Қазақстан қоныс аударуға қолайлы аймақ па?
EGov порталында шетелдіктерге ЖСН беру қызметі тоқтатылды. Қызметтің қолжетімділігін қалпына келтірудің жоспарланған мерзімі – 1 қазан. Қызметтің тоқтатылу себептері көрсетілмеген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наурыздан бастап 35 782 Ресей азаматы ЖСН алды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 есе көп (2230 ресейлік). Сондай-ақ, 637 Украина азаматына ЖСН берілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп (213 украин).
Ресей Украина жеріне басып кіргеннен кейін, батыстың санкциясынан жағдайы кете бастаған немесе Путиннің соғысын қолдамайтын ресейліктер бұрынғы кеңестік елдерге көше бастады. Украиналықтар соғыстан бас сауғалап, елден кете бастады. 2022 жылдың бірінші тоқсанында елімізге Ресейден 204 947 адам келген. Бұл деректер Ресей Федерациясының барлық ведомствоаралық статистикасы жиналатын EMISS бүкіл ресейлік платформасында жарияланды.
EMISS мәліметтері бойынша, биылғы жылдың алғашқы үш айында Ресейден 3 миллион 880 мың 679 азамат көшіп кетті. Бұл соңғы 21 жылдағы көшкен адамдар санынан сәл ғана аз. Мысалы 2000-2021 аралығында 5 миллион ресейлік өзге елге қоныс аударған.
2022 жылдың бірінші тоқсанында Ресейден Грузияға - 38 281 адам, Арменияға - 134 129 адам, Өзбекстанға - 53 084 адам, Тәжікстанға - 40 054 адам кетті. Ал, Қазақстанға келгендер саны 205 мыңға жуық.
Ресей әлемде агрессия ошағы ретінде қабылданып тұрған уақытта ресейліктердің елімізге ағыла келуі «еңбек нарығындағы бәсекелестікті арттыра ма?» деп, ел-жұртты алаңдатып қойды. Бұл туралы сұраққа наурыз айында бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов жауап берген болатын. Ол алаңдайтын дәнеңе жоғына сендіре сөйледі.
"Бүгінгі таңда біз Ресей тарапынан еңбек мигранттарының соншалықты үлкен ағымын көріп отырған жоқпыз. Қазір Қазақстанда Ресейдің 100 мыңға жуық азаматы бар. Оның 6 мыңы 2022 жылдың басынан бастап жұмысқа келгендер. Керісінше жыл өткен сайын Қазақстанға келетіндерден кететіндер көп", - деген еді Шапкенов.
Оның сөзінше, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшіне квота беру Ресей мен ЕАЭО-ның басқа да елдерінің азаматтарына қарастырылмайды.
"Ресейліктер жаппай көшіп келген жағдайда біз не істейміз? Бірінші кезекте, біз жұмыспен қамту орталықтары арқылы өз азаматтарымызды жұмысқа орналастырамыз. Екіншіден, азаматтардың жекелеген санаттары - мүгедектігі бар адамдар, көп балалы аналар, жастарды жұмысқа орналасу үшін жеке бағдарламалар бар", - деді министр.
Көшіп келушілердің айтуынша, ресейліктер Қазақстанды қоныс аударуға қолайлы аймақ санайды. Оның бірнеше себебі бар: елдің қажетті деңгейде дамыған экономикасы, жұмыс істеуге қолайлы жағдай бар, көші-қон қағидаларының ыңғайлылығы екен.
Айта кетейік, жақында ресейлік эстрада әншісі Лев Лещенконың Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету ғимаратында жүрген суреті әлеуметтік желіде тарады. Басқа отандастары сияқты ол де өзіне қазақстандық ЖСН жасатуға келген болар деген сыбыс пайда болды. Алайда Азаматтарға арналған үкіметтің баспасөз қызметі де, Лещенконың өзі де Қазақстанның азаматтығын алу туралы ақпаратты растамады не терістемеді.
"Мен бұрын премьер-министр болған досымның туған күніне келдім. Бірге дастарханға отырдық, болды. Реті келген соң, ХҚКО-ға белгілі бір операцияны рәсімдеуге бардым. Қазір бәрі мені осы жерде қалады деп жатыр. Олай емес, мен Байқоңырдан Марсқа ұшуға құжат дайындатып жатырмын. Қазақтар келісіп қойды»,- деп ХҚКО-ға не үшін барғанын жасырып, екіұшты жауап берген болатын.
Қазтай Жанерке Жандосқызы
Abai.kz