Биліктің ең басты кемшілігі - халықтан алшақтығы
Менше, біздің биліктің ең басты кемшілігі және ең үлкен қаталығы - халықтан алшақтығы. Өз халқынан. Өз сайлаушысынан. Өз азаматынан. Билік жағы өз алдына бір бөлек әлем де, бұқара халық жағы өзінше тағы бір бөлек әлем сияқты болып көрінеді маған. Құдды бір Қытай қамалы орнағандай, екеуін бір біріне жолатпайды, жеткізбейді. Билік жоғарыдан қарайтын сияқты, алыстан қарайтын сияқты..
Айналайын билік, өзің де осы халықтың ішінен шықтың ғой, несіне аулақтана бересің соншалықты?!? Шық, бар халықтың ішіне кір, үлкен көрсең қол қусырып сәлем бер, кіші көрсең баурыңа бас, маңдайынан иіске! Кедей жарлының есігін қақ, үйіне кір, бауырым де, қал жағдайын сұра! Биліктің әр деңгейіндегі уәкілі осыны істесе, халықтан қашпаса, халықтың тілегіне назар аударса, көңіл бөлсе, одан кімге қандай зиян, соны түсіндіріп беріңіздерші маған?!? Әлде бұл Совет билігінің кезіндегі аппараттық дағдысы ма? Оны аластап, халықпен ұдайы тікелей қатынастың осызаманғы формаларын енгізу керек қой ушықтыра бермей..
Кемедегінің жаны бір, бәріміз осы елдің азаматымыз, бірге өмір сүріп жатырмыз жан бағып, еңбек етіп. Бір дененің ағзалары сияқтымыз, бір жері ауырса дененің бәрі содан зардап шегетіндей. Бір бүтіннің бөлшектері сияқтымыз, сондықтан еліміздің бір бұрышында болып жатқан уақиғаларға немқұрайдылықпен қарай алмаймыз. Тәуелсіздік жылдары халық жадынан өшпестей орын алған Жаңаөзен, Шаңырақ сияқты трагедиялық уақиғалар қайталанбаса екен деп тілейміз.
Әрине, ең үлкен жауапкершілік биліктің мойнында, өйткені атқарушы билік соның қолында, экономика, ішкі саясат, әлеуметтік жағдай, еңбек шарты, бағаны бақылау тб бәрі биліктің қолында ғой. Сондықтан да билік парасатты болуы ләзім, халықтың мұң мұқтажын дер кезінде біліп, ескеріп, дұрыс шара қолдануы ләзім. Ол үшін билік ең бірінші халықпен етене жақын қатынаста болу керек, тікелей диалогта болуы шарт.
Ал ақкөңіл де кеңбейіл халықтың ішіне провокаторлар кіріп кетуі мүмкін, одан сақ болайық ағайындар! Ішкі жанжал туғызуды көздейтін пасық ойлы арандатушылардың халықтың адал талабына іріткі салуына жол бермеңдер зинһар! Бізге ең бастысы ішкі татулық керек, саяси тұрақтылық керек, өзара сыйластық пен түсіністік керек! Демократиялық институттарды тиімді қолдану арқалы барлық мәселені шешуге болады. Шешілмейтін мәселе жоқ, тек ниет болса болды, ниет түзу болса болды!
Мұртаза Жүнісұлы
Abai.kz