Мәжіліс депутаттары еліміздің туристік әлеуетіне назар аударды
Жетісу облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова Алакөл ауданындағы кәсіпкерлік және туризм саласы өкілдерімен кездесіп, Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын жөндеу барысымен танысты.
Қазіргі таңда әуежайда ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Әуежай басшысы Әшірбек Бақытжановтың айтуынша, аталған әуежай 2018 жылы ашылған, жөндеу жұмыстары былтыр басталды, биыл толығымен аяқталады деп жоспарлануда.
Осы күні сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары бірқатар туристік нысандарды аралады. Атап айтсақ, Алакөл көлі жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылды. Жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылған.
-Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Мұнда жазғы маусымда көлге шомылуға миллионнан астам адам келеді. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту басты міндет. Жерлестерімізден бөлек, шет елдерден туристер келсе, ол жетістік» - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жағалауларды қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 шақырым жағалау қоршалуға тиіс. Жобаның құны 6 млрд. теңгені құрайды.
Бұл партияның сайлауалды жол картасында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған.
Abai.kz