Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 6627 46 пікір 25 Қараша, 2021 сағат 11:36

Тоқаев және Авгий атқорасы

Елбасы «Нұр Отан» партиясындағы төрағалығын президент Тоқаевқа тапсырды. Осы оқиғаның астарында не жатыр?

Біріншіден, Назарбаевтың Тоқаевқа деген сенімі жатыр. Екі жарым жыл ішінде Президент Елбасымен екеуара жасалған келісімді қатаң сақтап, берілген уәделері мен тапсырылған шаруаларын мүлтіксіз орындаса керек. Әйтпесе, Елбасы мұндай жауапты қадамға бармас еді.

Кешеден бастап, Тоқаев, сөзсіз, саяси және бюрократиялық жағынан күшейді, өз мәртебесін нығайтты. Біздің құбыжық жүйеде партия секілді құрылымның ролі зор екені белгілі: Президенттікке кандидатты да сол ұсынады, Парламент те тек қана партиялық тізіммен сайланады.

Барлық деңгейдегі бастық пен ықпалды бизнесмендердің көбі – осы партияның мүшесі. Яғни, ендігі жерде Президенттің дауысы қатқылдау шығып, кез келген әкім не министрді партиялық тәртіп тұрғысынан жазалап, орнынан алып тастай алады.

Бұған дейін оның саяси болашағына күмәнмен қараған истэблишмент өкілдері өз ойынан айнып, райынан қайтып, «қасым-жомартшылдар» қатарына қосылуға асығатын болар.

Екіншіден, «Нұр Отан» аты дардай болғанмен, абырой мен беделден жұрдай,  тек қана бюрократтық әдіс-тәсілмен басқаларды басқарып келе жатқан құбыжық құрылым. Төменнен пікір қалыптастырып, төменнен басшылық сайлайтын, басқа партиялармен бәсекеге түсіп, саяси күресте шыныққан классикалық саяси ұйым емес. Оның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын миллиондаған қатардағы мүшесі емес, орталықта – бір адам, ал ауыл-аймақта – әкімдер анықтайды. Яғни, бұл жанды ұйым емес. Мәселен, қазір оның қатарынан Президент шықсыншы, оның қоғамдағы ықпалы сол сәтте нөл боп қалады.

Ол партияның қатарына оның идеялық жағынан жан-тәнімен беріліп, соған өмір бойы адал боламын деп жатқандар да шамалы. Көп нәрсе не саяси конъюнктураға («қызметтік карьера жасағың келсе, осы партияға мүше бол»), не жоғарыдан түскен бұйрыққа (ол үрдіс, әсіресе, бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне қатысты) байланысты.

Қоғам оянып келеді. «Нұр Отан» бұрынғыдай пәрмендік-әкімшілік жолмен алдағы сайлауларда жеңіске жете алмайды. Ендігі сайлауларда халық ерекше белсенді болмақ.

Сондықтан да «Тоқаев осы партияны реформалай ала ма?» деген заңды сауал туындайды. Мен ол сұраққа «партияда атам заманнан бері отырған бюрократтар мен ретроградтар Тоқаевқа сол партияны реформалауға мүмкіндік бере ме?» деген сауалды қосар едім.

Яғни, көп нәрсе Тоқаевтың жеке саяси ерік-жігеріне байланысты. Қатып-семіп қалған партияның отыз жыл бойына тазаланбаған Авгий атқорасын тазалау үшін аңыздағы Геракл секілді күш-қуат, айла-амал және мінез керек!

Өйткені елдегі және партиядағы жағдайға енді ол өзі жауап береді. Ал жағдай болса, күннен күнге қиындап барады.

Үшіншіден, партия басшылығынан кетсе де, Назарбаев ел басшылығынан кеткен жоқ. Кейде бейресми ықпал ресми мәртебеден тиімдірек болады. Билік жүйесі әлде де Елбасының ашса алақанында, жұмса, жұдырығында. Мәселе тіпті ол басқаратын Кауіпсіздік кеңесінде де емес (Президент болса, оның қатардағы мүшесі ғана). Мәселе мынада: отыз жыл бойына ел басқарып, бүгінгі экономика, саясаттағы қаншама жұртқа септігі тиген оның кландар мен топтардың арасындағы беделін ешкім де жоққа шығара алмайды. Біреу алғысын айтар, ал басқа біреудің арты қуыс болуы мүмкін. Сондықтан да Назарбаев қазіргі сәтте тұтас бір институт, әлі де өзімен санасуды талап ететін құбылыс ретінде биліктегі ең шешуші фактор боп тұр.

Тоқаевта ондай ресурс әлі қалыптаса қойған жоқ.

Сондықтан «Қазақстанда осымен транзит тәмам» деушілер тым асығыс түйін жасап жатқандай. Сол транзит енді ғана басталған сыңайлы.

Және де «үшінші Президенттікке билік тарапынан кандидат кім болатынын тек қана Назарбаев шешеді» дейтіндер де қателеседі.

Саясаттануда «ақсақ үйрек» («хромая утка») деген ұғым бар. Өз қызметінен таяуда кететін басшыны солай айтады. Қанша билік қолында болғанымен Елбасы да ерте ме, кеш пе, кетеді.

Оның басты мақсаты – өзінен кейін өзінің ісін жалғастырып қана қоймай, өз жақындарының қапиталы мен мүлкін, қала берді, саяси ықпалын сақтап қала алатындай билік конфигурациясын тұрғызу. Ал ол үшін өзі дүниеге келтіріп, өз қолымен тұрғызған жүйемен де санасуы керек.

Ол жүйе бір ғана Президенттен тұрмайды.

Оның іргетасы – кландық, олигархиялық, бір-бірін атуға оқ таба алмай жүрген бәсекелес топтар. Ол кландардың әрқайсысының миллиардтаған қаржысы, зауыт-фабрикалары, банктері, қерек десеңіз, қоғамдық үйымдары, БАҚ жүйесі, шенділер армиясының қатарында өз генералдары мен солдаттары бар. Бес қаруы сай тұтас бір армия! Тақ үшін соғысқа дайын!

Меніңше, келесі Президент сайлауына билік атынан кім түседі деген сауалға жауап іздегенде Назарбаевтың осы фактормен де санасуына тура келеді.

Әміржан Қосан

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592