Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2278 1 пікір 20 Қазан, 2021 сағат 15:39

Азат Перуашев: Ұлттық қордың шығыны көбейіп, түсімі азайған

Бүгін Мәжіліс 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылап, мақұлдады. Аталған жиында «Ақ жол» фракциясының жетекшісі, депутат Азат Перуашев бірқатар маңызды ұсыныс айтып, пікір білдірген. Біз депутат Перуашевтің пікірін оқырман талқысына ұсынбақпыз...

Ұлттық қордан алынған қаржыны тиімді жұмсау керек

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Ұлттық қордан алынатын трансферттер мәселесін көтерді.

– Ұсынылған үш жылдық бюджетте Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер сомасын кезең-кезеңімен төмендету қарастырылған (2 трлн 950 млрд теңгеден 2 трлн 400 млрд теңгеге дейін). Алайда, бюджеттің жыл сайынғы нақтылануы кезінде бұл сома екі есеге дерлік ұлғаяды (мәселен, 2021 жылға нысаналы трансферт мөлшері 850 млрд. теңгеге ұлғайтылды, дегенмен бастапқыда бюджетте 1 трлн. теңге бекітілген). Бұл ретте, Есеп комитетінің тексеріс нәтижелері бойынша 1 трлн теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды, - деді Перуашев.

Депутаттың сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қор шығыстарының көлемі түсімдерден асып түскен.

–2022 жылы Ұлттық қордың жинақтары ЖІӨ-нің 30%-на, төмендемейтін шекті мөлшеріне жақындайды, ал 2023-24 жылдары олар осы шектен де асып кетуі мүмкін деп болжануда, - деген «Ақ жол» партиясының төрағасы Ұлттық қордан алынатын қаржының тиімді жұмсалып, қатаң бақылануы керектігін айтты.

Мемлекеттік қарыз шекті мөлшерден асқан

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік қарыз мәселесін де көтерген.

– Мемлекеттік қарыз 2024 жылға қарай бюджет саясаты тұжырымдамасында рұқсат етілген ЖІӨ-нің 27%-ның орнына шамамен 32% мөлшерінде болады күтіледі, - деді депутат.

Оның айтуынша, 2026 жылға қарай үкіметтің қарызы 2020 жылға қарағанда 2 есе көп, яғни, 32 трлн. теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

– Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық қордың қаражатын басқаруды реттейтін нормативтік құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттік қарызды тарту және өтеу тәртібін қайта қарау қажет деп санайды, - деді А. Перуашев.

Бюджет қаржысы «кеңес алуға» емес, өндірісті қолдауға жұмсалу керек

Талқылау барысында Азат Перуашев отандық бизнесті қолдау мәселесін көтерген. Оның айтуынша, аталмыш бюджет жобасы бизнесті қолдауға арналған қаражаттың едәуір төмендеуі қарастырылған және кейбір баптар бойынша заңды сұрақтар туындайды.

– Мысалы, Сауда министрлігіне экспортты ілгерілетуге бөлінген 742 млн теңгенің 223 млн теңгесін «кеңес алу» қызметіне жұмсау жоспарлануда. Ұлттық экономика министрлігі МЖӘ (ГЧП) жобаларын консультациялық сүйемелдеуге және ТЭН-ге 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр, бұл ретте мұндай 6 жоба бар. Тағы 1,5 млрд-ты осы министрлік 10 зерттеу жұмысы үшін төлегісі келеді, - деді депутат.

Азат Перуашев өз сөзінде Үкіметтен шығыстардың осы баптарын қайта қарауды және оларды өндіріске неғұрлым өзекті мақсаттар мен практикалық көмекке қайта бөлуді талап етті.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618