Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2389 1 пікір 20 Қазан, 2022 сағат 17:56

Өзіміздің туристік әлеуетімізді өзге мемлекеттерге беріп қойып отырмыз – депутаттар

Мәжілістің жалпы отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев депутаттарға ішкі туризм мен оны көлікпен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы баяндап, «AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаевтың 12 қазан күнгі депутаттық сауалына жауап берді.

Дәурен Абаев депутаттарға шетелдік туристер ағынының өсуі, Қазақстанда туризмді дамыту жоспарлары және Kids Go Free бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы айтып берді.

– Балалардың демалысына жол ақысын толығымен төлейтін әлемдегі жалғыз мемлекет – Қазақстан. Еуропада да, Америкада да, Азияда да мұндай жоқ, – деді министр.

Осы ретте депутаттар бағдарламаның өзіне және оның операторы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына бюджеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанын министрдің есіне салды. 2022 жылы Kids Go Free бағдарламасына бөлінген қаржының 16 пайызы ғана игерілген.

Депутаттардың айтуынша, бағдарлама сұраныстың жоқтығынан емес, оны жүзеге асырудың дұрыс тетігі болмауынан ақсап тұр. Қолданыстағы жүйеге сәйкес құжаттарды жинау және ақшаны қайтару бойынша барлық жауапкершілік туроператорға жүктелсе, мүдделі тұлға тұтынушының өзі болуы керек.

Депутаттар Мемлекет басшысының үлкен қолдауына қарамастан, туризм дамуында ілгерілеушілік жоқ деп есептейді. Тағы бір мысал, туристік компанияларға жетпей қала беретін жабдықталған автобустарды сатып алу бағдарламасы. Бүгінде тасымалдау ақысын қайтару бір, тіпті екі жылдан кейін жасалады. Бұл – бағдарламаны тиіміз етеді. Былтыр субсидия арқылы екі автобус қана сатып алынған.

Әуе және теміржол тасымалының сапасына да назар аударылды. Мәжілісмендер елдегі вагондардың 68 пайызының тозығы жетсе де, билет бағасының құны төмендемейтінін баса айтты.

– Миллиардтаған бюджетті еліміздің туристік әлеуетін талдауға, мамандардың шетелдік сапарларына оңды-солды жұмсап жатқан кезде біздің туристік нарықты көрші елдер иеленіп отыр. Шетелдік туристік фирмалар Қазақстанға турлар сататын жағдайға жеттік. Өйткені олардың авиакомпаниялары жеңілдіктерге дайын. Өзбекстан болса, жайлы құрамдарды іске қосып, Қазақстан бойынша турлар ұйымдастыруда. Туристік өнім өткізілетін жерде салықтық түсімдер де болатыны, нарықтың да дами түсетіні белгілі. Мұны бәріміз жақсы түсінеміз. Осының бәрін неге өз елімізде жасамасқа? – деді Е.Бейсенбаев.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов әріптестерін қолдайтынын айтты.

– Жылдар бойы қордаланып қалған мәселелер салдарынан өзіміздің туристік әлеуетімізді басқа мемлекеттерге беріп қойып отырмыз. Біздің туристерімізді шетел көліктері келіп тасымалдап жүр және біз олардан ештеңе алмаймыз. Бұл мәселеге келесі жылдың басында қайта оралып, жағдайдың қалай түзелетінін көреміз, – деп түйіндеді сөзін Спикер.

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396