Жанболат Мамайды қамау мерзімі ұзартылды
Қамаудағы белсенді, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың қамау мерзімі 12 қарашаға дейін ұзартылды. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Инга Иманбай Фейсбук парақшасында хабарлады.
"Тергеу органдары осы жолы қамақ мерзімін созуға формалды болса да себеп келтірген жоқ" деп белсендінің әйелі шешімді сынады.
"Адвокаттар Жанболатты қамақта ұстаудың заңсыздығын айғақтайтын ондаған дерек келтіргенмен, судья оның бірін де қаперіне алған жоқ" деп жазды Инга Иманбай.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа хабарламаны сәл кейін жіберетінін айтты.
Тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай 26 ақпаннан бері абақтыда отыр. Оны Қаңтар оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған митингіден кейін ұстап, "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамауға алған. Одан кейін қылмыстық істе күдікті ретінде тергеу изоляторына ауыстырған. Оны қамау мерзімі бұған дейін бірнеше рет созылған.
Маусым айында Жанболат Мамайға Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып таққаны белгілі болған.
Freedom House халықаралық үкіметтік емес ұйымы Жанболат Мамайға қарсы "бейбіт жиынға шыққаны үшін айып тағып отыр" деп алаңдаушылық білдірген.
Amnesty International пен Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен тамыздың соңында Қазақстанға келген Еуропарламент депутаттары Жанболат Мамай мен өзге де белсенділерді қуғындауды дереу тоқтатуға шақырған.
Қазақстан билігін сынап жүрген тіркелмеген партия өкілдері биліктің қысым жасайтынын жиі мәлімдеп келеді. Бұрын олардың өздерін де түрлі әкімшілік жазаға тартқан.
Abai.kz