Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алаң 2532 6 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 12:40

Жарамсыз диплом: Ресей біліміне салынған санкция

Ресейдің жоғару оқу орындары беретін дипломдар қажетсіз болып қалды. Көптеген әлем қауымдастықтары Ресейдің барлық жоғары оқу орындарын аккредиттеуден бас тартты.

Олар:

AACSB (университеттік бизнес мектептерді дамыту қауымдастығы),

Business Graduates Association (бизнес мектеп түлектерінің қауымдастығы),

AMBA (MBA бағдарламалар қауымдастығы),

EFMD (бизнес мектептердің, менеджментті дамытумен айналысатын компаниялар мен қауымдастықтардың жаһандық желісі).

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Болашақ» бағдарламасы Ресейдің үздік техникалық университеттеріне басымдық беруі керек», - деген үндеуін Abai.kz порталында егжей-тегжейлі жазған едік.

Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасына өзгеріс енгізілетіні туралы айтқан сөзінде:

«Біз тым көп экономист, заңгер, менеджерді дайындаймыз. Қазір біз техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аударуымыз қажет. «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, мүмкін бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық жоғары оқу орындарына жіберерміз»,- деген еді ол. Бұл – Президенттің Ресей жоғары оқу орындары туралы жалғыз мәлімдемесі емес.

«Ресейдің білімі өте жақсы, әсіресе, техникалық білімі. Бұл көпке мәлім факт. Мысалы, Мәскеудегі МФТИ, Бауман училищесі, сонымен бірге, Новосібір университеті, Томск университеті т.б. Әрине ешқандай міндет-талаптар жоқ. Бірақ, Ресейге оқуға жіберген дұрыс деген болжамымды айттым. Себебі, бұл жерде тілдік барьер болмайды, соны да ескеруіміз керек. Бұл біріншіден болса, екіншіден, біз стратегиялық әріптес болғандықтан бізде бірлескен кәсіпорындар, соның ішінде, ірі бизнеске қатысты кәсіпорындар бар. Бізге Ресейден оқыған техникалық кадрлар қажет болады», - деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов іске кірісіп кеткенін мәлімдеді.

«Техникалық бағыттар бойынша Ресейдің үздік техникалық ЖОО-ның бөлімшесін ашу бойынша келіссөздерді бастап кеттік. Одан бөлек, тағы бір Ұлыбританиялық университеттің бөлімшесін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Батыс өңірлерде де жетекші техникалық университеттердің бөлімшесін ашу бойынша жоспарланған», - деді Аймағамбетов.

Қазақстан мен Ресей арасында ынтымақтастық туралы қаулыға қол қойылып, соның негізінде,  Ресейде Қазақстандық, Қазақстанда Ресейлік ЖОО филиалдарын ашу жоспарланған.

«Мұндай шешім ұзақ мерзімді ынтымақтастық және білім беру сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ, техникалық бағыттағы кадрларды даярлау мақсатында қабылданды», - деп хабарлаған болатын Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Осыған дейінгі біз, Ресей университеттерін ғылымның тереңіне бойлап, білімнің шыңына жеткізеді деген әлемдік рейтингтің соңғы орындарынан көргенімізді жаздық.  Біз ғана емес, Ресейдің өз ғалымдары елдің ғылымы құрдымға кеткенін айтып, дабыл қағуда. Ресей ғылым академиясының ғалымы Николай Долгушкин Ресейде қаржы жетіспеушілігінен білімді азаматтар шетелге кетіп, «Ресей ондаған жыл бойы ғалымдар саны тек азаюмен келе жатқан дамыған мемлекеттердің ішіндегі жалғыз ел болып қала береді», - деп баға берген.

Ендігі кезекте Ресей ЖОО-ларының берген дипломы әлемдік рейтинг үшін жарамсыз болып қалмақ.

Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін, әлемде көп өзгеріс болды. Санкциялардың құрсауында қалған Ресей бірте-бірте «оқшау» елге айналып келеді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, соғыс жалғаса берсе, Ресей 1990 жылдардағы экономикалық кризисті қайта бастан өткереді және жағдайының одан әрі төмендей түсетінін айтады. Егер солай болса, экономикасы күйреген, халқының жағдайы төмен елдің оқу орындары сапалы білім береді дегенге сену тіптен қиын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5629