Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4720 8 пікір 19 Ақпан, 2022 сағат 16:15

Қандастар үшін жер қайғы...

Жаңылмасам, 2017 жылдың көктемінде «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне Бақыт Алпыс және Айтхан Бекмұрат атты екі жігіт келіп, ауылдан шаруашылық мақсатындағы жер телімін алғысы келетінін, аудан әкімінің қоян бұлтаққа салып, жөнді жауап бермей жатқанын қынжыла отырып баяндады.

Жөндерін сұрап едім, екеуі де Қытай қармағында қалған өзіміздің Алтайдан көшіп келіп, Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Олжабай ауылына қоныстанған, қолында «Оралман» мәртебесі бар азаматтар болып шықты.

Иә, Оралмандарға жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының «Жер кодексінің» 46, 37, 97 және 100-бабында қарастырылған. Сондай-ақ, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 23-бабында да Оралмандарға жер учаскелерiн беру оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тізбесіне енгізілген.

Тіпті, «Жер кодексінің» 46-бабында «Оралман» мәртебесі бар азаматтарға Жер телімдерінің пайдалану құқығы ешбір конкурссыз, аукционсыз берілетіндігі ашық жазылған...

Осы жеңілдіктерді таныстыра отырып, екеуіне аудан әкімінің атына жер телімін беру туралы өтініш жазып бердім және ол өтінішті Ерейментау ауданы әкімдігіне тіркетуді, сосын олардың жазбаша жауабын алып келуді тапсырдым.

Көп кешіккен жоқ, екі жігіт аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қолы қойылған жауапты алып, қайта оралды.

Аталған жауабында Е. Нұғыманов «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын» сылтауратып, оларға жер телімі берілмейтінін кесіп айтыпты.

Негізі, мораторийдың оралмандардың жер алуымен еш қатысы жоқ.

Сосын, екі жігітке Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысына қаратып, дәл сондай екінші өтінішті жазып беріп, жаубын күтуді өтіндім.

Ондағы мақсат – атқарушы биліктің біліктілігі мен ниетін бір сынап көру және алыстан келген ағайынға қағазбен сауатты жұмыс жасауды үйрету.

Көп кешіккен жоқ, екі жігіт Ақмола облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралинаның қолы қойылған жауапты алып, қайта оралды.

Бір әрібі өзгермеген. А. Қадыралина да алдыңғы Е. Нұғымановтың жауабының аузынан түсе қалғандай жауап беріпті.

Енді бәрі түсінікті болды.

Айтпақшы, дәл осындай жағдай Қорғалжын ауданына қоныстанған ағайындардың басынан өтіп жатқан болатын. Қайнар Кемелбекұлы деген ініміз де әкесіне жер телімін алу үшін өтініш айта келген.

Жоғарыдағы жауаптарға сілтеме жасай отырып, «Abai.kz» сайтына «Ермек Нұғыманов Елбасының заңына қарсы ма?!» деген мақала жазып жарияладым. Іле-шала аталған сайтта «Қадыралина заңға бағынбай әлі қасарысып отыр...» атты екінші ашық хатым жарық көрді. Ол аз десеңіз, Қайнар Кемелбекұлының атымен «Қадыралинаның Президент қол қойған заңды бұрмалауға хақысы бар ма, Мырзахметов мырза?!» атты үшінші мақаланы бұрқ еткіздік...

Алмагүл Қадыралинада үн жоқ. Телефон соқсам, «совещаниеден қолы босамай», қашып жүрді.

Ал, ашық ақпаратқа аты шыққан соң, Ермек Нұғымановтың дегбірі кете бастапты. Олжабай ауылына келіп, жұртпен жиналыс өткізіп, екі оралман азаматқа «Заңгерлерге тексертіп жатырмын, егер менің берген жауабым дұрыс болып шықса, екеуіңді сотқа беремін!» деп, құқай көрсетеді.

Мұны естіп, арғы беттен келген ағайындардың зәресі ұшады. «Жері құрсын, қайдағы бәлені қайдан таптыңдар, енді сотталатын болдыңдар!..» деп, оралман ақсақалдар екі жігітті көзге шұқиды.

Сүлкіндері түскен  Бақыт Алпыс пен Айтхан Бекмұрат маған тағы келді. Бастарын шайқап отырып, болған оқиғаны түгел баяндады.

Оған дейін біз де қарап отырмай, Ақмола облысының прокуратурасына хат жазып, «Жер кодексіндегі» оралмандарға жер беру туралы нормалардың Президент жариялаған мораторийға қатысы бар-жоғын анықтап үлгердік.

Облыс прокуроры Т. Тәшімбаев аудан прокуроры мен әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы тапсырма бергенін жеткізгенін айтып, жазбаша жауап берген болатын.

«Ұрыста тұрыс жоқ!» деген, енді бұл мәселені соңына шығару керек!

Екі жігітті ертіп, «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне азаматтарды қабылдауға келген сол кездегі Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың қабылдауына кірдім.

Сөйтіп, екі бауырымыздың көзінше, Бірінші вице-министрге болған жағдайды толық баяндап бердім.

Көп өтпей, Қайрат Айтуғановтың пәрменімен Ауыл шаруашылығы министрлігінде тағы бір вице-министр Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен, бейне-конфереция байланыс жүйесі арқылы жиналыс өтті. Оған Ақмола облысының әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетінің өкілдері қатысты.

Вице-министр Ерлан Нысанбаев обылыс пен аудан басшыларына, қолданыстағы заңнамаларға сай, «Оралман» мәртебесі бар азаматтарға Жер телімдерінің пайдалану құқығы ешбір конкурссыз, аукционсыз берілетіндігін түсіндірді. Сонымен бірге, республиканың барлық жер қатынастары басқармаларына «...аталған заңнамаларға сәйкес, оралмандарға ауыл шаруашылығы мақсатында жер учаскелерін жалға беру мәселесі тоқтатылмағанын және оларға жер учаскелерін беру барысында «Жер кодексінің» 46, 37, 97 және 100-баптарын басшылыққа алу қажет екенін еске саламыз...» деген вице-министр Е.Нысанбаевтың қолы қойылған хат жөнелтті.

Соның арқасында, өтініш иелері 671 гектар жайылымдық жерге зорға қол жеткізді. Осыдан кейін көзі ашылған тағы біраз Ерейментаулық қандастарымыз жер телімін алды.

Сөйтіп, Ерейментаулық екі қандасымыздың өтініші арқылы бүкіл Республикадағы Е. Нұғыманов пен А. Қадыралина секілді қасарысып отыған қараулардың сауаты ашылды, беті қайтарылды. Біз де атқарушы билікке «Иттің иесі болса, бөрінің Құдайы бар» екенін ұғындырғандай болдық.

Өткен аптаның демалыс күндері сол жігіттердің шақыруымен Ерейментау ауданына барып қайттым.

Бақыт Алпыс тағы үш азаматты қосып, «Ерасыл» атты шаруа қожалығын құрыпты. Төрт отбасы төрт түлікті өсіріп, шаруашылығын шалқытып отыр екен. Жақында ғана Қорғалжын ауылынан қымбат бағаға «Ангус» нәсілді бұқасын сатып алыпты. Енді мал нәсілін жақсартпақшы...

Мен мұның бәрін еңбегімді көрсетейін деп, мақтаныш үшін тәптештеп жазып отырғамын жоқ. Есесіне, атқарушы биліктің біліктіліксіздігі мен сауатсыздығын және шеттен оралған қандастарымызға деген ниеті мен көзқарасын көрсетейін деген оймен баяндап отырмын.

Кесіп айтайын, біздің ауыл тұрғындарын тұралатып, адымын аштырмай отырған – шикі заңдар мен осындай жетесіз басшылар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жер шетелдіктерге берілмейді!» деген тарихи шешімінен кейін, «Жер кодексіне» өзгертулер енгізілді.  Жаңа Көдексте 46-баптың үш нормасы қалды да, қалған 37, 97 және 100-баптар алынып тасталды.

«Қандас» мәртебесінің бір жылға қысқаруына байланысты, арғы беттен оралған ағайындар енді Қазақстан азаматтығын алған соң, аталған Кодекске сай, жергілікті халықпен бірдей жер телімдерін ала алады.

Бірақ, ауыл халқына шаруашылық жүргізу мақсатында жер беруге келгенде жергілікті атақарушы биліктің ниеті де, «Жер кодексінің» жер беру шарты да бәлендей өзгеріп кеткен жоқ, сол ескі күйінде қалды.

Енді, қолданыстағы жаңа «Жер кодексіне» келсек, аталған Кодекстің 48-бабында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге, облыстық маңызы бар қалаларға қаныстанған қоныс аударушыларға жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сауда-саттықсыз (аукциондарсыз) беру көзделген.

Бұл – өте дұрыс.

Ал, алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастарымыз үшін, өкінішке орай, мұндай жеңілдік норма қарастырылмаған.

Бұл – дұрыс емес!

Арғы беттен оралған қандастарымыз ондай жеңілдікпен жерге қол жеткізу үшін, алдымен Үкімет айқындаған өңірлерден тыс облыстарға қоныстанып, тұртақты тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алуы керек.

Содан соң барып, олардың Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс жөткеп, «қоныс аударушы»  атануына тура келеді.

Бұл – енді азап!

Бұл күнде Үкімет айқындаған облыстардан өзге өңірлерден жерді жерден шұқысаң да таппайсың, бәрі қолды болып кеткен. Оған апарып жергілікті атқарушы биліктің ниетін қоссаңыз, манағы екі жігіттің күнін кешесіз.

Меніңше, ауылды жерде шаруашылықпен айналысқысы келетін әрбір азаматқа жер телімдерінің пайдалану құқығы белгілі мөлшерде белгілі бір мерзімге сауда-саттықсыз (аукциондарсыз) берілуі керек.

Егер, сол мерзім ішінде олар ол жерді игере алмаса, қайтарып алып басқасына берген дұрыс.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жер телімдерін алуына, олардың құрал-сайман, машина-тракторларының бар-жоғы шарт етілмеуі тиіс.

Мұндай «шарттардың» тойымсыздардың жерді көбірек басып қалуы үшін әдейі заңдастырылғаны көрініп тұр.

Адамда шаш болғаны үшін, барлық адам шаштараз ашуы, ұстара ұстауы шарт емес қой. Тек, бір бөлім адамдар ғана шаш алу жұмысымен  айналысады.

Сол секілді, біреуде жер болса, екінші адам құрал-сайманын, үшінші адам ұрығы мен тыңайтқышын алып шығады.

Сөйтіп, кәсіп иелері бір-бірімен селбесіп, жұмыспен қамтылатындар саны көбейе береді.

Бұл өзі – заңдылық. Тіпті, кәсіпкерліктің философиясы деуге де болады.

Ең қиыны, шетте жүріп, өзін-өзі жұмыспен қамтуға төселіп келген қандастарымыз үшін тағы да жер қайғы болып тұр!

Бәріне ақылы жеткен Үкіметтің қандастарымызға келгенде сараңдық жасағанына таң қаламын...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415