Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5347 34 пікір 25 Қаңтар, 2022 сағат 14:23

Тұрғымбаев Геринг болғысы келе ме?

Герман Геринг деген дәуді білесіздер. Германияның Рейхстагын басқарған. Атақ-лауазымдары мен мансап-міндеттері бір төбе. Рейхминистр, рейхсмаршал, генерал, обергруппенфюрер т.б. Нацистік Германияның әскери авиациясын құрып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1939-1945 жылдары) бастан-аяқ Германияның әуе-қорғаныс күштерін басқарған. Гитлерден кейінгі ең ықпалды екінші адам деп саналған. Гитлердің 1941 жылдың 29 маусымындағы арнайы жарлығы (декреті) бойынша, ресми түрде фюрердің мұрагері, орынбасары. Гитлердің рұқсат-мақұлдауынсыз-ақ, жеке-дара бұйрық беру құқына ие болған. Соғыстағы неміс әуе әскерінің сәтсіздігінен соң, Гитлердің оған деген көңілі бұзылып, Герингті өзінің мұрагерлігінен алып тастаған. 1945 жылы сәуірде арнайы бұйрық шығарып, барлық атақ-мансаптарынан да айырған.

Ол Нюрнберг трибуналында басты әскери қылмыскер ретінде айыпталып, өлім жазасына кесілген. Геринг бұл жазамен келіспей, өзіне тағылған өкімнің орындалуынан 2-3 сағат бұрын өз-өзіне қол жұмсаған (1946 жылы). Әлем жұрты «нөмірі екінші «фашист», «Гитлердің көлеңкесі» деп атаған Геринг туралы көп айтуға болады. Сол Герингтің: «Мен «ойлау еркіндігі» деген сөзді естіген сәтте-ақ, өзімнің тапаншамды (Браунингімді) қолға аламын», - деген сөзі бар. Оны әйгілі жазушы Альбер Камю өзінің «Ойлау құқығын қорғау» атты мақаласында жазады. «Менде ұят жоқ! Менің ұятым – Адольф Гитлер!», - деген Герман Герингті неге сөз етті дейсіз ғой...

«Қаңтар оқиғасы»

Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген «қаңтар қасіреті» ешкімді бей-жай қалдырмады. Бізді қойып, әлем жұрты әңгіме етті. Алыс-жақын шетел лидерлері арнайы мәлімдемелер жасап, Еуропарламент қарар қабылдады. Тіпті, мұхиттың арғы бетінен, Ақ үйден арнайы сәлем айтылып, Қазақстандағы қанды қақтығысқа қатысты алаңдаушылық білдірілді. Осыдан соң, елішілік саясатта азды-кем ауыс-түйістер жасала бастады.

Басы бейбіт наразылықтармен басталып, аяғы қанды қақтығысқа, жаппай тәртіпсіздік пен «төңкеріске» ұласқан «қаңтар оқиғасына» кінәлі деген бірнеше лауазымды тұлға тұтқындалды. Солардың ішіндегі ең дәуі – ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов. Оған «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды», деген секілді бірнеше айып тағылды.

«Қаңтар оқиғасы», әрине, бейбіт наразылықтармен басталды. Жаңаөзен халқы газ бағасын негізсіз көтерген билік шешіміне наразылық айтып, алаңғы шықты. Үкімет арнайы комиссия құрды. Наразы жұрттың талап-тілектерін тыңдап, газ бағасын төмендету туралы шешім шығарды. Алайда, жүдеу көңіл, жұтаң тұрмыс пен қымбатшылық қалтасын қысқан жарым құрсақ жұрт әсіресе, әлемдік пандемия мен экономикалық дағдарыс күшейген соңғы жылдары қандай да бір қам қылуға қауқарсыз болған Үкімет пен экс-президент Назарбаевтың маңайына топтасқан тоққарын, мешкейліктері мемлекет қазынасын ортайтқан аз ғана топтың биліктен кетуін талап етті. Бұл талапты тұтас ел қолдады. Сөйтіп, наразылықтар ірілі-ұсақты өзге қалаларда жалғасты. Халқының тең жарымы ішкі және сыртқы еңбек мигранттары деп есептелетін, 2-3 миллион халқы бар Алматы жұрты да көтерілді. 4 қаңтарда бейбіт басталған митинг 5 қаңтарға қараған түннен бастап қарулы қақтығыстарға жалғасты. Рас, бұл көтерілген жұртты пайдаланып қалуды көздеген қара ниеттілер ел арасына іріткі салып, арандатушылар кіргізді. Қару-жарақтар таратып, жаппай тәртіпсіздікті бастап кеп жіберді. Ал құзырлы билік – мұны «террорлық әрекет» деп атап, антитеррорлық операцияға кірісті. Жалпысы осымен тәмам. Болған жайды егжей-тегжейлі білесіздер, қайталаған болмайық...

Тұрғымбаев

Жоғарыда айттық. Ақорда ауыс-түйістер жасады. Жалғыз Үкімет басшысы емес, басқа да министрлер мен басшы-қосшылар креслодан түсті, кейбірі кресло ауыстырды. Алайда, орнынан қозғалмаған бір адам – ол ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев болды.

2019 жылдың ақпаны. Қазақстанның Ішкі істер министрі ауысты. Қалмұханбет Қасымов сегіз жыл тапжылмай отырған креслоға Ерлан Заманбекұлы келіп қонжиды. Сөйтіп, Қасымовқа қош айттық та, Тұрғымбаевты төрге шығардық. Ел-жұртқа сүйеудей сүйкімі қалмай бара жатқан соң, ел басшылығы өзгеріс жасауды тапсырғанда, форма ауыстырғаннан әрі аса алмаған қазақ полициясына министрдің ауысуы оң әсер етер дедік. Өкініштісі, баяғы жартас – сол жартас күйінде қалды.

Біз осыған дейін Ерлан Заманбекұлы басшылық ететін «ұрда-жық» министрліктің біраз мінін жазып, соқырға таяқ ұстатқандай көрсеттік. «Қазақ полициясының имиджін қалай көтеремін» деп, дал болған Тұрғымбаевқа дөп басып, дәл себебін көрсеттік. Тұрғымбаев тарапынан «ләм-мим» деген жауап болмады. Онан соң, Тұрғымбаев командасындағы «ардагерлер» армиясын да cынға алдық.  Міз бақпас министріміз бұ жолы да жауап жазбады. Қазақстан полициясына айтылар сын көп. Олардың ұрда-жық саясаты мен әкірең-мінез әңгіртаяқшыл, әлімжеттік әрекеттері туралы әлемдік ақпарат жазып, Халықаралық ұйымдар сынның төпесіне алып жатқаны өтірік емес. Оған себеп те жоқ емес! Соның ең маңыздысы –мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің қызметтік қолданыс тіліне айналмауы. Біз оны да жаздық. Тұрғымбаев тағы үнсіз болды.

Қайсыбір жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін мемлекет» концепциясын ұсынған. Мәселені басып-жаншып, күшпен емес, диалогпен шешуді тапсырды. Бейбіт жиындар өткізуге рұқсат беруді айтты. Содан кейін де ел аумағында бірді-екілі бейбіт жиындар өтті. «Өзгеріп кеткен түгі жоқ, советтен қалған сол мектеп, мәртебесі зор мектеп» дегендей, Тұрғымбаевтың сақшылары екі білектерін сыбан келіп, тағы да ескі әдіске салды.  «Президенттің «еститін мемлекетін» министр Тұрғымбаев естімеген бе» дедік және. Тұрғымбаев жақ тып-тыныш.

Ұрып-соғып, терроршы жасау

Жә, одан да өттік. Ендігі сөз басқа. Жоғарыда қазақ тарихындағы қанды парақтардың біріне айналған «қаңтар оқиғасы» жайлы сөз еттік. Президент пәрмен берген соң, іле-шала іске кіріскен – Ерлан Тұрғымбаев командасы қазір жұрттан жаппай «терроршы жасау» науқанын бастап кеткендей. Рас, террормен күресу, кісі өлтіріп, ұрлық-қарлық жасағандарға жаза қолданылуы керек. Бірақ, бұл іс – ұрып-соғып мойындату арқылы жасалмауы керек!

Қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тергеуге барып таяқ жеген, тергеушілердің таяғынан саутамтығы қалмай, жан тапсырған фактілер жиі айтылып жатыр. Тергеуге сап-сау кетіп, сүйегін мәйітханадан іздеп тауып жатқандар қаншама?! Сондай фактілердің барлығын жіпке тізбесек те, бірлі-жарымын мысал етейік.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса:

«Жаңаөзенде басталып, жалпы елді қамтыған ереуілде көшеге шыққан халық бейбіт шеруге ел қамы үшін шықты. Кейін Алматыдан бастап, көп қалаларда бейбіт шерушілерге күмәнді топтар қосылып кетіп, арты қанды бүлікке айналды.

Ал енді ереуілге шыққандары үшін ғана жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы көптеген нақты мәліметтер мен видеолар келуде.

Бізге келген видео-мәліметте шалғайдағы Шардарадан Алматыға жұмыс іздеп барып, үй жөндеумен айналысып жүрген Сүндет Тоғайбайұлы Түрікпенбай қаңтардың 5-і күні түстен кейін Төле би-Байтұрсынұлы көшелеріндегі поликлиникада дәрігерге қаралып, анализдерін алып, үйіне бара жатқанда аяғына оқ тиеді. Қансырап жатқан ол №12 ауруханаға жеткізіліледі. Оны осында емделіп жатқан жерінен 8-ші қаңтар күні түрмеге алып кеткен. «Алаңда болдым» деп мойында» деп, ұрып-соққан. «Ешқандай митингіге қатыспаған, ауруханада жатқан менің балам СИЗО-18 түрмесінде неге жатыр?», - деп көз жасын көл етіп еңіреп, қайта-қайта талып қалып жатқан анасының видеосын көргенде шыдап тұра алу мүмкін емес! Әке-шешесі жалғыз сиырын сатып адвокат жалдап Алматыда жүр енді… Нағыз содырларға тосқауыл қою қолдарынан келмеген құқық қорғау органдары енді жазықсыз жастарға ойларына келгенін жасап жатқаны жанымызды ауыртуда», - деп жазды.

Facebook қолданушысы Мұрат Мұқаш:

«Алмас інімізді айундықпен өлтірді.  Өткен аптаның жұмасы біздің әулетіміз үшін аса ауыр, қаралы күн болды! «Алмас қайтыс болды» деген суық хабарды естігенде төбемізден жай түскендей сезіндік! Амал қанша, барша туыстар Талдықорған қаласына жиылып, көзімізден жасымыз сорғалап жүріп бауырымызды жер қойнына тапсырдық! Артында аңырап анасы, еңсесі езіліп әкесі, жүрегі қан жылаған ағасы мен адал жары, үш баласы қалды! Небәрі 44 жаста болатын.

Алмас менің әкемнің үлкен ағасы Қанапия атамыздың немересі еді. «Аға» деп аңқылдап жүретін кішіпейіл інімнің қазасы маған өте ауыр тиді! Сол күннен бері «Неге?» «Не үшін?» деген сұрақтар жатсам-тұрсам ойымнан кетер емес. Ата-анасының айтуынша, шеруге шықпаған. Тек көкөніс сататын дүкенін тексеріп, қайтып келе жатқан жолда келін екеуін полицейлер тоқтатады. Келінді сол жерге қалдырады да, Алмасты алып кетеді. Содан бастап ол жоқ болады. Ата-анасы 5 күн бойы іздейді, ақыры мәйітханадан табады.

Өзінің шағын кәсібімен айналысып, бала-шағасын асырап жүрген ініміздің ешқандай жазығы жоқ еді ғой. Соны біле тұра құқық қорғаушы жендеттердің соншалықты айуандық танытып, соққыға жыққанын немен түсіндіруге болады? Оларға бұйрық берген кім?..

Кеше Алмастың анасы Әлия жеңгеммен хабарластым. Хал-ахуалдарын сұрадым. «Қайтеміз енді, тірі адам тіршілігін істейді ғой. Прокурорға бардым. Кінәлі адамдарды анықтап, жауапкершілікке тартуды өтініп, арыз жаздым», - деді жеңгем. «Иә, артынан іздеушісі жоқ екен демесін. Солай істегендерің дұрыс қой», - дедім мен де жеңгемді қостап, сол кінәлілердің мүлде табылмайтынын іштей сезіп тұрсам да.

Адам құқы, әділдік, шындык, адамгершілік тәрізді киелі ұғымдарды түбегейлі жоққа шығарған бұл қоғамға осыдан соң қайтіп ішің жылиды?! Жазықсыз інімізді ешқандай тергеп-тексерусіз азаптап өлтірген айуандарды қарғыс атсын!», - деп жазды.

Журналист Арман Әубәкір:

«Ерлан қандай мықты азамат еді. Көне дәуір тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес-тұғын. Далаға жүруге қолайлы «темір тұлпарын» тізгіндеп алып, тарихи орындарға саяхатқа шығуға әр кез дайын тұратын. Екеуміздің жолымыз үнемі тарихи жерлерде тоғысатын. Көңілі жарқын, жүрегі тап-таза жарқыраған азаматтан қапыда айрылып қалып аңырап отырмыз, ағайын.

Асхат досымның айтуынша, ол көшеде мүліктерді тонаушыларға қарсы күресіп, қоғамдық ерікті ретінде тәртіп күзетіп кешке дейін жүреді. Үйге қайтып келе жатқанда құқық қорғау органдары тоқтатып, тексереді. Қалтасынан пышақ табылады. Өз-өзін қорғау үшін алып шыққан ғой. Міне, құқық қорғау органдарына дайын «террорист!» Тек мойындатса, болды. Ал біз білетін Ерлан бар болмысымен терроризмге, діни радикализмге қарсы адам.

Құқық қорғау органдары ұстап әкеткеннен кейін «жоғалды» деп іздеу салыпты. Туыстары емес. Артынан денесі жалаңаш даладан табылған. Ерланның соққыға жығылғаны сонша мәйітті алуға барған досы ә дегенде тіпті танымай қалыпты. Ісініп, көгеріп кеткен. Оқ та тиіп жараланған. Аяғында бір жапырақ еті ит қауып алғандай жұлынып қалған. Қолындағы кісені де шешілмеген дейді. Масқара енді. Жан-дүниеңізді түршіктіреді. Оның үстіне, Ерланның жарқын бейнесін танитын болсаңыздар, өкініш өзекті өртейді. Көзді жас, көңілді қайғы басты», - деп жазды.

Түйін:

Дәл осындай фактілер біреу-екеуі ғана емес, ондап, тіпті жүздеп саналады. Ұрып-соғып мойындату фактілерінің болғанын министрліктің өзі де мойындайды. «Ұсталғандарға қатысты адам өлімі, азаптау, билігін асыра пайдалану деректерімен қылмыстық істер тергелу үстінде. Республика бойынша осындай 16 қылмыстық іс қозғалған», - дегенді ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеген. Шындығында бұл цифрлар 16-мен шектелмейтіні түсінікті.

Оңды-солды тұтқындалған азаматтарға жасалып жатқан зорлық-зомбылық, ұрып-соғу тоқтатылып, ашық та заңды тергеу-тексеру жүргізілуі тиіс. Әлгі 20 мың «террорды» халықтың ішінен іздеудің керегі жоқ. Бүлік шығарушы, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған кландар әшкерленіп, жазалануы керек. Біз дейміз ғой. Ал оны еститін Тұрғымбаев па? Оны еститін Ақорда ма?

Жоғарыда Гитлердің оң қолындағы көсеуі болған Герман Геринг туралы текке айтқан жоқпыз. Сол Герингтің: «Өз штабымда кімнің жөйт (еврей), кімнің жөйт емес екенін, мен шешемін!», - деген әйлігі сөзі бар. Бүгінгі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерінің «кімнің терроршы, кімнің терроршы емес екенін» өздері шешіп, ұрып-соғу арқылы терроршы «жасап» жатқанына қарап, біздің Тұрғымбаев сол Герингтің нақ өзі болғысы келіп жүр ме деген ой туады...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351