Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2229 0 пікір 12 Қараша, 2012 сағат 06:39

Жәнібек Қожық. Тайлақтың тағдыры...

Бұл күндері тәуелсіздіктің тағдыры таразыға түсіп тұр. Осыны ойлағанда өткен жылғы апанға құлап өлген тайлағымның тағдыры есіме түседі. «Мал - бас садағасы» деген бар, мүмкін Алла бізге тайлақтың өмірі сабақ болсын деп көрсеткен болар. Сол оқиғаны өздеріңмен  бөліскенді жөн санадым.

Бұл күндері тәуелсіздіктің тағдыры таразыға түсіп тұр. Осыны ойлағанда өткен жылғы апанға құлап өлген тайлағымның тағдыры есіме түседі. «Мал - бас садағасы» деген бар, мүмкін Алла бізге тайлақтың өмірі сабақ болсын деп көрсеткен болар. Сол оқиғаны өздеріңмен  бөліскенді жөн санадым.

Ауылда тұрғаннан соң, қолымызға азын-аулық мал ұстаймыз. Жалғыз сауынды түйем болатын. Ол да өте жай, маусым айында боталады. Әлгі түйе ботасына бірде келіп, бірде келмей далада түнеп қалып жүрді. Тамыз айының ортасында түйе жоғалып кетті. Ботаны қорадан далаға шығармай, қыс бойы қолда ұстадық. Алдына жемін, суын, шөбін үзбей бердік. Қыс кетіп, жаз шықты. Әлгі жетім бота жарылардай семіріп, тайлақ болды. Ел қорадағы малдарының бәрін далаға шығарды. Біз де жеті ай қорада қамалып тұрған тайлаққа еркіндік беріп, бостандыққа шығардық. Түйелерге қосып далаға айдадық, бірақ әлгі тайлақ түйелерге ермей, қорадан шыр айналып шықпай қойды. Тамақ бермей, қораның есігін жауып қойдық. Сонда да тайлақ қораның алдына келіп шөгіп жатып алды. Үйдің есігінен адам шықса болды, тұра ұмтылады. Жуынды құйар ма екен деп, артыңнан қалмайды. Тайлағымның жағдайын айтып, көрші шалдан кеңес сұрадым. Көпті көрген  көнегөз қария ұзақ жылдар мал баққан кісі еді. «Шырағым, тайлағыңды бота кезден бастап қараңғы қорада ұстапсың. Сондықтан да, екі көзі алысты көрмей қалған. Далаға шықпағасын, еркіндікте жүрмегесін аяғы да маймақ болыпты. Керек десең, тайлағыңның мойны шөпті жұлып жеуге жерге жетпейді. Қараңғы қорадан бірден жарыққа шыққасын, еркіндікке үйрене алмай, басы айналып, әбден мәңгүрт болып қалған ғой», - деді. «Ақсақал, сонда мен не істейін?»-деп сұрадым. «Еркіндікке үйрену үшін біраз уақыт керек. Сен тайлағыңды шөбі шүйгіндеу, жусаны қалыңдау жерге апарып, арқандап қой. Бір айға дейін солай істесең үйреніп кетеді, не дегенмен түз малы ғой», -деп кеңесін айтты қария. Біз қарияның ақылын тыңдап, күнде таңертең ауылдың алдына шығарып, арқандап қойып жүрдік.

Сүйтіп жүргенде, бір күні ауылға орыстың жер қазатын тракторы келе қалды. Әркім ақшасын төлеп, қорасының айналасын тазартып жатыр. Мен қораның дәл іргесінен күл-қоқыс төгетін үлкен шұңқыр қаздырдым. Әлгі көрші қария келіп: «Балам, қораның түбінен шұңқыр қазып жатқаның не? Ертең малың түсіп кетеді ғой, күбірді ел құсап көлікке тиетіп, далаға төктіртпейсің бе?»-деп, ескерту  жасады. «Ой, ақсақал, қоқыс үшін көлік жалдап, екі шығынға қалып жатамын ба? Керек болса, сіз де күбірлеріңізді осыған төге беріңіз, әдейі терең қылып қаздырып жатырмын»-дедім.

Арада үш жұмадай уақыт өтті. Күнде таңертең, балаларым әлгі тайлақты бақыртып-шақыртып жетектеп бара жатады. Балалар да әбден жалыққан ғой. 21 күн дегенде тайлақты «үйренген шығар» деп, босатып жіберіпті. Әлгі тайлақ, «қора қайдасың?» деп, тапырақтап алып ауылға қарай жөнеледі. Иә, не боларын ішіңіз сезіп отырған болар. Дәл таптыңыз, аяқ жолын ғана көретін соқыр тайлақ әңгірлеп келіп, қораның іргесіндегі терең шұңқырға күмп ете түсті. Сол жерде мойын омыртқасы үзіліп, пышаққа ілінбестен жан тапсырды. Ірі, семіз тайлақты шұңқырдан тартып шығара алмадық. «Топырағы сол жерден бұйырған болар» деп, әлгі шұңқырға тайлақты көме салдық.

Міне, жетім тайлақ 7 ай 21 күн ғана өмір сүрді. Оның 7 айында қараңғы қорада қамаулы тұрды. Қамаудан шыққанына 21 күн ғана уақыт болатын. Өзге түйелер сияқты өріске ұзап шығып көрген емес. Өз аузымен бір түп жусанды жұлып жеген жоқ.  Мейірі қанып, еркінше су да ішпеді. Ең соңында көзін соқыр, аяғын маймақ, өзін мәңгүріт қылған қораға қайтып кіремін деп апанға құлап опат болды.

Осы тайлақтың тағдыры қазақтың тағдырына көбірек ұқсайтын сыңайлы. Біз де 70 жыл бойы Ресейдің қорасында болдық. Дүниеде болып жатқан өркениеттің бәрінен мақұрым қалдық. Тек, қарнымыздың тойғанына ғана мәз болыппыз.  Әліде сол заманды армандайтындар жетерлік. Кеше бір тойда екі шал әңгімелесіп отыр. «Пай, шіркін, Кеңес үкіметіне не жетсін?! Нан көп, қарын тоқ, уайым-қайғы жоқ еді ғой, тіпті бір тойға он жәшік арақ жетпей қалатын еді. Әй, құрдас-ау, ол кездегі арақ кәзіргідей мас қылмайтын еді. Екі жігіт болып бір отырғанда он бөтелке арақты ішіп жүре беруші едік»-деп жастық шағын еске алып отыр.

Иә, Тәуелсіздік - бізге Тәңірдің берген сыйы болатын. Өткенде бір гәзеттен өзім сыйлайтын бір ағамның «Біз тәуелсіздік үшін күрестік. «Мен тәуелсіздік декларациясына қол қойғанмын» деп мақтанып берген сұхбатын оқып қатты ыңғайсыздандым. Тіпті, ұят екен. Тарихқа тура қарау керек емес пе?!

Сонау 90-жылдардың басында Кеңес үкіметінің қауқары әлсіреп, шаңырағы шайқала бастағанда Балтық елдері бірінен-соң бірі бостандық сұрап, бұлқына бастады. 1991 жылдың 17 сәуірінде Кеңес үкіметінің тарихындағы ең соңғы жалпыхалықтық референдум болды. Референдумның күн тәртібінде «Конфедерациялық одақ керек пе? (КСРО керек пе, керек емес пе?)» деген сұрақ болды. Ұмытпасам, Қазақ Республикасы 90 пайыз «КСРО керек» деп дауыс берді. Бірақ, Балтық елдері бұған қарсы болды. 1991 жылдың 19 тамызында КСРО-ның керегесі құлап, шаңырағы ортасына түсті Бірінші болып Янаевтың қуыршақ үкіметін атқылап, КСРО-ны құлатқан Ресейдің тұңғыш президенті  Б.Елцин болатын. Дәл сол кезде құрсауда отырған  республикалар жаппай, бірінен-соң бірі өз тәуелсіздіктерін жариялай бастады. 14-ші болып 1991 жылдың 27 қазанында Түркменстан  өз тәуелсіздігін жариялады. КСРО-ның қара жұртында Қазақ елінен басқа ел қалған жоқ болатын. Ал, біздің ел 1991 жылы 16 желтоқсанда зорға деп, әрең  тәуелсіздігін жариялады. Сол кезеңде Кремльде КСРО-ның ең соңғы қалдыбас призденті М. Горбачёв жалғыз қалған болатын. Ол да Қазақстаннан айырылған соң, 1991 жылдың 24 желтоқсанында КСРО-ның тарағанын жариялады.

Бұл - ащы да болса, тарихи шындық еді. Қайда да, оңай олжаның қадір-қасиеті болмаған. Қазіргі біздің биліктің «Еуразиялық одақ, еркін эканомикалық аймақ» деп жүргендері атын ғана өзгерткен баяғы бодандық. Ортақ тіл, ортақ әскер, ортақ шекара, ортақ парламент, ортақ....тағы да айтылмаған не бар соның бәрі де ортақ болмақ. Баяғыда аталарымыз «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деген екен. Біз қанша жерден ортақ дегенмен, орыстың ақырған аюы қазақтың момақан қойымен ортақ астаудан тамағын бөлісіп жейді дегенге кім сенеді?

Осының алдын алмақ болған Алаштың арлы азаматтары бас қосып, жалпы халықтық референдум өткізу үшін жұмыстанып жатыр. Осы жолы ел болып бас біріктіре алмасақ, елдігімізге сын, азаматтығымызға мін болмақ. Қазақ үшін тәуелсіздіктен артық құндылық болуы мүмкін емес! Ал, қазір тәуелсіздіктің тағдыры қалт-құлт етіп таразыда тұр.

Не егеменді ел боламыз, не Ресейге кіріп жем боламыз. Тек, Алладан тілейтініміз: Тәуелсіздіктің тағдыры - тайлақтың тағдыры болмағай.

Маңғыстау облысы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1485
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5515