Қазақстанға 130 мың Ресей азаматы келген
Соғыс басталғалы Қазақстанға 130 мың Ресей азаматы келген, деп хабарлайды ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Мәжіліс отырысында депутаттар Украинадағы оқиғаға байланысты ақпан-наурыз айларында Ресей мен Украинадан қанша азамат Қазақстанға келгенін, қанша адам азаматтық пен ықтиярхат алуға өтініш бергенін сұрады.
Марат Қожаевтың айтуынша, бірінші қаңтардан бері республикаға 457 мың шетелдік келген. Оның дені – көрші елдерден, ең көбі – өзбектер, екінші орында – Ресей азаматтары.
"24 ақпаннан 11 сәуірге дейін 130 мың Ресей азаматы елімізге кірген. 120 мыңнан астамы шығып кетті. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш екі есе өсіп отыр. Бірақ 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты шекара жабылғанын білесіздер. Ал оның алдыңғы жылдары – 2018-2019 жылдармен салыстырғанда, бұл сан үш есеге аз. Ол жылдары бірінші тоқсанда елімізге Ресейден 350-360 мың адам кіріп-шығып тұрды", - деді Қожаев мәжіліс отырысында.
Ал осы жылдың бірінші тоқсанында Украинадан Қазақстанға 3481 адам келген.
Қожаев келтірген статистикаға сүйенсек, бүгінде 170 ресейлік және жеті украиндық Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірді. Бұл өткен жылдардағы көрсеткішпен бірдей.
2019 жылы Ресейден 200-ден астам азамат Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген.
Abai.kz