Биыл 17 мыңнан астам түлек мектеп бітірді
Биыл мектеп бітірушілер саны рекордтық деңгейге жеткен. Осы айда республика бойынша мектепті 17 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Ал, 3 млн 500 мың оқушы жазғы демалысқа шықты.
Биылғы соңғы қоңырау рәсімі ерекше. Себебі, мектеп оқушылары екі жыл бойына пандемияға байланысты мектеп бітіру салтанатын онлайн өткізіп келді. Түлектер 11 жыл бойы білім алған ыстық ұя мектептерімен қимай қоштасуда. Болашаққа үлкен үміт пен сенім арқалаған оларға алда мол жауапкершілік жүктелген.
Түлектердің бітіру салтанатына ызу-қызу кіріскен мектептердің бірі- Алматыдағы Ломоносов атындағы №38 мектеп-гимназия. Мұнда 1880 оқушы оқиды. Оның 77-сі мектеп бітіруші түлек. Оқу жылы аяқталмай жатып, білім ордасындағы 18 талапкер студент атанып үлгерген. Шетелдің түрлі университетінен жолдама ұтып алған.
«Мен биотехнология саласына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Болашақта зертханада жұмыс істегем келеді. Бұл мамандық менің бала күнгі арманым», – деді М. В. Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Айнель Досалиева.
Биыл қала бойынша мектеп бітірушілер саны 12 мың 355. Оның 613-і «Алтын белгіге» үміткер. Алда олар үшін жауапты емтихан. 11 жыл оқыған білімдерін Ұлттық біріңғай тестілеуде сынайды.
«Биылғы жылдың жақсы жаңалықтарының бірі – мектеп бітіруші түлектеріміз екі рет ҰБТ тапсыру арқылы грантқа ие бола алады. Түлектер 16 мамырдан бастап Ресублика бойынша ҰБТ тапсырып жатыр. Ол 5 шілдеге дейін жалғасады. Осы екі аралықта мектеп бітіруші түлектің грант алуға екі рет мүмкіндігі болады», – деді Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
Айта кетейік, биыл еліміздің бүкіл білім ордасында жазғы мектептер ұйымдастырылған. Білім министрлігінің шешімімен 26 мамыр мен 17 маусым аралығында оқушылар сабаққа өз еркілерімен келе алады. Мақсат – білім сапасын арттыру. Осылайша, пандемия мен шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік туады.
Abai.kz