқан екен. Себебі оның мықты жазушы болатынын біле тұра, қамшылау үшін әдейі айтқан. Тауман Амандосовтың шәкірті ретінде, менің де ойым осы. Тауман аға қыздарды әдейі қайрап айтып отырды. Сондықтан, Құдайға шүкір, қазір қазақ қыздарының көбінің қаламы төселген. Баспасөзде болсын, электронды ақпарат құралдары болсын, қыздарымыз ер азаматтардан қалыспай, қоғамдық мәселелерге үн қатып келеді.

Дайындаған
Гүлзина БЕКТАСОВА,
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351