Ербол Назарбаевтың қызметі неге құпия?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Болат Назарбаевтың ұлы Ербол Назарбаевтың қызметінен босатылуына қатысты Orda.kz редакциясының сұрау салған хатына жауап келіпті, деп жазады Dalanews.kz сайты.
Orda.kz сайты құзырлы органнан Ербол Назарбаевтың Қанды қаңтар оқиғасынан қандай да бір қатысы бар, жоғын анықтауға тырысқан.
«Ербол Болатұлы Назарбаев 14 сәуір күні өзінің қалауы бойынша қызметінен кетті», – деп жауап берген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Арман Хасенов.
Соған қарағанда Ербол Назарбаевтың Қанды қаңтарға ешқандай қатысы болмауы мүмкін.
Ербол Назарбаев 2015 жылдан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы мен Орталық аппаратында түрлі қызметтер атқарғанын білеміз. Бір сөзбен айтсақ, Ербол Назарбаев бесіктен белі шықпай жатыр Антикордың жауапты қызметкерлерінің бірі болғаны көпшілік үшін қызық болып тұрғаны анық.
Orda.kz сайтының журналистері Ербол Назарбаевтың Антикорда жауапты қызметті атқарған кезде оған алған білімі қаншалықты сәйкес болғанын білуге тырысқанда Арман Хасенов «Құқық қорғау органдарының қызметі туралы» Заңның 42 бабы 5 тармағы бойынша мемлекеттік құпияға жататынын айтыпты.
Осылайша Ербол Назарбаевтың Антикорда жауапты қызмет атқаруына қандай білімі мен біліктілігі жол ашқанын құпия күйінде қалды.
Abai.kz