Qaharman: "Қаңтар бойынша толық мәлімет жариялансын"
Тіркелмеген Qaharman құқық қорғау тобы биліктен Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар жайлы толық мәлімет жариялауды талап етті. Бір күн бұрын бас прокуратура қанды қырғын өткеннен соң жеті айдан кейін Қаңтар құрбандарының тізімін жариялаған.
Алайда тізімде 238 марқұмның фамилиясы мен есімінің инициалы ғана жазылған. Марқұмдардың қалай, қандай жағдайда қаза тапқаны жайлы ақпарат жоқ.
"Бейбіт азаматтарды жаппай атып, азаптағаны үшін жеке санкциядан жалтару мақсатында және оны тексермесін деп билік толық тізімді жарияламай отыр" деп жазды Qaharman тобы 17 тамыз күнгі хабарламасында.
Топ өкілдері хабарламада қаза болғандардың толық аты-жөні мен туған жылы, туған жері, қандай жағдайда ажал құшқаны жайлы мәлімет жариялауды талап еткен. Бұған қоса, олар қаза болған адамның қайсысы күштік құрылым өкілі, қайсысы бейбіт тұрғын немесе бейбіт түрде наразылыққа қатысқанын ажыратып көрсету қажеттігін айтты.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да бас прокуратура тізімі жарияланғаннан кейін тізімнің толық еместігін алға тартты.
"Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда тұрған Израиль азаматы 22 жастағы Леван Когеашвили атып өлтірілді. Ол неге қаза болған 238 адамның арасында жоқ? Ол тізімде 239-ы болып тұруы тиіс пе? Біз өз тізімімізді тексеріп, бас прокуратураныкымен салыстырдық. Жуырда құқық қорғаушылар жинаған тізімді жариялаймыз: Аты-жөні, қала, жасы, қаза болған күні" деп жазды Төреғожина Facebook парақшасында.
Бас прокуратура әзірге құқық қорғаушылардың талаптарына реакция білдірмеді. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін Qantar2022 еріктілер тобы бұған дейін қаза болғандардың тізімін өз бетінше анықтап, жариялаған еді. Онда кемінде 239 адамның аты-жөні көрсетілген.
Abai.kz