Донбасс үшін шайқас басталды
Ресей әскері мен Украина сарбаздары арасында Донбасс үшін шешуші шайқас басталды. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігі хабарлады. Ресей о баста Киевті жылдам алып, Украинаның батысы Львовқа дейін жетіп, соғысты режимді алмастыру арқылы аяқтауды ойлаған болатын. Алайда Мәскеудің жоспары іске аспай, Киев облысында жеңіліске ұшырағаннан кейін, әскерін Украинаның шығысы мен оңтүстігіне топтастырды. Мәскеудің жоспары өзгерді және ұрыс даласындағы жағдайды шынайы бағалай бастады.
Сарапшылар Ресей Херсонды алғаннан кейін, Қырымға құрлық жолын ашу мүмкіндігі туғанын жақсы түсінеді. Сондықтан Мариупольді алып, Харьковты бағындырып, Ресейден Қырымға дейін құрлық жолын салуды ойластыруда дейді. Бүгінде Мариуполь қаласы әлі басқыншы Ресей әскерінің қолына өтпеді, қаланың орталық аудандарын "Азов" жасақтары мен Украина сарбаздары жанқиярлық ерлікпен қорғауда. Тіпті Ресей әскері "сендерді тірі қалдырамыз, қаруларыңды тастап, шығыңдар" деп арнайы дәліз де ашты. Алайда бірде-бір сарбаз берілмеді.
Ресей 18 сәуір күні Луганск пен Донецк облысын артиллериялық соққы астына алды. Бұл Мәскеудің ұзақ дайындалған шабуылға көшкенін білдіреді. Украина президенті Зеленский Донбасс шайқасының басталғаны жайлы былай деді: "Еліміздің шығысы мен оңтүстігінде басқыншылар соңғы уақытта шабуылдарын бұрынғыға қарағанда ойластырып, жүйелі жасауғы тырысуда. Қорғанысымыздың осал тұсын іздеп жатыр, сол арқылы негізгі күштерін кіргізуді ойластыруда.
Ресей генералдары өз әскерінің шығынына мән бере бермейтін, алайда енді барынша сақ қимылдауға тырысып бағуда. Себебі әскері тағы да қырылса, шабуылға шығатын ешкім қалмауы мүмкін. Бірақ ол стратегиялары оларға көмектеспейді. Біздің территориямызды толық азат ету тек қана уақыт еншісіндегі дүние".
Ол Донбасс үшін соңына дейін шайқасатынын ашық айтты.
"Ресей қанша әскер әкелсе де, біз күресеміз. Біз барынша қорғанамыз. Күн сайын жан аямай шайқасамыз. Украинаға тиесіліні бермейміз, ал өзгенікі керек емес. Мен барлық ержүрек сарбаздарымызға, Донбасстағы қалалар мен Мариупольге, Харьковқа өз алғысымды айтамын, олар барынша шыдауда. Олар басқыншының күшін тоқтатып, елімізді қорғап тұр. Рубежное, Попасная, Золотое, Лисичанск, Северодонецк, Краматорск және өзге қалалар осы уақытқа дейін де, қазір де, болашақта да Украинамен мәңгі бірге болады", - деді ол.
Ресей жаңа шабуылға көшкеніне байланысты АҚШ бүгін шұғыл кеңес өткізеді. Кеңеске Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада, Италия, Польша, Румыния басшылары жиналады. Басты тақырып Украинаға тағы қандай қару беруге болатынын талқылау. Пентагон қазірдің өзінде Украинаға уәде етілген ауыр артиллерия жүйелері жеткізілгенін мәлімдеді.
Мамандар Путин билігі 9-мамырға дейін Мариупольді алып, Донбассты толық басып алуды бұйырғанын айтады. Сол арқылы халқына "Донбассты азат еттік" деген насихатты ұсынбақ. Бүгінде Донбасста Ресей 110 мың әскер топтастырған, ал Мариупольді 25 мың Ресей әскері қоршап тұр. Украина тарапынан соғысқа 150 мыңнан астам сарбаз қатысуда.
Abai.kz