Интернет туралы заң ақпарат кеңістігін шын мәнінде тарылта ма?
Таяуда Мәжілісте ақпараттық-коммуникациялық желілер туралы заң жобасы талқыланып, депутаттар бірауыздан шекара дегенді білмейтін ғаламторды заңмен шектеу керек деген шешімге келді. Алайда аталған заң жобасының кемшіліктерін айтып, қарсылық білдірушілер де жоқ емес. Заңды жақтаушылар жас ұрпақты теріс жолға итермелейтін сайттардағы, блогтардағы заңсыздықпен күресу үшін заң қажет десе, енді біреулер интернетті заңға бағындыру адамның жеке басының құқығын шектейді, мемлекеттің ақпарат аясын тарылтады деген уәж айтуда. Жергілікті журналистер, сондай-ақ кейбір халықаралық ұйым өкілдері аталмыш заңның қабылдануына наразылық білдірген болатын. Заңды қажетсіз деп тапқандардың пікірінше, интернет туралы заң Қазақстанның халықаралық имиджіне, беделіне нұқсан келтіреді. Сонымен, қоғамның осындай қарсылығына қарамастан қабылданып отырған заң тиімді ме, тиімсіз бе?
Тамара Калеева, «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының төрайымы:
Иә
Таяуда Мәжілісте ақпараттық-коммуникациялық желілер туралы заң жобасы талқыланып, депутаттар бірауыздан шекара дегенді білмейтін ғаламторды заңмен шектеу керек деген шешімге келді. Алайда аталған заң жобасының кемшіліктерін айтып, қарсылық білдірушілер де жоқ емес. Заңды жақтаушылар жас ұрпақты теріс жолға итермелейтін сайттардағы, блогтардағы заңсыздықпен күресу үшін заң қажет десе, енді біреулер интернетті заңға бағындыру адамның жеке басының құқығын шектейді, мемлекеттің ақпарат аясын тарылтады деген уәж айтуда. Жергілікті журналистер, сондай-ақ кейбір халықаралық ұйым өкілдері аталмыш заңның қабылдануына наразылық білдірген болатын. Заңды қажетсіз деп тапқандардың пікірінше, интернет туралы заң Қазақстанның халықаралық имиджіне, беделіне нұқсан келтіреді. Сонымен, қоғамның осындай қарсылығына қарамастан қабылданып отырған заң тиімді ме, тиімсіз бе?
Тамара Калеева, «Әділ сөз» қоғамдық ұйымының төрайымы:
Иә
– Қазіргі біздің Парламент қабылдаған интернет туралы заңға сәйкес, интернеттегі форум, чат, тіпті блогтар да БАҚ-қа теңестіріледі. Ал әлем елдерінің басым бөлігі интернетті бұқаралық ақпарат құралы ретінде қарастырмайды. Бұл тұста елімізде ғаламтор желісі БАҚ ретінде танылса, онда отандық БАҚ-тарға қатысты әкімшілік жауапкершілік пен қылмыстық жауаптылық чат, блог, форумдарға да таралады. Бұл дұрыс емес. Бәрімізге мәлім, біздің еліміздегі БАҚ-тың өзіндік міндеттері мен белгілі бір шектеулері бар. Сонда азаматтардың өзара пікірлесетін жеке блогы да бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріле ме? Қазіргі кезде біздің өзімізге қажетті ақпаратты ала алатын, қалаған сайтымызға кіретін мүмкіндігіміз бар. Ал егер интернетті заңмен шектейтін болсақ, онда қандай да бір сайттағы заңға сәйкес келіңкіремейтін ақпарат үшін сайтты пайдалана алмаймыз.
Өйткені қай сайтта артық сөз жазылып кетті деп бәрін бірдей қадағалап отыру мүмкін емес қой, сондықтан шетелдік сайттардың көбін жабуға тура келеді. Бұл дегеніміз адамның ақпарат алу құқығын шектейді. Сондай-ақ бұл Ата заңымызда көрсетілген адам құқығына да қайшы келеді. Егер интернет туралы заң қабылданатын болса, бұл тек сайттарды ғана емес, жалпы, ақпараттық кеңістікті тарылтып, сөз бостандығына нұқсан келтіреді. Ал егер сөз бостандығы болмаса, онда мемлекеттің сойылын ғана соғатын газеттерден басқа басылымның бәрі жабылатын шығар. Енді-енді ақпараттық сайттардан гөрі жекелеген блогтарда еркін ойлар айтылып, сөз бостандығы қалыпқа келе бастағанда, мұны да заңмен шектегеніміз қалай? Бәрібір мұндай заң жекелеген блог иелерін шектегенімен, ақпараттық қауіпсіздікке жауап бере алмайды. Өйткені мұнда модерацияға қойылатын талаптар мен құқықтар айқындалмаған. Егер біз заңмен тура БАҚ-ты қадағалағандай интернетті бақыласақ, онда цензура болмай ма? Олай болса, біз демократиялы мемлекет бола алмаймыз.
Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Жоқ
– Интернет деген – ақпараттық қоғамның негізгі субстанциясы. Қазіргі кезде біз, бүкіл жер бетіндегі халықтар, ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттық қоғамнан алатынымыз – білім және ақпарат. Ақпараттық қоғамда шекара жоқ. Демек, шекара болмаса, ақпарат жүйесін шектеп, реттеу керек. Шектеу екі түрлі жолмен жүргізілуі тиіс. Бірінші – құқықтық негізде. Екінші – адамшылық қағидалары негізінде. Алғашқысында заң және заңдар жүйесі қызмет етеді. Кейінгісінде қоғамдық пікір назарға алынады. Осы екеуінсіз интернетті жалпылама қабылдауға болмайды. Барлық өркениетті елдерде интернет жүйесіне құқықтық негізде шектеу бар. Сондықтан да біз де Қазақстанда осындай заң қабылдаудамыз.
Бұл заң адамгершілікті адами негізде насихаттайтын интернет ресурстарына ешқандай қолайсыздық туғызбайды, ақпарат аясын тарылтпайды. Аталған заң интернетті өзінің жеке мүддесіне, жекелеген араздастыққа немесе бір саяси топтың мүддесіне қарай қолданушыны құқықтық негізде шектеп, жауапқа тартады. Адамның құқығы ешқашан бұзылмауы керек. Осы заң жобасы ұсынылғаннан бері басылым беттерінде мәселенің мәнін айқындап алмаған кейбір адамдар дау-дамай туғызуда. Заң жобасына деген қарсылықтар екі түрлі пиғылда болуы мүмкін. Біріншісі – ақпараттық қоғамның мәнін түсінбеуде және оның мүмкіндігінің пайдалы және зиянды жағын ескермеуде. Екіншісі – осының бәрін біле тұра, әдейі дау туғызу мақсатындағы әрекеттер. Кезінде Сократ «білім ізгілікті болуы керек, ізгілікке қарсы жасалған білім адамзатқа қауіпті» деген болатын. Біз адамның, жас ұрпақтың болашағын, еліміздің ұлттық жүйесін, қазынасын сақтау мақсатында интернет жүйесі туралы заң қабылдап отырмыз.
Бейтарап пікір
Серікқазы Кәкібаланов, «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Интернет сайттарының ішінде не түрлі адамзатқа қауіпті ақпараттар болады. Мысалы, өзін-өзі өлтірушілер клубы немесе граната секілді жарылғыш заттарды жасау технологиясы деген секілді. Сондықтан заң бола ма, қаулы бола ма, әйтеуір, интернетке бір реттеуші құрал керек. Ал бірақ мұндай шектеу әлем тәжірибелеріне сүйенген, дұрыс дүние болуы шарт. Интернетті заңмен реттейміз деп, блог, чат дегендердің бәрін БАҚ есебіне қосу дұрыс емес. Мемлекеттегі ақпарат кеңістігінің тарылу, тарылмауы заңның сауаттылығына байланысты. Бұл мәселеге өте сезімталдықпен, байыппен қараған жөн, біржақты баға беру өте қиын. Сондықтан бұл мәселенің шешімі – уақыттың еншісінде.
Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА
«Алаш айнасы» газеті, 11.08.2009