Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 5756 5 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 15:40

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу: Әкімдер не істеді?

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырдың басынан бастап елуінші жылдарына дейін созылған түрлі саяси науқандар, зұлмат-сүргіндердің ащы зардабын барша кеңес халқы татты дегенімізбен, дәл қазақ халқы сияқты рухани, демографиялық апатқа, орны толмас қасіретке ұшыраған бірде бір ұлт жоғы және рас. Он алтыншы, жиырма бірінші, отыз екінші жылғы сүргіндер мен аштықта ұлтымыздың үштен екі бөлігі опат болды. Жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдардағы жазықсыз жазаға ұшырап қыршын кеткен мыңдаған ұлт қаймақтарының тағдырын ойлағанда жан түршігеді.

Совет өкіметінен келген қанқұйлы қасіретті жылдарды айттық. Ал, сол жылдардың өтемі, жауапкершілігін кім мойнына алмақ? Ющенконың тұсында Украина «Голодоморды» халықаралық деңгейде көтеріп, Ресейдің украин халқынан кешірім сұрауын талап еткені бар. Біздің билік әрине, ондай батырлыққа барған жоқ.

Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Біз қанды жүйенің, қаскөй жүйенің, орыс билігінің, Совет билігінің қазаққа жасаған қастығын ешқашан ұмытпаймыз! Күллі әлем жұрты бұл зұлматты «геноцид» деп танитын уақыт жетті!

Ал, бүгін Қазақстанның өңір-өңірлерінде қандай шаралар атқарылды? 9 мамыр мен 31 желтоқсанға ай бұрын дайындалатын облыс, қала басшылары бүгін не істеді? Біз шолып шықтық...

Президент не істеді?

Мемлекет басшысы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына арнап құран оқытты. Сосын Елордадағы «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоғын қойды.

Алматы

«Бүгін Алматы қаласында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары мен жақындары, мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысты. Нөсер жаңбырға қарамастан, еске алу күні рәсіміне қаланың 100-ден астам тұрғыны жиналды. Олар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды», - деп жазды қала әкімдігінің сайты.

Қала басшысы Ерболат Досаев 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан. Досаев келіп қатысқан шарада жазушы Смағұл Елубай, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Хангелді Әбжанов, кинорежиссер Геннадий Земель сөз сөйлеген.

Атырау

Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкенов «Жеңіс» саябағында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан. Бұл туралы облыс сайты хабарлаған.

Жиынға қатысушылар ескерткішке гүл шоғын қойып, нәубет жылдары құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Сондай-ақ, шараға азапты жылдары зардап шеккен атыраулықтардың жақындары мен туыстары қатысты.

Батыс Қазақстан облысы

«Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қала тұрғындарымен бірге саяси құрбандарға арналған ескерткіш басына барып, қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етті», - деп жазады Батыс Қазақстан облысының «Рухани жаңғыру» Facebook парақшасы.

Қарағанды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қарағандыда митинг-реквием ұйымдастырылды. Дәстүр бойынша іс-шара Спасск мемориалдық кешенінде өтті.

Митингке Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Сондай-ақ, зардап шеккендерге құрмет көрсету үшін елшіліктер мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері келді.

Мұнда түрлі мемлекеттер қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға 28 ескерткіш белгі орнатқан. Митингке қатысушылар оларға гүл шоқтарын қойды.

Ақтөбе

Ал, Ақтөбе қаласының тұрғындары жиналған «Арайлы Ақтөбе» Facebook парақшасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға шақырту жарияланыпты.

«Құрметті Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтары! Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай 31 мамыр сағат 10.00-де «Түйетөбе» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Аталған шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтарын, тума-туысқандары мен қала тұрғындарын шақырамыз!

Еске алу шарасына қатысушылар үшін 31 мамыр сағат 7.30-дан бастап тұрып, 8.15 -те «Айна» сауда үйінің (Әбілқайыр хан 42) жанынан 3 автобус, Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма (Тахауи Ахтанов көшесі 52) театры алдынан 2 автобус «Түйетөбе» ескерткішінің бағытына қарай жүреді.

Еске алу және бабалар рухына тағзым жасағысы келетін азаматтарды еске алу шарасына қатысуға шақырамыз», - делінген шақыртуда.

Қызылорда

Қызылорда облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналып Қызылорда облыстық архивтері мекемесінің мәжіліс залында «Ұлт тарихындағы зұлмат жылдар жаңғырығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткен. Бұл туралы аймақтың Мәдениет басқармасы Facebook парақшасында жазылды.

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысында 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуге қала тұрғындары жиналған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ассамблеясының әлеуметтік желі парақшасында жазылды.

«Бүгін еңбек сіңірген қайраткерлер, облыс басшылығы, өңір белсенділері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаев ескерткішінің жанында жыл сайынғы дәстүрлі акция өткізді.

Ескерткішке гүл қойылып, жазықсыз қаза тапқан миллиондаған адамдарды еске алу құрметіне ие болды», - деп жазды аймақ ассамблеясының Facebook парақшасында.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылған.

«Шараға қатысушылардың қатарында облыстық және қалалық мәслихаттардың, Ардагерлер кеңестерінің, Қоғамдық кеңестердің, «Amanat» партиясы облыстық филиалының, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, қайғылы кезеңде қаза тапқан марқұмдардың туыстары мен жақындары да болды», - делінген.

Алматы облысы

Талдықорғанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митинг өтті. Шара І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанындағы Жансүгіров ескерткішінің алдында ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімдігі Facebook желісінде жазды.

«Облыс әкімі Қанат Бозымбаев, І.Жансүгіровтің немере қарындасы Нұрпан Жансүгірова бастаған ресми қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етті.

Мұнан соң профессор, «Ілиястану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазинов тарихи деректерді мысалға келтіре отырып, қуғын-сүргін зобалаңына қысқаша тоқталды.

Атап өтсек, бүгін осындай іс-шара Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында да өтуде. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.

Жыл сайын осы күні зұлмат жылдардың құрбаны болған азаматтарды еске алу шаралары тұрақты ұйымдастырылады», - делінген ресми ақпаратта.

Павлодар облысы

Біз мақаламызды жариялап болғаннан кейін, Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы хабарласып, Павлодар облысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өткенін хабарлады. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жиналған көпшілікпен бірге  1927-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, еске алу рәсімін өткізді.

Ұйықтап жатқан әкімдер...

Бүгін, 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Түс ауды. Сағат тілі 15:30-дан озды. Біз бірқатар облыс әкімдіктерінің ресми сайттарынан 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты ақпарат іздеп таба алмадық.

Шығыс Қазақстан облысы

Даниал Ахметов тізгінін ұстаған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтында бүгінгі күнге қатысты бірде-бір ақпарат жарияланбапты.

Нұр-Сұлтан қаласы

Елорда әкімдігінің ресми сайтында жаңалықтар анонсы жарияланыпты. Онда 31 мамыр күні өтетін іс-шаралар реті баяндалған.

«31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу күні «Жастар» сарайы әлеуметтік желідегі аккаунттарында арнайы бейнеролик жариялайды. Күндіз сағат 10:00-де қалалық Амфитеатр сахнасында «BALAPAN ӘЛЕМІ» атты концерттік бағдарлама-фестиваль өтеді. 3 маусым сағат 11:00-де сарайдың концерт залында М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері «Братец Лис и братец Кролик» ертегісін қояды. Сол күні сағат 19:00-де Амфитеатрда Қазақ ұлттық өнер университеті «ШАБЫТ ШАТТЫҒЫ» концерттік бағдарламасын ұсынады», - деп жазылған.

Шымкент

Шымкент қалалық әкімдігінің ресми сайтында да ешбір ақпарат жарияланбаған.

Ақмола облысы

Ақмола облысы әкімдігінің ресми сайтында соңғы жаңалық 18 мамыр күні жарияланған екен.

 

Қостанай облысы

Архимед Мұхамбетов тізгінін ұстаған Қостанай облыстық әкімдігінің ресми сайты да үнсіз. 27 мамырдан кейін бүгін бір материал жарияланған. Онда облыс әкімінің «Нұрлы жер» бағдарламасын талқылағаны жазылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Құмар Ақсақалов басқаратын Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтында соңғы рет 30 мамыр күні бір материал жарияланған. Ал, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне қатысты бірде-бір жаңалық жоқ.

Түркістан облысы

Өмірзақ Шөкеев тізгіндеп отырған Түркістан облысы да бүгін үнсіз жатыр екен. Әкімдіктің ресми сайты бүгін бірде-бір материал жарияламаған.

 

 

Түйін:

Облыс әкімдіктерінің ресми сайты – аймақтағы ел тізгінін ұстаған әкім мырзалардың басты медиа алаңы екенін ескерсек, Ақорда аманатын арқалаған ақ жағалылардың не істеп, не қойғанын да жұрт әуелі осы алаңдардан іздейтіні сөзсіз.

Бүгін ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өтті. Дәл осы күнді кейбір әкім-қаралар мүлдем естен шығарып алған секілді. Әкімдердің өздері де, ақпаршылары да (ресми сайттары) қалың ұйқыға кеткен бе дерсіз. Десе де, күн әлі аяқталған жоқ. Әр істе кешігіп жүретін әкімдіктердің ресми сайттарын ертең де бір шолып шығармыз...

Айжан Темірхан

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5540