Қайрат Құдайберген әділдік сұрайды
Қаңтар оқиғасына қатысып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп күдікке ілінген кәсіпкер Қайрат Құдайберген әлеуметтік желіге жазба жариялады. Ол «Маған керегі тек әділдік»,- дейді.
"Мен өмірде көп ауыр сөз естідім. Мұғалімім «Бұл өмірде ештеңеге жете алмайсың», -деді. "Сен жеткілікті бал жинамадың",- деді ҰБТ-дағы қабылдау комиссиясының мүшесі, 2008 жылғы дағдарыста менің банкирім маған: "Сен банкротсың!", деді. Досымның анасы "Досың енді арамызда жоқ", - деді.
Өмірімде мұндай сөздерді көп естідім. Мен тұтқынға алынып, 30 күн өткенде тергеуші қолыма кісен салып алып бара жатты. Сол кезде мені 5 жасар ұлым Қасымхан көрді. Оның айтқаны өмірімдегі ең ауыр сөз шығар. Оның айтқан сөзі құлағымда тұнып тұр. «Әке, мен сіздің түріңізді ұмытып қалдым. Сізді көрмегеніме көп болды…» Осы кезде ішімде бірдеңе жарылғандай болды, бірақ сол кезде бір нәрсе күшейе түсті.
Біздің мемлекетімізде болатын ең ұят нәрсе, ол кінәсіз адамды түрмеге жабумен қатар, қысым көрсету үшін оның балалары мен әйелімен кездесуіне рұқсат бермеу. Бірақ бұл жақтағылардың бәрі бірдей емес, арасында абыройын ойлайтын адамдар да бар. Бүгін менің талап ететінім тек әділеттілік! 2 маусымда ұлым Қасымхан 6 жасқа толады. Алайда мына әділетсіз жүйенің кесірінен оны көруім де, тіпті құттықтауым да екіталай" - деп жазды кәсіпкер өз парақшасында .
Қайрат Құдайберген 21 сәуірде Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты және ұйымдастырды деген күдік бойынша қамауға алынды. Қазір Алматы тергеу соты оны қамауда ұстау мерзімін 21 маусымға дейін ұзартты.
Abai.kz