Сенбі, 23 Қараша 2024
2714 3 пікір 6 Сәуір, 2022 сағат 12:41

Тоқаев: Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз

"Нұр-Сұлтан әлемнің басқа елдері сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді." Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық National Interest журналының вебсайтында жарық көрген мақаласында Украинадағы соғысқа қатысты осылай деді.

"Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын шекарасы бар елдер ретінде ерекше қарым-қатынас жасап келеді. Бұған қоса Украинамен де жақын достық қарым-қатынас бар. Біз әлемнің басым бөлігіндегі елдер сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз" деп жазды Тоқаев.

Қазақстан президенті Ресейдің Украинаға басып кіргенін "соғыс" деп сипаттады. Кремль Ресейдің ішінде соғыс деген сөзді қолдануға тыйым салып, Украинаға басқыншылығын "арнайы әскери операция" деп атайды.

Бұған қоса Тоқаев қақтығысты БҰҰ жарғысына сай реттеуге үндейді әрі екі ел президенттерін кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Екі жыл бұрын Тоқаев Deutsche Welle журналисіне берген сұхбатында Қырымға қатысты "аннексия" сөзін пайдалану тым ауыр деген еді. Осы сөзінен соң ол елде және шетелде сынға қалған.

Мәскеудің одақтасы саналатын Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясының Ресейдің басқыншылығын айыптайтын қарарына дауыс бергенде қалыс қалған еді. 5 сәуірде Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азаттық тілшісіне "қалыс қалу да позиция", "біз ұлттық мүддемізді ескере отырып дауыс бердік" деді.

Тоқаев мақаласында Қазақстандағы саяси жағдайлар жайлы да жазып, "елдегі жүйе бұрын болғандай белгілі бір адамдар тобына емес, бүкіл халық үшін жұмыс істеуі керек" деді әрі Қазақстанда "саяси билік қайта теңестіріліп", ел "суперпрезиденттіктен" "нормативті президенттік" жүйеге өтеді деп сендірді.

Қазақстан президенті алда парламентті күшейту үшін конституциялық өзгерістер болатынын да меңзеді. Биылғы қаңтар оқиғасынан соң сынға қалған Қазақстан президенті 16 наурыздағы жолдауында саяси реформалар болады деп уәде еткен.

Сарапшылар Тоқаевтың "суперпрезиденттіктен бас тарту" бастамасын косметикалық өзгеріс деп санайды және авторитар басқару жүйесі сол қалпы сақталады деп болжайды.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354