Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 3008 8 пікір 15 Ақпан, 2022 сағат 14:49

Кәрімованың ақшасы қайтарылмақ. Біз қайтпекпіз?

Өзбекстанның бұрынғы президенті, марқұм Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнар Кәрімованың заңсыз шетелге шығарылған 131 миллион доллар қаржысы Өзбекстанға қайтарылмақшы. Бұл істі жүзеге асыру үшін Өзбекстан мен Швейцария БҰҰ-ның жанынан көпжақты траст қорын құруға уағдаласты. Қор қылмыстық іс бойынша тәркіленген активтерді қайтару үшін пайдаланылмақ. Осы тұста көршіден үлгі алу біздің еліміз үшін пайдалы болғалы тұр.

Яғни болашақта президент Тоқаев тапсырғандай, офшорға шығарылған Қазақстанның қаржысы қайтарылатын болса, мұндай траст қорларды құру тәжірибесі бізге де керек.

Себебі, шетелге шығарылған қаржының көлемін анықтап, тапқанның өзінде офшор салымшысы мемлекетпен келісімге келіп, ақшасын өз еркімен қайтаруы керек. Ал, ондай жағдайдың болуы екіталай.

Кеше ғана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Елімановқа шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға ерекше назар аударуды тапсырған болатын.

«Мемлекет басшысы Агенттік төрағасына алдағы уақытта көлеңкелі экономикаға қарсы іс - қимыл бойынша шаралар қабылдауды тапсырды, президент заңсыз жолмен алынған активтерді, соның ішінде шетелде іздеуге ерекше назар аударуды, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жөніндегі жұмысты жандандыруды қажет деп санайды», - деп хабарлады Еліманов.

Президенттің айтуынша, «бұл жұмыс адамның беделі мен лауазымына қарамастан жүргізілуі тиіс».

Бұған дейін Халықаралық ұйымның мәліметіне сүйене отырып, Мәжіліс депутаттары «Қазақстаннан соңғы 25 жылда офшорларға 160 миллиард доллор шығарылды», - деп мәлімдеген еді. Бұл бүкіл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі мен сыртқы қарызына тең қаражат.

«Кейбір ақпарат бойынша, ҚР Құқық қорғау органдары соңғы бес жылда капиталды шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда, елге кез-келген елеулі соманы қайтару түріндегі осы жұмыстың нақты нәтижелері жоқ. Сол қиын сәтте көлеңкелі қаражаттың шығарылғаны, әсіресе, өз өмірін елмен байланыстырғысы келмейтіндер ақша алып шықты деп болжауға негіз бар», - деді Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов.

Депутаттың айтуынша, қаңтардағы қақтығыс кезінде кейбір олигархтар жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелге аударғаны туралы ақпарат бар.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев шетелге кеткен ақшалар мемлекеттің немқұрайлығынан болды деп есептейді. Мемлекет тарапынан ешқандай бақылау болмағандықтан офшорға ақша жасырғандар саны артқан.

«Ақша түрлі сылтаумен шығарылған. Оның үстіне қаржы ағымын бақылау жақында ғана енгізілді. Бұған дейін сіз кез келген сомманы шетелге емін-еркін аудара алатынсыз. Ал сізге артық сұрақ қойылмайтын. Осының салдарынан Қазақстанның жылдық жалпы ішкі өніміне тең қаржы шетелге шығарылған. Ал жоғарыдағылар бұл жөнінен хабарсыз болды деу қателік. Олар бұған назар аудара қоймаған сыңайлы», - дейді сарапшы.

Заңгер Станислав Лопатинтің айтуынша, офшорға жасырылған ақша жоғалып кетпейді. Себебі, оның қашан, қалай аударылғаны туралы сандық деректер сақталады.

«Олар қолма-қол ақша күйінде шығармайды. Барлық 160 млрд долларды бұлай шығару мүмкін емес. Бұл үшін бірнеше жүк көлігін пайдалану керек. Оларды банк және есепшот арқылы шығарады. Әр операцияның тарихы, уақыты болады. Қаласа, іздеп табуға болады. Қазір шенеуніктердің офшордағы қаржыға аса қызығушылық танытпайтынын көруге болады»,- дейді Станислав Лопатин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы мәлімдемесінде Елбасын тұңғыш рет сынап, оның басқарып тұрған кезінде азғантай топ өкілдері ғана байығанын атап өткен болатын.

«Бірінші президент тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесіліні халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен «Қазақстан халқына» қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс», - деген еді.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның қыздары мен оның айналасындағы адамдар елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр. Президент Тоқаевтың осы жұмыс бойынша екі бағытты атап өтті.  Біріншісі – капиталды елге қайтару немесе қайтаруды ынталандыру, екіншісі – офшорға ақша шығаруға тосқауыл қою.

Айжан Темірхан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470