Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 3471 11 пікір 21 Ақпан, 2022 сағат 13:07

Назарбаевты тексеруге болады, жазалауға болмайды

Дәл солай, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен отбасына қатысты, соның ішінде шетелге ақша шығару фактілері бойынша да зерттеу жұмыстарын жүргізуге заң бойынша тыйым салынбаған. Бірақ, қылмыстық жауапкершілікке тарта алмаймыз. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтыпты.

«Білесіздер, заң зерттеуге тыйым салмайды. Бірақ, қылмыстық жауапкершіліктен қорғайды. Мен заңда қалай жазылса, солай айтып тұрмын. Заңда қылмыстық жауапкершілік туралы жазылған, ал, ол қылмысты зерттеуге болмайды деп айтылмаған», - дейді министр Мусин.

Министрдің айтуынша, Мәжіліс, Президент және Үкімет 2000 жылы қабылданып, артынан бірнеше толықтырулар енгізген  «Назарбаев пен оның отбасын қудаламауға және мүлкіне тиіспеуге кепілдік беретін тұңғыш президент туралы заңды» алып тастауға бастама жасай алады. Алайда, министр Мусин Елбасы туралы заңды алып тастау -  заңнам тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да қиын екенін айтыпты.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» ҚР 2000 жылғы 20 шілдедегі N 83-ІІ Конституциялық заңы бар. Онның 3-бабы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне –Елбасына ешкімнің тиіспеуі», - деп аталады. Онда:

«ҚР Тұңғыш Президентіне – Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі ҚР Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.

Тиіспеушілік ҚР Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ, олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады. Тиіспеушілік ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының қорына және ол құратын өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де қолданылады.

ҚР Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ, ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі», - деп жазылған.

Түрлі Халықаралық зерттеулер АҚШ пен Еуропадағы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне тиесілі деген жүздеген миллион долларлық жылжымайтын мүліктерді әшкерелеуде. «Бұрынғы президенттің бастамасымен құрылған 4 қор 7,8 миллион доллордың активтерін басқарып отыр», - деген де ақпарат шыққан. Ал, Назарбаевтың жақындары мен оның айналасына топтасқандар Қазақстанның ішіндегі банк, телекоммуникация, сауда секторлары, пайдалы қазбаларды өндіру және инфрақұрылымдық кәсіпорындардың активтерін басқарып отырғаны және шындық.

Көп жылдар бойы Назарбаевтардың офшордағы қаражаттары туралы елішілік һәм еларалық БАҚ-тарда жазылып келді. Ал «қаңтар оқиғасынан» кейін «шетел асқан қыруар қаржыны қайтару» туралы сөз Ақордадан айтылды. Сол «қаңтар оқиғасынан» кейін  «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» туралы заңға өзгерістер енгізілді. Депутаттар конституциялық заңнан Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағалығы» өкілеттігін өмір бойы басқару құқығын алып тастады. Сонымен қатар заңның «елдің ішкі және сыртқы саяси ісінде Елбасымен ақылдасу міндетті» деген бөлігі де жойылды.

Ал, «қаңтар оқиғалары» қыз-қыз қайнап, ел іші алағай да бұлағай болған тұста экс-президент Назарбаев басқарған Қауіпсіздік кеңесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. Тәртіпсіздіктер басылғаннан кейін, 18 қаңтар күнгі бейнежолдауында Назарбаев: «2019 жылдан бері зейнетте екенін, бар биліктің Тоқаевта екенін», мәлімдеді. 10 күннен кейін «Нұр-Отан» партиясының билігін де Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталды және ұйымның саяси кеңесінен экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның бірнеше серіктестері шығарылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президент туралы өз сұхбатында: «Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет», - деп сөйледі.  Сондай-ақ, ол билік органдарында «өмір бойы басқару туралы» заңдар керек емес екенін де айтты.

«Бұрын осындай заңдар қабылданды, бірақ қазір олар керек емес. Бұл туралы турасын айтқан жөн. Болашақта мұндай заңдар қажет емес деп ойлаймын», - деді президент Тоқаев.

Жоғары лауазымды қызметте отырған Назарбаевтың туыстарының шетінен қызметтен босатылуына байланысты президент Тоқаев пен экс-президенттің арасында кикілжің туған болуы мүмкін деген болжамдар айтылды, бірақ Тоқаев та, Назарбаев та бұл болжамды жоққа шығарды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381