Ең ауқатты 50 адам һәм Назарбаевтар...
«Forbes.kz» сайты жыл сайынғы дәстүрінен жаңылмай, Қазақстандағы аса бай 50 бизнесменнің тізімдігін жариялапты.
Әлемдік саясаттағы ала-құла ахуал Қазақстан ауқаттыларының қалтасын біраз қақанға ұқсайды. Сарапшылар, қазіргі кезеңді - экономика ырғалып-қозғалып тұрған пандемиядан кейінгі кезең дейді. Оған Ресейдің Украинаға ашқан соғысы мен Батыстың, АҚШ-тың дүркін-дүркін санкцияларын және қосып есеп қыласыз. Өйткені, Ресейге салынған қап-қап санкциялардың Қазақстан экономикасына да тікелей және жанама әсері бары белгілі. ЕАЭО-деген Ресей мүддесіне жүмыс істейтін монополиялық одақсымақ тағы бар. Қысқасы, «Forbes.kz» тізіміндегі терең қалталы топтың жағдайы осындай...
«Forbes.kz» ұжымы сөз басында: «Жыл басындағы «Қаңтар оқиғасынан» кейін және елішілік саяси өзгерістерге байланысты рейтингтің тұрақты қатысушыларының кейбірі редакциямызға арнайы шығып, бұл жолы тізімге қоспауды сұрады», - деп жазыпты. Өйткені, Президент аппараты мен Үкімет ауқаттылар тізіміне еенгендерді «мәжбүрлі-ерікті» түрде түрлі бастамаларға демеушілікке тартып, әурелейді екен... Десе де, «Forbes Қазақстан» ұсынған тізімнің түгел елуін тізбелемесек те, алғашқы ондығыша көз жүгіртелік:
1. Владимир Ким. 61 жаста. Дәулеті – 5 млрд долларды құрапты.
2-3. Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Тимур – 55-те, Динара – 54-те. Әрқайсысының есебінде 3,9 млрд доллардан бар екен. Жиынтық сома – 7,8 млрд доллар.
4. Вячеслав Ким. Жасы – 52-де. Дәулеті – 3,2 млрд доллар деп бағаланыпты.
5. Михаил Ломтадзе. 46 жаста. Оның байлығы – 3 млрд доллар екен.
6. Болат Өтемұратов. 64-тегі Бөкеңнің байлығы – 2,8 млрд доллар деп есептеліпті.
7. Тимур Турлов. 34 жаста. Жиған-терген байлығы – 2 млрд долларға бағаланған.
8. Ибрагимовтер отбасы. Әйгілі Еуразиялық үштіктің бірі болған Әділжан Ибрагимовтың отбасы ғой. Олардың байлығы 1,29 млрд доллар деп есептелген.
9. Кеңес Рақышев. 42 жаста. Оның дәулеті – 960 млн доллар дейді.
10. Сәрсеновтердің отбасы. Оларға тиесілі сома – 897 млн долларға бағаланған екен.
Алғашқы ондықтың сықпыты осы. Биыл бұл тізімге Назарбаевтар әулетінің тағы екі мүшесі қосылған екен. Олар:
1. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева. 59 жастағы Дариға Назарбаева бұрын да бұл тізімде болып көрген. Кейін мемлекеттік қызметте жүргендіктен, тізімнен шыққан. Қазір, қайта оралыпты. Себебі де түсінікті. Дариға Нұрсұлтанқызы рейтинге 13-ші орынға жайғасыпты. Оның кәсібі – 584 млн долларға бағаланған.
(Суретте Болат Назарбаев)
2. Нұрбол Назарбаев. Болат Назарбаевтың ұлы екен. 38 жастағы Нұрбол Назарбаевтың капиталы – 160 млн доллар деп көрсетілген. Оған тиесілі бизнестер: «Prime Capital Invest» ЖШС мен «Корпорация Үш Қоңыр Инвест» ЖШС. Сонымен қатар, «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС-ға және «PLS-TM» ЖШС-ға иелік етеді екен.
«Қамаудағы құда» Қайрат Боранбаев
Есесіне, биыл Қазақстан ауқаттыларының тізімінен «қамаудағы құда» Қайрат Боранбаев шығып қалыпты. Өзін «экс-құдамын» деп есептейтін Қайрат Боранбаев былтырға дейін ауқаттылар тізіміндегі алғашқы ондықтан, ықпалдылар тізіміндегі алғашқы бестіктен түспей келген еді.
«Қаңтар оқиғасынан» кейін қолына кісен салынып, сот шешімімен уақытша қамауға алынған. Оны Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері 15 наурызда ұстады.
Қайрат Сатыбалды да тізімде жоқ
Тізімнен шеттетілгендердің бірі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды. Қайрат Сатыбалды арагідік ауқаттылар тізіміне еніп тұратын. Ол да «қаңтардан» кейін қамалғандардың бірі. 13 наурыз күні ұсталды. Сот шешімімен уақытша қамауға алынды. Қайрат Сатыбалды Елбасы әулетіндегі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Оның қаңтар оқиғаларана тікелей қатысы болуы мүмкін деген ақпаратты сан түрлі БАҚ көздері жазуда. Ал ұзақ жылдар бойы Сатыбалды еліміздегі радикализмге тікелей қатысы бар адам ретінде аталып келеді. Қайрат Сатыбалдыға тиесілі фирмалардың иелігінде болған «Қазақтелеком» АҚ-ның 28 пайыз акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы белгілі болды. Мұны Үкіметтің өзі сүйіншілеп хабарлаған.
Қысқасы осы...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz