Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3774 0 пікір 19 Мамыр, 2009 сағат 13:56

Бейуақытта аққан бір жұлдыз

(Әлем чемпионы Асқар Шайхиев туралы сөз)
Күнделіктегі бағалар

Сынып жиналысы өтеді дегелі кішкентай бойлы қағілез балада маза жоқ. Мұғалімдер «бұл бала жарыстарға барам, күреске қатысамын деп сабаққа жөнді қатысуды қойды» деп қиғылық салмаса екен деп іштей тіленіп жүр. Ал егер тура солай болып, Батыр ағайы мұны жарысқа әкетпей қалса ше?
…Сөз алған бір-екі мұғалім Асқардың спорттағы алғашқы қадамын бағалай тұрып, сабаққа соңғы кезде көңіл бөлмейтінін де жасырмады. «Көке, күнделігіңді әкеле қойшы»,-деді ағайы. Қағілез бала демнің арасында сыртына өз фамилиясын жазып, әзірлеп қойған досының күнделігін әкеліп берді. Іші 4 пен 5-ке толы күнделікті көріп әуелі таңғалған ағайы шәкіртінің қатты толқып тұрғанын байқады.  Баланың жаутаң-жаутаң еткен жанарынан сыр ұққан күйі жаттықтырушысы Батыр Қуанышов жас шәкіртін қапсыра құшақтап, бауырына басты. Сол қағілез бала- самбодан болашақ әлем чемпионы Асқар Шайхиев еді.

(Әлем чемпионы Асқар Шайхиев туралы сөз)
Күнделіктегі бағалар

Сынып жиналысы өтеді дегелі кішкентай бойлы қағілез балада маза жоқ. Мұғалімдер «бұл бала жарыстарға барам, күреске қатысамын деп сабаққа жөнді қатысуды қойды» деп қиғылық салмаса екен деп іштей тіленіп жүр. Ал егер тура солай болып, Батыр ағайы мұны жарысқа әкетпей қалса ше?
…Сөз алған бір-екі мұғалім Асқардың спорттағы алғашқы қадамын бағалай тұрып, сабаққа соңғы кезде көңіл бөлмейтінін де жасырмады. «Көке, күнделігіңді әкеле қойшы»,-деді ағайы. Қағілез бала демнің арасында сыртына өз фамилиясын жазып, әзірлеп қойған досының күнделігін әкеліп берді. Іші 4 пен 5-ке толы күнделікті көріп әуелі таңғалған ағайы шәкіртінің қатты толқып тұрғанын байқады.  Баланың жаутаң-жаутаң еткен жанарынан сыр ұққан күйі жаттықтырушысы Батыр Қуанышов жас шәкіртін қапсыра құшақтап, бауырына басты. Сол қағілез бала- самбодан болашақ әлем чемпионы Асқар Шайхиев еді.
1988 жылы Жапонияның Токио қаласында әлем кубогын жеңіп алған, 1989 жылы АҚШ-тың Нью-Иорк қаласында  Әлем чемпионы атанған Асқар өмірде айырықша қарапайымдылығымен дараланатын. 1987 жылы Ташкенте күміс жүлдегер атағын, 1989 жылы Алматыда КСРО чемпиондығын иеленіп елге оралғанда да айналасынан алабөтен сый құрмет дәметпеген. Қайта спортсүйер жастар өзінен қолтаңба сұрап, ауылдағы ағалары сыйлап, жайылып жастық болғанда өзінен-өзі қысылып қалатын-ды. Асқардың соншалықты қарапайым болғанын жаттықтрушысы марқұм Батыр Қуанышов та (Батыр аға да 2004 жылы кісі қолынан қаза тапты) үлкен сағынышпен әңгімелеуші еді: «Ол кезде Одақтың біріншілігінен өту үлкен қиындықпен келетін. Одақтан 5-6- орынды иеленсең, дүниежүзілік жарыста бір аяқ, бір қолмен-ақ қарсыласыңды тас-талқан қыласың. Көзіміз көрді ғой, қазақстандықтарға көп қыспақ жасалатын. Одақ құрамына орыстарды алуға құмарланып тұратын. КГБ-дан өту үшін елу құжат жинайтынбыз. Асқар үш рет финалға шықты. Алтын тақты, әлем чемпиондығына қолы жетті. Және тек бір рет емес. Осы күні жеңіске қолы жетіп, соның буымен аяқтарын баса алмай жүргендер бар. Ал Асқар қарапайым қалпында қалды. Сонысымен үлкен бедел иеленді. Қолы бірдеңеге жетсе, дүниені төңкеріп тастағандай «маған ананы бер, мынаны бер» деп шығатындарды көріп жүрміз. Асқарды спорт комитетіне, екі рет депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Бірақ өзі талпынбады. Тіпті қысылатын.»
«Музыкант болам» деп еді
Асқар Орал қаласындағы №11 пансионның (бүгінде лицей) іргелі шаңырағына 1976 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Абай ауылынан келген еді. Бесінші сынып оқушысы күрес мектебіне қабылданғанда Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Батыр Қуанышов осы бір қарадомалақтан «бірдеңе» шығарына күманданбапты. Жанып тұрған бала орта мектепті тәмамдағанша музыкант болам, консерваторияға түсем деп жүрген. Домбыра шертетін, гитара, фортепиано, тіпті үрмелі аспапта да керемет ойнайтын. Кейін спорттың соңына түсіп, тәуір нәтижеге қол жеткізіп жүрген уақытында жаттықтырушысына: «Сіз спортқа алып кетпегенде менен нағыз поп жұлдыз шығатын еді ғой»,- деп әзілдейтін көрінеді. Алдыңғы толқын ағалардан естігеніміз: Асқар біреуге көмектесуге әзір, жүрегі жұмсақ жан екен. Бір ғана сәт есте қалғаны: Қаратөбе ауданында өткен Е. Досқалиев атындағы байқауда бір кішкене бала ән шырқайды. Атақты спортшы кішкентай өнерпаздың асты-үстіне түсіп: «Мен сені «Әнші балапанға» жіберемін, көмектесемін» деп бәйек болады.
Батыс Қазақстан облыстық олимпиада резервтерін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің арнайы спорт мектебінде алғаш 1976 жылдан бастап самбомен шұғылданған Асқар қысқа өмірінің соңына дейін сол жерде жаттықтырушылықпен айналысты. Өзі секілді нағыз спортшының көптеп шығарына сенді, еш аянбай тер төкті.
Түнде атылған оқ
Дүниедегі жауапсыз жұмбақтың бірі- Асқар Шайхиевтің өлімі күйінде қалды. Бүкіл Оралды дүр сілкіндірген оқиғадан белгілі: спортшы балаларды пойызбен Қарағандыға аттандырып, өзі ертеңінде самолетпен ұшпақ болған. Асқар сол күні үйіне таксимен кеш оралады. Көлік үйдің алдына тоқтап, Асқар таксишіге ақшасын бере бергенде мылтық атылып, мойынынан жоғары күре тамырына оқ тиген. Таксиші маска киген белгісіз біреулер көліктің кілтін алып кеткенін айтады. Қаскүнемдер есік алдындағы қабаған иттің де үнін өшіріпті. Оқыстан атылған оқты газ жарылған екен деп ас бөлмеге жүгірген Шайхиевтер отбасы әуелгіде мән-жайды аңғара алмай қалады.
Біз Орал қаласында тұратын Асқардың Қарлығаш деген апасымен жүздестік. «Сол күні жүрегім атқақтай соғып, ұйықтай алмағаным есімде. Алла тағала сездірген ғой, шамасы. Сол оқиғадан кейін көп ауырдым. Біз, негізі, он баламыз. Әсіресе, Асқар екеуміз өзара жақын едік, бір-бірімізді түсінетінбіз. Бірде «Жүздесу» газетін оқып отырып, баяндалған оқиға Оралды дүр сілкіндірді деген жазуға көзім түсті. Оқысам, оқиғаның басталуы, шиеленісуі, бәрі Асқардың басындағы жағдайға ұқсайды екен. Әуелі, жазып отырған кім екен, шындықты біле ме екен, іздеп білсем қайтеді? деп бір ойладым. Аяғына жеткізейін деп, әр нөмірін алып оқыдым, оқиға желісі өзгеріп кетті. Енді бірде жергілікті «Надежда» газетіне Гүлмира Кенжеғалиева деген журналист те өзіндік болжаммен, түрмеде отырып келген бейтаныс біреудің ақпаратымен мақала жазған. Бірақ, тұмандылау. Мен оған барып, сол «отырып келген» адаммен кездестіруін сұрадым. Ол сөзге келген жоқ. Әлгі кісі-үсті басы толы сурет, түрі қорқынышты жан екен. Ол: «Егер 5 мың теңге(сол кезде бес мың біраз ақша) берсең, бәрін айтам»,-деді. Асқардың өлімі туралы шындықты есту көптен арманым емес пе? Мен оны тексеру мақсатында бірнеше сұрақ бердім. Жауабына көңілім толмады. «бүгін ақшам жоқ, ертең кездесейік, ақшаны ертең берем»,-дедім, ол келісті. Ертеңінде тағы кездестік. Рас, бойымды қорқыныш биледі. Қанша дегенмен, абақтыдан келген адам ғой. Тағы өзімше тексердім. Асқарды тап басып суреттеп бере алмады, машинаның нөмірін шатастырды. Бар білетіні: «Бір қазақ оның соңына адам салып қойды, үнемі бақылатты»,-дегенді айта берді. Алдын-ала келісім бойынша жаттықтырушысы Батыр ағай да жаңағы «құпия айтушының» алдынан әлденеше рет өткенімен, ол танымады. Егер Асқар туралы мағлұматы болса, ол жаттықтырушысын да бірден таныр еді. Мен тағы да ақшаны ертең беретінімді айттым. Ол келісті. Ертеңіне мен бармадым. Батыр ағайлар өздері кездеспек еді, бірақ әлгі бейшара қорқып қашып кетіпті. Сөйтіп, інімнің өлімі жұмбақ күйінде қала берді. Кейін «мен осы қашанғы құр жылап отыра беремін, әлем чемпионы шашылып-төгіліп жақтан жоқ қой, бауырымның есімі ескерусіз қалмасын» деген оймен тиісті орындарға әлем чемпионы Асқар Шайхиевтің атына көше беру жөнінде ұсыныс түсірдім. Олар ұсынысты тергеу ісі аяқталғасын жүзеге асыруға болатынын түсіндірді. Үш жылдан соң ешқандай нәтиже болмай іс жабылды, тағы да көше атын сұрап тиісті жерге бас сұқтым. «Сәл ертерек келмедіңіз бе, жақында ғана осындай мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіп едік» деді. Дегенмен, ниеттері түзеу. Алла сәтін салған күні Оралда А. Шайхиев атындағы көше де пайда болар деген үмітіміз бар. Мұның өзі дәтке қуат қой».
Асқар- «киода цусни»
Токиода Д. Дмитриев (болгарлық), М. Боярсайхан (Монғолия), Ф. Охеда (Испания) сияқты палуандардан мерейін асырған Асқар Шайхиевке жапнодық ақпарат агенттігі журналистері «киода цусни» яғни ең жігерлі палуан деген атақ беріпті. Ол сол кездегі спорт саңлақтары Қ. Байшолақов, А. Шаңқараевтан кейін мәскеулік А. Ходырев, бакулік Ж. Мамедовты мойындай отырып, өзінің шеберлігін де үнемі байқата білген. Үндістанда КСРО фестивалінде қазақша күрес пен самбодан өнер көрсетіп, талайды таң-тамаша қалдырған А. Шайхиев Нью-Иоркте болгарлық Д. Дмитриевті 7: 0 есебімен таза жеңген. Жалпы спорт жолы- қиындығы, қауыпі мол жол екені белгілі. Асқар Тәшкенде өткен жарыста А. Ходыревпен 4: 4 болып тең түскенде, тәжірибелі деп Ходыревке алтын тағылып, Асқарға күміс жүлде бұйырады.

***        ***      ***

Өмірге құштар жан қазақтар ырым қылатын мүшел жасында жұлдыздай болып қас пен көздің арасында ағып түсті. Күнінде атағы дүрілдеп тұрған «Батыр» (Асқар ашқан) күрес клубының да жұмысы тоқтаған. Одан бері жеті рет қар жауып, су ақты. Асқардың достары жылына үш рет Асқардың басына барып тұрады. Туған күні 15-тамызда, опат болған 2-мамыр күні сағынышпен еске алса, А. Шайхиевті еске алу турнирін бәрі бір кісідей жұмыла ұйыдастырып, Асқар орталарына оралғандай мәре-сәре болып қалатыны тағы бар. Дос- Асқар марқұмның жарты күндік ғұмырында жинаған бар байлығы. Бір кездегі достары отбасына, екі ұлына бас-көз болып жүреді. Бізге спортшының бір сөмке грамоталары мен ол туралы деректерді арқалап келген ең жақын жанашыры, «Неге журналист не тергеуші мамандығын таңдамадым екен, сонда мен інімнің ісін аяқсыз қалдырмас едім»,-деп армандайтын Қарлығаш апай да: «Асқардың достары-кісілігі мол адамдар. Жылда турнир өткізіп тұрады, басына мәрмәрдан белгі қойды. Самара қаласынан медалдарының көшірмесін жасатты, көшеге атын беру туралы ұсынысты қолдап жатыр»,-дейді риза көңілде. Медаль демекші, марқұмның медаль, спорт киімдері, т.б тұтынған дүниелері облыстық мұражайда сақтаулы. Өзі оқыған Орал қаласындағы №11 мектеп те чемпион түлегіне бір бұрышын арнап, шағын мұражай жасақтаған. Спортшының аты ескерусіз қалмасын, кейінгілер біле жүрсін, жеткіншек А. Шайхиев деген әлем чемпионнын өзіне қаһарман тұтсын деген ниет қой. Шайхиевке көше атын беру жөніндегі ұсынысқа ұзын-шұбақ етіп спорт шеберлері, өнер қайраткерлері, белгілі адамдар қол қойған бір бума қағазды біз де көрдік. Тиісті орындар көптің тілегін аяқсыз қалдырмайтын шығар деген сенім алдамас.
P.S Қазақтың о бастан қолайына жағып, оңтайына келетіні күрес пен бокс. Кезінде Серік Қонақбаев рингке шыққанда талай бала көзері шырадай жанып, қолына ішіне сабан тыққан қолғап киіп өздері жұдырықтасуға құлшынғанмен, қорадан әріге ұзамады. Ауыл-елде спорт мектебінің жоқтығынан, мысқалдай болса да бағыт беретін жаттықтырушының емге табылмағанынан спортқа деген қабілетін аша алмай кеткендерді сіз де көрдіңіз, біз де көрдік. Футболға есі аумайтын, есесіне күрес пен бокс десе дүниені ұмытып, бір күліп, бір ышқынатын, өзінің неге ғана бәрін тастап, спортшы болып кетпегеніне сұмдық өкінетін қазақтың алтын асықтай талай жігіті бар екенін сіз де білесіз, біз де білеміз. Егемен еліміздің абыройын асқақтатып, ұлдардың жігерін жанып, ел намысын қорғар азамат болып қалыптасуы үшін А. Шайхиев сынды бір туар, ерекше қабілетті спорт жұлдыздарын кеңірек насихаттау керектігін де түсінгенмен, әлі іске кірісе алмай келеміз. Спорттағы тағы бір үлкен өкінішіміз:  маңдайалды спортшыларымыздың өзі бойындағысын сарқып бере алмай, бейнетінің зейнетін көріп үлгермей, қапияда айырыламыз.  «Қазақтың жауы-қазақ» дегізетін бақастық пен күншілдіктің залым әрекетін кейінгі ұрпақ естімей, білмей өссе дейсің. Амал не…

 

 

Жадыра Шамұратова,
Батыс Қазақстан облысы

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568