Ойран салды көшеде мың албасты
Тұман басты қаламды, тұман басты
(Бұл теңеуді айтып ед кім алғашқы?).
Осы күні Күн менен Түн алмасты,
Ойран салды көшеде мың албасты.
Мәңгүрттермен мародер ұрандасты,
Шыны керек, шегінен шыдам да асты.
Не болғанын әлі де үға алмадым:
Тұман басты миымды, тұман басты!
Қайғы менен қуаныш – құрамдас-ты:
Мезгілінде мін менен сын алмасты:
Жаңаөзен жайттарын жайып салған
Жауап берер бұл билік сыңар басты!
Бөгде білім бұзыққа бұрар басты,
Құдай сөзін ұғынбай, Құранды ашты:
Күн де шығып, қаладан тұман қашты,
Билік, сенің күнәң мен кінәңді ашты!
Мың қазағым алаңға шыққан кезде
Азат ойлы бір қазақ тұра алмас-ты!
Тұман басты қаламды, тұман басты,
Осы сауал санамда тұрар басты:
Сенімдейін шегімнен күмән де асты:
Сезім менен түйсігім мін алмасты.
Көше кезіп жүргендей бір албасты...
Әміржан Қосан
Abai.kz