Қарақалпақстан: Тағы үш адам көз жұмды
Нөкісте 1-2 шілдедегі толқулар құрбандарының саны 21-ге жетті. Бұл туралы Өзбекстан бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов дүйсенбідегі брифингте хабарлады.
"Дәрігерлер қанша тырысқанымен, жарақаты ауыр тағы үш адам қайтыс болды", - деді ол.
Еске салайық, билік 4 шілдеде Нөкістегі толқуларда 18 адам қаза болғанын, олардың төртеуі құқық қорғау органдарының қызметкері екенін хабарлаған. Шамсутдиновтің айтуынша, 274 адам медициналық көмек сұраған болса, ауруханада әлі 16 адам жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, құқық қорғау органдарының міндетін орындау кезінде жараланған 141 қызметкері және денсаулығы мен мүлкіне зақым тиген 16 азамат жәбірленуші деп танылды.
Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласындағы толқулар 1 шілдеде басталды. Халық наразылығына Конституциядағы Қарақалпақстан егемендігі туралы бапты жоюды қарастыратын конституциялық заң жобасы түрткі болды.
Abai.kz