Отаршылардың тойтаңы қашан тоқтайды?
Олег Газмановты қазақ жауапқа тарта ала ма? Биыл 20 наурызда Путиндік Ресей Қырымды Украинадан тартып алғандығының 8 жылдығын Мәскеуде дүркіреп атап өтті. Осы тойда Олег Газманов әнін де, сөзін де өзі жазған «Это моя страна» әнін шырқап, оның мәтініндегі қазаққа арналған сойқаны зиялы қауым мен билікті бей жай қалдырғаны көңілді күпті етеді.
Путинге арнап шырқалған әнде:
«Украина и Крым, Беларусь и Молдова -
Это моя страна.
Сахалин и Камчатка, Уральские горы -
Это моя страна.
Красноярский край, Сибирь и Поволжье,
Казахстан и Кавказ, и Прибалтика тоже ..», - деген жолдар бар.
Бұған қарсы тек: «Казахстан наш» дейді ме?», - деп өз 4 шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтің ғана үн көтергені саяси енжарлығымызды танытады.
Бұл ән тегін шырқалып отырған жоқ. Ресей империясының өмірлік мүддесі болып табылатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет – тек қана бізбіз. Әрі қырғызбен, өзбекпен, түркімен және тәжікпен бұрынғы отаршылар тек біз арқылы қарым-қатынас жасай алады. Сондықтан қашанда басты ақпараттық әм психологиялық соққы ең алдымен қазаққа ғана жасалады.
Осы соққы қазір «Z» және «V» әріптері арқылы, сондай-ақ, фейк шабуылдар арқылы өз ішімізде және сырттан жасалып жатыр.
Олег Газманов әнінің басты мазмұны – жаңа КСРО құру екендігі мына жолдардан танылады:
«Даже Европа объединилась в союз,
Вместе наши предки сражались в бою.
Вместе выиграна Вторая мировая война,
Вместе мы самая большая страна.
Душат границы, без визы нельзя,
Как вам без нас, отзовитесь, друзья !
Я рожден в Советском Союзе,
Сделан я в СССР
Я рожден в Советском Союзе,
Сделан я в СССР».
Осындай ашық шабуылға батыл тосқауыл қоятын кез келді. Бұл саяси партиялар мен биліктің қазақ мүддесі үшін жұмыс істеуге тиістігін танытады. Газмановқа қатысты қатаң шараны ел болып қолға алмасақ, екінші Украинаның күйін кешеміз. Сол үшін саяси белсенді топ Ресей елшілігі алдында ән авторынан «ұлттық ар-намысымызды таптайды» деп желеулетіп, «Казахстан и Кавказ, и Прибалтика тоже» деген тармақтан «Қазақстан» сөзін алып тастауды талап етуге тиіспіз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz