Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты?!
Бүгін тойға дайындалып отырғам. Қыз жағынан баруым керектін. Қыздың шешесі қырық жылғы сыйласым еді. Қыздарым келеді деп бәлішке қамыр ашытып жатсам, звондайды. Еңіреп тұр. Зәрем қалмады.
Сөйтсем, кеше қыз бен күйеу мешітке некеге тұруға барады. Әлігі махирде қыз қарап отырмай ең қымбат (маркасын айтып еді, ұмытып қалдым) машинаны сұрапты. Өткенде болашақ күйеубаласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасып қап, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғам. Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, “той болмайды!” депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты?! Бір досы машинаға мініп үлгеріпті. Қасындағы досы арқылы қыздың “ойнап айттым” дегенін естіп, “құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!” деп, шорт кесіпті. Екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп тұр. Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса “Балам бетбақтырмайды. Біз жақ та да той болмайтынын жарияладық. Баламыз Астанаға кетіп қапты. (жігіт Астанада жұмыс істейді) Қызыңыз өзінен көрсін” депті.
Жұбатарға сөзім жоқ?! “Сәке, қыз тумадым деп өкінбе. Мисыз қыздың барынан - жоғы. Ел-жұртқа масқара болдым. Қалталы, ақылды күйеуді құдай берудей-ақ беріп еді, қыз ақымақ болса қиын екен” деп, тойдың болмайтынын айтты. Кенжесі болған соң бетінен қақпай өсіріп еді, байдан қайтқаннан ауыр жайтқа ұшырағанын айтсаңшы?.. Тойдың болмай қалуы…
Некеде отырып, мынадай күйге ұшырау деген жақсы емес әрине.
Біздің кезімізде еш махер-сахерсіз-ақ неке қиып, пәтер жағалап жүріп-ақ бала туып, үйлі боп ек.. Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты енді?
Тәрбие көрмеген дейін десең, әке-шешесі зиялы жандар. Екі қыз, екі ұлын үйлендірген, жағдайы жақсы, ағайын-туғанға сыйлы, жайқалған әулет. Мисыз қызды қойшы, шешесіне жаным ашып отыр.
Сая Қасымбек
Abai.kz