Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8075 34 пікір 25 Желтоқсан, 2021 сағат 00:52

Министрді көшірген Кремльдің текпіні, Ақорданың екпіні...

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ғимарат ауыстырып жатыр. Астананың оң жағалауындағы дәудей ғимаратты босатып беріп, Министрліклер үйіне қоныс теппек. Бұл көштің құны – 3,5 миллиард теңге екен. Қаражатты Үкімет бөліпті. Мұны министр Ербол Қарашөкеевтің өзі айтты.

«Барлық министрліктер сол жағалауда. барлығы Министрліктер үйінің ғимаратында орналасқан. Өкінішке орай, осыған дейін біздің ол жаққа көшуге мүмкіндігіміз болмады. Қаражат іздедік. Үкіметке рахмет. Біз Министрліктер үйінің үшінші кіреберісіне көшеміз. Әрине, бізге қаланың басқа ауданында да отыруға болар еді. Бірақ, бізге барлық министрліктер отырған жерде жұмыс істеген жөн деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысына да оңтайлы әсер етеді», – деді министр.

Биыл Қазақстанның Батысы мен Қызылорда облысы секілді бірқатар аймақтарда қатты қуаңшылық болып, мал қырылған алағай да бұлағай кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін тізгіндеген Ербол Қарашөкеев басқа шаруаны «ысырып қойып», министрліктің ғимаратын ауыстыруға бел шеше кіріскен екен. Министрдің өзі болса, 3,5 миллиард бюджет қаржысы жұмсалатын бұл көштің қуаңшылықтың зардаптарын шешу, жем-шөптің бағасын тұрақтандыру, ауыл шаруашылығының өзге де салалары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау т.б. секілді басқа бағдарламаларды жүзеге асыруға еш кедергісі болмайтынын айтып, ақтарылыпты.

Қара қыста Қарашөкеевті жылы орнынан қозғаған не күш дерсіз. Қарашөкеевтен қалған алып ғимарат Ресейлік университеттің филиалына берілмек. ҚР АШМ ғимараты Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне тарту етіліпті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың өзі мәлімдеген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 20 жылдық тойында айтқан.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ел үкіметі Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалына жалпы ауданы 13 мың шаршы метр болатын Ауыл шаруашылығы министрлігінің 15 қабатты кеңсесін беру туралы шешім қабылдады. Бұл бізге Ресейлік әріптестермен бірге басымдыққа ие мамандықтар бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау тізімін кеңейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сондықтан алдағы жаңа жылда сізді жағымды істер күтіп тұр», - депті Көшербаев.

Айта кетейік, күні кеше ғана Ресей президенті Владимир Путин 500-ге жуық журналисті жинап алып өткізген баспасөз жиынында Қазақстанды «қай жағынан алса да орыс тілді мемлекет» деп атап, орыс тілін оқытатын мектептер мен жоғарғы оқу орындарының артып келе жатқанын айтып, Қазақстан басшылығына алғыс білдірген еді.

Ал жаңағы «бұйрық қатты, жан тәттіге» салып, табылмай тұрған ақшасы ылдым-жылдым табыла кетіп, едел-жедел көштің қамына кіріскен министр Қарашөкеевке қазақ шаруаларының қабағы қатулы екені тағы бар. Қуаңшылық қысты. Мал қырылды. Жем-шөптің жетіспеушілігі және шешілген жоқ. Құрғақ жаздан кейінгі күрделі жағдай әлі де жақсармай тұр. Осыған дейін, Маңғыстау облысының фермерлері Ербол Қарашөкеевтен отставкаға кетуді және кәсіби басшыға орын беруді талап еткен болатын.

Сонымен, Қарашөкеевті көшірген - Ақорданың екпіні, Кремльдің текпіні болып тұр...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354