Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2565 0 пікір 25 Наурыз, 2022 сағат 14:01

«Жылдан-жылға қуаңшылық жайлап келеді»

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстанда қуаңшылық жылдан-жылға күшейіп келеді», - дейді. Бұл туралы Үкімет басшысының сайтында хабарланды.

24 наурызда елордада премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыс барысында жедел штаб мүшелері агроөнеркәсіптік кешен саласының бірқатар жедел, күрделі  мәселелерін қарастырды: көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қаражат бөлу, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды жеткізу логистикасының негізгі проблемалары айтылды.

Отырыста қазіргі сыртқы саяси ахуалдың әлем елдерімен қатар Қазақстанда да ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде техниканың, тұқымның, генетикалық материалдың, минералды тыңайтқыштардың және т. б. өнімдердің қымбаттауына түрткі болып отырғаны атап өтілді.

Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, республикалық бюджетті нақтылау аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге сомасында қосымша бюджеттік кредит бөлуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Отандық азық-түлік қауіпсіздігін күшейту аясында ҚР АШМ басшысы импорттық тәуелділікті төмендету үшін отандық тұқым сұрыптарын әзірлеу бағдарламасы туралы айтты. Ведомство басшысының айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық тұқымдарды өсіру жөніндегі жол картасын дайындаған.

«Қысқа мерзім ішінде отандық тұқым сұрыптары ғылымын дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама қабылдау қажет. Тұқым сұрыптары сапасызданып, өнімділік төмендеп барады. Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда. Бұл жағдайда қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды», - деді Министрлер кабинетінің басшысы.

Сондай-ақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін тауарлық-материалдық құндылықтарды уақытылы жеткізу мақсатында қосымша вагондармен қамтамасыз ету және Ресей Федерациясынан тұқым импорты бойынша жеткізудің балама бағыттары мәселесін пысықтау тапсырылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583