Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Билік 3202 11 пікір 18 Наурыз, 2022 сағат 12:11

Тұғырлы шешім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен елімізде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы жаңа мазмұнға берік қадам басып отырған Қазақстан мемлекеттілігінің бірегей белесі екендігіне еш күмән жоқ.

Ұлы бабаларымыздың асыл мұрасы ретінде жадымызда мәңгілік сақталып келе жатқан қасиетті атамекеніміздің байырғы атауларының, ұлт ұстазы танылатын қастерлі тұлғаларымыздың есімінің ендігі рухани-мәдени ғана емес, әлеуметтік-саяси мәнге ие болуы дәл қазіргідей бетбұрысты кезеңде аса өзекті.

Бүгінгі айналамыздағы күрделі геосаяси оқиғалардың көрінісі, кеше ғана тәуелсіздігімізге төнген ішкі қатерлер елдік бірліктің, ұлыстық тұтастықтың қаншалықты маңызды, қымбат екендігіне тағы бір көзімізді жеткізді. Президент Жолдауында мәлімделгендей, Отаншылдық рухты, демек ұлттық кодымызды сақтаудың өзегі, әсіресе қазақ халқы үшін тарихи жадымызда, рухани мұрамызда, әлбетте ана тілімізде тұрғандығы аспандағы айдай ақиқат.

Адамзаттық ауқымда ойлау биігіне көтерілген дана Абайдың, ұлттық тұтастықтың рәмізіне айналған Ұлытаудың, жер жәннаты болғандықтан да ұдайы сыртқы жаулардың шапқыншылығына тап болып, небір аумалы-төкпелі дәуірлерді бастан кешкен Жетісудың атымен үш бірдей іргелі облыстың құрылуының, бізді ойымызша, аумақтық қажеттілігінен бөлек ұлыстық мәні басым көріне береді.

Ұлытау, Жетісу, Абай  -  Қазақстан халқының осынау ұлы ұғымдардың алдында әрдайым, күнделікті есеп беруін білдірмек. Бүгінгі әрбір қоғам мүшесі ауыл оқушысынан бастап астана төріндегі шенді-шекпенді қызметкердің әрқайсысы дербес мемлекетте өмір сүрудің қадірін бек түсіну үшін ұдайы отан тарихына ден қойып, Абай, Алаш өсиеттерін жүректе сақтап «бес дұшпанын біліп, бес асыл іске көніп», ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған Толық адамға айналуға ұмтылып, өзімшілдікке емес өркениетілікке, зияндыққа емес зиялылыққа, пасықтыққа емес парасаттылыққа бет бұруы қазіргі және болашақ дәуір талабы.

Талай қилы замандарды, ғасырдан да ұзақ көрінген қорғансыз күндерді бастан өткерген елдігімізде ұлттық тамырға оралу жолымен идеологиялық тұтастықтың орнауы әлеуметтік тұрақтылыққа жеткізіп, кері кеткендердің емес, тек қана озық өркениетті қоғамдастықпен терезесі тең дамуға бастайды.

Мұхтар Кәрібай,

Ош қаласы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1561
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3365
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6391