Шымкент - қазақтың жаңа үміті
Шымкент бүкіл Қазақстанды алға сүйреді. Бұл тек қана Алматы мен Атырауға иек артып отырған еліміз үшін керемет жаңалық болды.
Ұлттық экономика министрлігі мәліметі бойынша, осы жылдың жеті айында Қазақстан экономикасы 3,3%-ға өсті. Негізі, Дүниежүзілік банк жарты жылда қазақ экономикасы шамамен 2,2 пайызға өседі деп болжаған еді. Мен мұнай бағасының индикаторлық межеден жоғары болғанын есепке алып, 2,9% болар деп ойлаған едім.
Осы өсімді қазақ елі үшін Шымкент қаласы бергені күтпеген жаңалық болды. Бұған дейін Шымкент ешқашан барлық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптастырмаған. 2022 жыл оңтүстік мегаполис үшін өте жайлы болып отыр.
Шымкент ненің есебінен өсті?
Қаладағы өнеркәсіп көлемі 507,5 миллиард теңгеге жеткен, бұл нақты көлем индексінің 108,4 пайыз көрсеткіші. Бірақ, ең қатты өскені - инвестиция болып отыр. Оның көлемі 219,1 миллиард теңгені құрап, 28,6 пайызға артты. Соның ішіндегі жеке инвестиция үлесі 166,5 миллиард теңгеге жетті.
Шымкент елге келетін араб инвестициясын өзіне тартатын негізгі орын болатын сияқты. Егер осы болжам орындалса, болашақта ол донорлар қатарына қосылады деп күтуіміз тиіс. Егер Шымкенттің ортақ қазаннан алғанынан берері көп болса, елдің қаржылық жүктемесі біршама жеңілдейді. Жалпы, Тараз немесе Қостанайға қарағанда Шымкентті асырау өте қиын. Мәселе ондағы адам санының көптігіне келіп тіреліп отыр.
Қазақстан 2021-2022 жылы коронавирус әкелген (2020 жыл) рецессиядан (тоқыраудан) толық шықты. Және 2020 жылы карантиннен жоғалтқанымызды толық қайтарып, үстінен есе қосып алдық.
Биыл сауда мен құрылыста үлкен өсім болды (6,2% және 8,6%). Жылдың аяғына дейін осы секторлардың тағы өсетініне күмән жоқ. Бірақ мен көбіне қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік көрсеткіштеріне көбірек назар аударар едім. Қазір ондағы өсім 2,5%. Өндірісі аз, бірақ халқы көп Алматы, Шымкент сынды қалалар үшін қызмет көрсету саласы аса маңызды.
Мұнай емес, Шымкент есебінен өсуіміз біз үшін жағымды жаңалық. Бұл көмірсутек капиталынан адами капиталға қарай жылжығанымызды көрсетеді. Адам - мұнайға қарағанда анағұрлым бағалы. Сол үшін, бір-бірімізді бағалайық.
Айбар Олжаев
Abai.kz