Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы күрделі мәселе!
Отбасылық- тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы күрделі мәселенің бірі де бірегейі. Қоғамның әлсіз топтары болып саналатын балалар, әйелдер мен қарттар көбінесе тұрмыстық өмірде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады.
Әсіресе 2020 жылы пандемия басталғалы отбасында қорлық көргендер саны көбейе түскен. Карантин уақытында күні –түні төрт қабырғаға қамалған ерлі-зайыптылардың бір-біріне, балаларына үй ішіндегі болатын әр түрлі жанжалдан қол көтеруі жиілейтіні анық. Кейде отбасындағы қатігездіктен жапа шегушінің қаза болған жағдайлары да аз емес. Ресми мәліметтер бойынша 2020 жылы қаңтар-қыркүйек айларында құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық көрушілерден 130 мың шағым келіп түскен.
Оның 2,5 мыңына қылмыстық іс қозғалып, 30 мыңы әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылған екен. Отбасылық өмірде таяқ жеп, зорлық көріп жүрсе де көпшілік полицияға арыз түсіре бермейді не болмаса жазған шағымын қайтарып алатындар бар. Елімізде 10 жәбірленушінің екеуі ғана полицияға жүгінеді. Сондықтан құқық қорғау органдары тиісті шараны қолдана алмайды екен. Сол кездегі ҚР Ішкі істер министрі болған Ерлан Тұрғымбаев: "Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар саны 25% - ға өсті. Төтенше жағдай режимі кезінде азаматтардың оқшаулануына байланысты зорлық - зомбылық құрбандарының дағдарыс орталықтарының жедел желілеріне жүгінулері көбейді", - деген болатын. Ал, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспановтың хабарлауынша, 2020 жылы отбасындағы агрессорларға қатысты полиция 43 мыңнан астам қорғаныс бұйрығын шығарды. 3,5 мың қазақстандық ұрып-соққаны үшін жауапқа тартылды. Ішкі істер органдарының материалдары бойынша Соттар 5 мыңнан астам "отбасындағы тирандарға" ерекше талаптар қойған. Пандемия кезінде отбасылық зорлық-зорбылық саны артқан соң полиция бұл күрмеуі қиын мәселеге қарсы күресті күшейткен.
«Алдын алудың жаңа әдістері әзірленіп, енгізілді. Біріншіден, мессенджерлерде бейне қоңыраулар арқылы тұрмысы нашар отбасылар мен есепте тұрған адамдарға қашықтықтан мониторинг жүргізіледі. Бұл шара агрессия жасауға бейім азаматтарды бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Екіншіден, полиция органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы жылдам хабарлау үшін арнайы алгоритм әзірленді. Бұл алгоритммен дәріханалар мен аула дүкендерінің сатушылары, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 12 мыңнан астам ықтимал құрбандары танысты. Үшіншіден, полиция үкіметтік емес сектормен, әсіресе ел бойынша 40-тан астам дағдарыс орталықтарымен тығыз жұмыс істейді. Полицейлер аталған ұйымдардың әлеуметтік-құқықтық және психологиялық жұмысына қосылуда. Төртіншіден, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. ІІМ-нің барлық аумақтық бөлімшелерінде "отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ" акциясы өткізілді, оған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-ның 7,5 мың өкілі қатысты”,-деді Әсет Оспанов.
Дағдарыс орталықтары одағының ақпараты бойынша 2020 пандемия жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі 41%-ға өскен. Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының басшысы Зульфия Байсакованың kaz.365info.kz сайтына берген сұқбатын былай дейді: «25 мыңнан астам әйелге заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Жыл сайын 17 мыңнан астам абонент 150 сенім телефонына хабарласады, 7 мыңға жуық баласы бар әйел әлеуметтік баспанадан пана табады. Бірақ бұл ортақ статистика. Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын шартты түрде бес санатқа бөлеміз: Бірінші топ- шыдап жүре береді, ешкімнің көмегіне жүгінбейді, екінші топ- полицияның көмегіне жүгінеді, бірақ құқық бұзушымен бірге өмір сүруді жалғастырады, үшіншісі- терезеден секіреді, төртіншісі- өзін-өзі қорғау кезінде қылмыскерді өлтіреді, бесіншісі- тиранмен қарым-қатынасты тоқтатады» екен. Бұл жерде әйелдерге ғана қатысты зорлық-зомбылық фактілері келтірілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелдерден бөлек, балаларға да қысым көрсету тыйылмай келеді. Қазақстан мен ЮНИСЕФ зерттеулеріне қарағанда, үй –ішінде балаларды тәрбиелеу мақсатында 75 пайыз ересектер қол көтереді екен. Әрбір екінші отбасында не болмаса балабақшада 14 жасқа дейінгі балалар күш көрсетудің құрбаны болады, ал, мектеп оқушыларының үштен екісі мектептегі мұғалімдерінен немесе қатарлас құрбыларынан жәбір көреді. Зорлық-зомбылықтың ең жоғары көрсеткіші интернаттар мен балалар үйлерінде анықталған.
Елімізде бұл мәселені реттеудің бір жолы ретінде 2020 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң жобасы көтерілген болатын. Құжат құқық бұзушылардың заңдық жауапкершілігін ғана емес, агрессиялық мінез-құлқын өзгерту үшін психологиялық тұрғыдан да әрекет етеді. Сол арқылы отбасылық зорлық-зомбылыққа барған азаматтардың мұндай әрекеттен бас тартуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, отбасылық зорлық-зомбылыққа барып, құқық бұзушылық жасаушыларға қатысты бірқатар жаңа талаптар жаңа заң жобасына енгізілді. Алайда бұл заң туралы қоғамның пікірі екіге бөлінді. Жақтаушылар да, даттаушылар да болды. Ақыр аяғында заңды енгізбеуді қолдайтындардың пайдасына шешіліп жаңа заң қабылданбай қалды. Қазіргі уақытта еліміздегі тұрмыстық-зорлық зомбылықты ретке келтіретін үш құқықтық акт жұмыс істейді. Олар: 2009 жылғы Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң; 2014 жылғы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен 2014 жылғы Қылмыстық кодекс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысындағы сөзінде Ішкі істер министрлігіне бағынатын әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің қызметін күшейтуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы сол кездесу барысында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа ерекше ден қойып тоқталып өтті.
«Жыл сайын елімізде әйелдерге қатысты 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеледі. Оның ішінде адам өліміне алып келетін жағдайлар да бар. Бұл өткір мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіруі қажет. Бұл ретте Ішкі істер министрлігіне қарасты 1999 жылы құрылған әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Аталған бөлімшелер полиция мен азаматтық қоғамның арасында дәнекер болуы керек. Алайда кезінде олардың штаттық саны, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркелетін аймақтарда екі есеге дейін қысқартылды. Ішкі істер министрлігіне әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелердің штатын қайта қалпына келтіруді тапсырамын»,- деді президент. Тұрмыстық отбасылық зорлық-зомбылық қоғамның өткір мәселесі. Сондықтан қоғамның әлсіз топтарына көрсетілетін қысымды жою үшін отбасында зорлық-зомбылық көрсетушілерді қатаң жазаға тартатын заң жобасы біраз мәселені шешетіні анық.
Abai.kz