Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3003 4 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 14:52

Шантаж және Қазақстанның болашағы

Новороссийск портындағы танкерлерге мұнай құятын құрылғылардың бірінен соң бірі істен шыға бастауы табиғи апаттан көрі саяси ойын екенін ішіміз сезеді. Оңтүстік Озереевкадағы "КТК-Р" терминалын КТК-ның өзі бақылап отырғанын ескерсек, біздің ондағы меншік үлесіміз 19 пайыз. Шеврон, Ени, Мобилмен қосылсақ 42 пайыз болады. Мұндай үлеспен акционерлердің өздері барып, аудит жасап, терминалдың жұмысын жүргізіп отырған ресейліктердің ақпараты рас па, өтірік пе, тәуелсіз тексеріп, анықтауға болады. Егер шын бүлінген болса, онда қайта қалпына келтіру жұмысын қадағалап отыру керек. Және бір ай ремонттан біз шамамен 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз.

Ал егер қасақана бүлініп, саботаж болса ше? Ол - Ресейдегі порт. Ресей оны қажет деп тапса, өз меншігіне қайтара салады. Мәселенің былай өрбуі халықаралық компаниялардың Каспий Құбыр консорциумынан шығып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда біздің мұнайды Еуропаға сату енді оңай тимесі анық.

Ресей Еуропаның да, біздің де жанды жерімізден ұстап алғаны сезіледі. Газды рубльмен сату бойынша шешім - кәрі құрлықтың ең жанды жері. Олар биыл бәрібір Ресей газынсыз өмір сүре алмайды. Еуроны рубльге ауыстырып, одан кейін ғана газ алудан басқа жол жоқ. Демек, Ресей орталық банкінде валютада ликвид болады, рубль позициясын жақсартады және Ресей дефолты кейінге қалмақ.

Ал бізден Ресейге не керек? ЕАЭС импортты пошлиналарынан келетін жарнаның рубльмен өтелуіне қарсы болғанымыздан басқа, одақтан шығамыз деп ресми деңгейде мәселе көтерген емеспіз. Ол қазір Ресей үшін қызып тұрған мәселе де емес. Де факто қазір одақ жұмыс істемейді және одақтағы ішкі тауар айналымын шектеп отырған (қантын, астығын шығармай отыр) Ресейдің өзі.

Бұл ретте (егер шынымен де терминалда табиғи апат болмаса) Ресей тарапынан бізге алдын-ала "кез-келген уақытта кислородтарыңды жауып тастай аламыз" деген сарында ескерту жасалғанын сезіп отырмыз. Бұдан кейін логикаға салсақ, жақын арада Кремльден бізге үлкен саяси ұсыныс келіп түсетінін аңғаруға болады. Және "осы ұсыныстан бас тартпаңдар, әйтпесе ремонт бітпей қояды" деген сигнал келді. Тек ол қандай ұсыныс?
Біздің Ұлттық қор активтері акцияларда жатқанын ескерсек, Батыстың да біздің кислородты жауып тастауға толық мүмкіндігі бар. Және Ресейдің ұсынысы егер әскери көмекке саятын болса (әскер жіберу, техника беру), ол ұсынысты қанағаттандыру - Батыс санкцияларына ұшырау дегенді білдіреді.
Екі минустан қайсысын таңдаған жөн? Бізге қай санкциялар ауыр тиеді? Менің ойымша, Батыс санкцияларынан барынша қашу керек. Батыс біздің Ұлттық қорды толық бұғаттап, экономикамызды екі аптаның ішінде жойып жіберетін мүмкіндікке ие. Ал Ресейдің санкциясы мұнай транзитін шектеуге бағытталса, бұл мәселені бағыттарды Баку мен Алашанкоуға бұру арқылы біртіндеп шешуге болады. Ол үшін Шеврон мен Қытай біздің жағымызда болуы тиіс. Жалпы, Шеврон, Ени, Мобил сынды халықаралық компаниялардан айрылмауымыз керек. Пафос ретінде естілсе де, біздің ұлттың болашағы Шеврон, Мета, Гугл, Виза, Старлинк сынды компанияларға тікелей байланысты.

Ия, біздің алдымызда қиын таңдау тұр. Бәрібір қиындықтар болады. Тек біздің мақсат - сол қиындықтарды уақытша қиындыққа айналдырудың жолын табу. Оның алдында шикізаттық емес сектордағы жақсы перспективалар туралы жазған болатынмын. Олар орындала да бастады, мысалы inDriver ES өз кеңсесін Қазақстанға көшірмек. Google Мәскеулік офисін бізге ауыстыру бойынша ойлана бастады деген инсайттар пайда бола бастады.
Келесі аптада көп нәрсе белгілі болады.

Айбар Олжаев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347