Қазақстан су тапшылығына дайын ба?..
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 90 км³-ден 76 км³-ге дейін төмендейді.
Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін жылына шамамен 12-15 км³, яғни 15%-ды құрайтынын білдіреді. Бүгінге дейін экономикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес, сондықтан біз әлі судың тапшылығын сезінбей отырмыз.
Бізде экономиканың түрлі саласына қатысты көптеген мемлекеттік бағдарламалар (ұлттық жобалар) қабылданды. Алайда «сол бағдарламаларды жүзеге асыруға су ресурстары жетеді ме?» деген сұрақ туындайды.
Халықаралық сарапшылар атап өткендей, Қазақстандағы басты мәселе су ресурстарын жоспарлау мен бақылау жүйесінің жетілмегендігі болып табылады. Біздегі бүгінгі жағдайды су ресурстарын басқару емес, суға деген сұранысты басқару (су тұтынуды басқару) деп атауға болады.
Біріншіден, әлі күнге дейін біз республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпаратты білмейміз. Мемлекеттік су кадастрын қазіргідей жеке ұйымдар емес, «Қазгидромет» кәсіпорны жүргізуі тиіс. Ол үшін су қорының мониторингін цифрлық форматқа және қашықтан зондтау технологиясына ауыстыру қажет. Ал бізде көптеген су қоймаларында тіпті гидрологиялық бекеттер де жоқ.
Екіншіден, қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, Қазақстанның су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау схемасын жаңарту қажет. Бұл - суды ұтымды пайдалану стратегиясы мен тактикасының негізі болып табылады.
Үшіншіден, әрбір су бассейні үшін судың нақты өзіндік құнын анықтау қажет. Онсыз су ресурстарын үнемді пайдалану мүмкін емес. «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорынның бүкіл республикаға енгізген «суармалы судың бірыңғай тарифтері» - әлемдік практикаға қайшы келеді, бұл нонсенс.
Төртіншіден, республикада суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,45-0,55-тен аспайды, яғни суармалы судың өнімсіз шығыны 50%-ға жетеді. Суармалы егістіктің тек 16%-ына ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғыларды пайдаланылады. Басқаша айтқанда, суармалы судың көп бөлігі құмға кетеді деуге болады. Сондықтан суармалы егіншілікті мемлекеттік қолдау саясатын өзгерту қажет. Оны тек су үнемдеу технологияларын қолданатындар ғана алуы керек.
Бесіншіден, климаттың аридизациясы жағдайында жерасты сулары біздің стратегиялық қорымыз болып табылады. Ең алдымен, олардың қорлары мен сапасын объективті бағалау, жер асты суларының егжей-тегжейлі картасын әзірлеу қажет. Мұндай ауқымды зерттеулер ғалымдар мен гидрогеолог мамандардың қатысуымен мемлекеттің қатаң бақылауымен жүргізілуі тиіс. Ал біз бұл жұмысты жеке ұйымдардың басқаруына бере салдық. Елімізде мыңнан астам ауыл жергілікті сумен жабдықтау жүйелері есебінен (яғни скважиналарды бұрғылау және блок-модульдерді орнату арқылы) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлап отырмыз, бірақ қазірдің өзінде онда бекітілген жерасты су қорларының жеткіліксіздігі бойынша мәселелер туындауда. Тағы бір мәселе, елде 2200-ден астам иесіз өздігінен ағатын скважиналар бар, қуаты тәулігіне 50 м³ дейінгі су скважиналарын бұрғылау үшін қазір арнайы су пайдалануға рұқсат алудың қажеті жоқ, яғни мұндай объектілерді кез келген адам сала береді. Осылай отыра берсек, біз стратегиялық ресурсымызды, яғни тұщы жер асты суын, жоғалта береміз.
Алтыншыдан, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудегі басты мәселенің бірі – су объектілерінде мамандырылған эксплуатациялық ұйымдардың жоқтығында.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, бүгінде елдегі 235 орталықтандырылған сумен және 483 орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері иесіз қалған.
Жетіншіден, су саласында кадрлардың тапшылығы қатты байқалуда. Егер тура айтатын болсақ, біз су шаруашылығы үшін мамандар даярлау мәселесін құр сөз жүзінде қалдырдық. Көптеген жылдар бойы барлық жиналыстарда, тыңдауларда осы мәселені айтып келеміз, бірақ оның шешілетін түрі жоқ. Ашығын айту керек, су шаруашылығы үшін кадрларды қазіргі заманғы деңгейде даярлауды біз өз күшімізбен қамтамасыз ете алмаймыз. Кадр мәселесін шешудің ең қысқа жолы - Қазақстанда су шаруашылығы бойынша әлемдегі жетекші университеттердің филиалын ашу.
Ең бастысы, қазір су тапшылығының өсуі жағдайында көптеген елдер су ресурстарын басқарудағы саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуде. Мұндай елдерде су ресурстарын басқарудың бірыңғай мемлекеттік вертикалы құрылған, су шаруашылығының мамандандырылған министрлігі (агенттігі) ұйымдастырылған. Ал бізде су мәселесімен 6 министрлік, жергілікті атқарушы органдар және «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамы айналысады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы су дағдарысы су ресурстарын басқару дағдарысының салдарынан орын алып отыр. Жалпы, біз мемлекеттік органдардың санын көбейтуге қарсымыз, бірақ су шаруашылығын басқаруда үнемдеуге болмайды. Саланың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, Қазақстанда су ресурстарын интеграцияланған басқару жүйесін қамту үшін, және еліміздің су қорын жоспарлау, бақылау және ұтымды пайдалану мақсатында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізетін дербес су шаруашылығы ведомствосын құруды усынамыз.
Ақылбек Күрішбаев,
Сенатор
Abai.kz