Кибербуллинг туралы заң. Қоғам не дейді?
Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданып, президентке қол қоюға жіберілді.
«Сенаттың түзетулері балаға зиян келтіретін, тыйым салынған немесе таратылуы шектелген ақпаратты орналастыруға жол берген интернет-ресурстармен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін өзгертуге бағытталған. Сенат депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жөнінде құзырет беруді, сонымен қатар интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұруға негіз ретінде кибербуллинг фактілерін заңнамалық түрде айқындауды ұсынды», - деді комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетова.
Оның айтуынша, Сенат ұсынған өзгерістер мен толықтырулар заң жобасының мазмұнын өзгертпейді, комитет осы түзетулерді мақұлдауды ұсынған. Заң жобасын 101 депутаттың 100-і жақтап, бірі қалыс қалды.
Балаларды интернеттегі кибербуллингтен қорғауды алға тарқан заң жобасы осы өзгерістерді ұсынған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиеваның атымен әлеуметтік желіде «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деп аталып кетті. Жаңа түзетулер ел арасында қызу талқыланды. Қоғам белсенділері, журналистер заң нормасы «сөз бостандығын шектейді», деп санайтынын айтып, оған қарсы петиция жариялаған болатын.
«Заң жобасы елде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қолдануға шектеу енгізуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер қабылданған жағдайда (заң жобасының 14-16 беті) Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Whatsapp және басқа да желілердің Қазақстан интернет кеңістігінде жұмыс істеуіне қауіп төнеді... «ҚР Заңдарының талабын бұзатын ақпарат» деген ұғымға кез келген нәрсені, оның ішінде – азаматтық қоғам тарапынан билікті орынды сынау не коррупция туралы зерттеулерді жатқызуға болады. Егер бұл түзетулер қабылданса, оның қызығын Қазақстанды 50 жылға кері кетіргісі келетін, елде Кеңес Одағы кезіндегідей цензураны күшейтіп, адам құқын таптауға ниетті шенеуніктер көретініне сенімдіміз», - делінген петицияда.
Себебі, депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиева «әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бақылау үшін Қазақстан аумағында өкілдік ашып, оның басшыларын Қазақстан азаматтарынан тағайындау керек» деген еді. Депутаттар балаларға кибербуллинг жасалған жағдайда, заңға қарсы әрекет қылған адамды тауып алып, одан әлеуметтік желіге жариялаған материалын алғызып тастауға болатынын айтты.
Дегенмен Сенат депутаттары бірінші тыңдалымда заң жобасына толықтырулар енгізуді ұсынған еді.
Бүгінгі парламент отырысында қабылданған заң жобасындағы өзгеріс мынадай: Уәкілетті орган өз қалауы бойынша интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге шектеу қойып не жұмысын тоқтата алмайды. Сенат бұл құзіретті алып тастады. Оның орнына кибербуллинг фактілері туралы арыз-шағымдарды қарайтын сарапшылар комиссиясы құрылады. Сонымен қатар Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «Комиссия тек балаға қатысты кибербуллинг деп таныған ақпараттарды ғана жоятынын» баса айтты.
Abai.kz