Батыстық басылым: Путин кетіп, Кириенко келеді
Ресей 30 қыркүйек күні алаулатып-жалаулатып Украинаның төрт облысын өзіне қосқанын мәлімдеді. Халықаралық құқық пен талапқа сай деді Мәскеу. БҰҰ-ның жарғысындағы халықтардың өзіндік таңдауы принципі іске асты деді. Алайда бұл жалған референдумдарды не БҰҰ, не Батыс, тіпті Ресейдің өз одақтастары да мойындаған жоқ.
Путин “бұл аймақты Ресей әскері қорғайды, Украинаның бұл аймаққа соққысы Ресей территориясына соққы болып есептеледі” деп мәлімдеді. Бұл сөздерден кейін “Украина әскері қалай әрекет етеді” деген сұрақ туды. Көпшілік “Украина әскері ядролық соққыдан сақтанып, қорғанысқа көшуі ықтимал” деп те болжады. Алайда жалған референдум мен оның өтірік нәтижесіне Украина жасақтары Лиманды азат етіп, Ресей әскерін шығынға ұшырату арқылы нақты жауап қатты.
Лиманды Украина әскерінің азат етуі Ресей әскерінің рухының түсуіне және элита арасындағы тайталасқа әкелді. Қадыров пен Пригожин Қорғаныс министрлігін қатаң сынға алды. Осы арқылы Ресейдің жоғарғы элитасында өзара қарама-қайшылықтар артып келе жатқаны көрінді.
Сарапшылар “Путин бұл соғысты ядролық қаруды қолданбай жеңе алмайды” деген пікірде. Алайда ядролық қаруды қолданудың өз тәуекелдері бар. Ресейді қатаң оқшаулау, ауыр санкциялардың астына алумен бірге НАТО елдерінің тарапынан қарсы ядролық соққы болуы мүмкін. Бұл қадамға Путиннің баруы, Ресейді қалжыратып, құлдырауға әкелетін қадам болмақ.
Осы ретте Батыстық басылымдар Путин тақтан тайса оның орнына кім отыруы мүмкін деген сұрақ аясында бас қатыруда. France 24 басылымы бұл сұрақ аясында үлкен зерттеу жасап, Путиннің орнына келесі басшы ретінде Сергей Кириенко дайындалып жатыр деген мақаланы жариялады. Бүгінде Ресей президенті әкімшілігінің бірінші төрағасы қызметін атқаратын Кириенкоға Ресейдің имиджін қалпына келтіру мен экономикасын көтеру міндеттері тұр дейді басылым. Мақалада 1998 жылғы Ресейдегі экономикалық дағдарыс кезінде Кириенконың нәтижесіз жұмысы да аталып өтіпті.
Батыстық басылымдар “Путиннен кейін кім келсе де, ол Батыспен келісімге келуі тиіс, себебі Путин сияқты позициядағы тағы бір басшы Ресей экономикасын нақты өлтіріп тынады” деген ойда. Осылайша Украинадағы Ресей әскерінің сәтсіздіктерінен кейін Батыс медиасы “Путиннің орнына кім келуі мүмкін” деген сұрақты қаузай бастады.
Abai.kz