Қайнар Олжай қалай атқа қонды?!
Биылғы Нобел әдебиет сыйлығының иегері 82 жастағы Энни Эрно апамыз «Мені әлем таныды», «Зиялымын, көшедегі митинг не теңім?!» деп үйде жатпай, өткен жексенбі күні Париж қаласында өткен қымбатшылықты ауыздықтай алмай отырған Макрон үкіметіне қарсы ереуілге шығыпты. Күрескер жазушымен түскен фотосын билікке наразы белсенділер әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялаған.
Қазақ қоғамында зиялы қауым санатына жататын, Кеңес одағы құрдымға кетсе де «КСРО халық әртісі», «Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты» деген құрғақ атақ, сөлкебайларымен тәуелсіз елдің төріне шығатын, билік пен мемлекетті, шенеунік пен мемлекетшіл тұлғаны парықтай алмайтын өнер адамдарының шоғыры бар. Олардың саяси белсенділігі ел толқыған күрделі оқиғаларда билікті ақтаумен ғана шектеледі.
2011-жылы жазда Астана тойының жарнамасы жер жарып тұрды. Концертке Англияның әйгілі рок жұлдызы Стинг те келіп өнер көрсетеді делінді. Межелі уақыт таяғанда оның келмейтіні мәлім болды. Сол кезде Жаңаөзенде мұнайшылар жалақыны көтеруді талап етіп ереуілдеп жатқан болатын. Стинг жұмысшыларының мәселесін шешуге бас қатырмай, той тойлаудан қолы босамаған биліктің дарақы әрекетінен түңіліп, өнер көрсетуден бас тартқан екен. Ақорданың пияр менеджерлері ағылшындарда «Рокер болудың басты шарты аккордтарды дұрыс ойнай білу де емес, азаматтық позицияда» деген нақыл бар екенін қайдан білсін?! Жоғырыда біз сөз еткен шоғырдың «Жаңаөзен оқиғасында» ереуілшілерге оқ атқан биліктің әрекетін қалай ақтағаны ел есінде. Бұл шоғыр қоғамда қаншама оқиғалар болып жатсада селт етпей, «Қаңтар оқиғасынан» кейін де үйреншікті әдеттеріне басып, жемқорлықпен айыпталған бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұқамедиұлына араша сұрап президентке хат жазды. Арасында кеңестік жұлдыздардан бастап, қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында сандырақтап, эфирден кеткен кіші жұлдыздар да бар.
Шыдамның да шегі болады. Олардың үндеу хатынан кейін бейнетінің зейнетін көріп жатқан Қайнекең, Қайнар Олжай ағамыз атқа қонды. «Бас прокурор мен Жоғарғы сот төрағасына мұндай хаттың жазылуы Президент Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құруына кедергі деп санаймыз. Өйткені, тәсіл тым ескі. Сот үкімі шыққанша іске араласу жөн емес-ау. Оның үстіне атақты адамдарға. Үкім шыққаннан кейін әділ ме, әділетсіз бе, соны айтуға болар еді. «Ол талантты жастарды сүйді, өнердің дамуын қалады, мәдениет көшінің алға жылжуын мақсат етті, тарихтың тынысы ашылып, болашақ еншісіне ұлы мұралар аманатын қалдыруды армандады» дейді хатқа қол қойғандар. Оның алдында «... ол қаншама жасты қолдап, қамқорлық көрсетіп, талантымен танылуына жол ашқанына куәміз» депті. Біз де куәміз. Бұл кісі министр бола сала туысы Жадыра Нұрбайқызы Тойбаеваны «Қазақ энциклопедиясы» баспасына басшы етті. Ал Тасқын Нұрбайұлы Тойбаевты Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архиві директорына тағайындады.
Жас азамат қазақтың небір марғасқаларының құжаттары сақталған мекемені қалай басқарады деп таң қалдық сонда. Министр Мұхамедиұлының кезінде жеке ғимараты бар, құны 1 миллион 777 мың АҚШ долларына бағаланған «Қазақ энциклопедиясы» баспасы жекешеленіп кетті. Директоры – бас редакторы сол – Жадыра Нұрбайқызы Тойбаева» деп шындықты шырқыратып жазды Қайнекең. Артынан антикор «Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын сомасы 7 млрд теңгені құрайды. Тергеу – “Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде. Бұдан бөлек, Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі" РМҚК, "Қазақ энциклопедиясы" АҚ және "Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты" ЖШС-ын заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр» деп мәлімдеме таратты. Осы мысалдаң-ақ атылмыш зиялылардың саяси, заңдық сауатының, шыншылдық деңгейінің қаншалық екенін бағамдай беруге болады.
Қайнекеңнің бұдан кейін жеке парақшасында жариялаған «Ақпараттық киллерден желідегі шибөрілерге шейін» деп айдарланған сериялы жазбасы тіпті сұрапыл. Өзі қырық жыл қалам тербеген мәдени, рухани кеңістіктен аттап саясатқа, бүгінгі қоғамдағы саяси түйіндерге пікір білдіреді. Бұл қадамын: «Саясатты сараптап мақала жазуға зауқымыз соқпайтын. Ширек ғасыр бұл тақырыптан алыстап, технология, әлеумет, тарих, тағдыр, табиғат, өнер турасында қалам тербеп келдік. Ақыры саясат туралы бір рет болсын жазу қажеттігін сезіндік. Қазір смартфонда қырық екі әріпті тере алатынның бәрі саясаттанушы болып кеткен. Ал біз Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбаймен бірге КСРО Сыртқы істер министрлігінің саяси шолушылар даярлайтын курсында оқығанбыз» деп түсіндіреді. Тосын көзқарастары арқау болған жазбасының тақырыбына байланысты: «Алтынбек бір сұқбаттасқанда ақпараттық киллер дегендер пайда болғанын айтқан. ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басында белгілі тұлғаны сілейтіп кететін сойқан мақаланы тапсырыспен жазатындарды нұсқағаны. Жиырма жыл өтіп, интернет дәстүрлі баспасөзді ығыстырғанда «желідегі шибөрілер» пайда болғанын көре алмай кетті марқұм. Серіктерімен бірге өзі киллердің оғынан қаза тапты. Ал қазір желідегі шибөрілер билікке сын айтқан адамды жаппай талайтын әдет пайда болғанын көріп-біле тұра отандық ішкі саяси жағдай жөнінде ой толғауға бекіндік» дей келе, «Алтынбек билікті сынағаны үшін оққа байланды. Заманбек Нұрқаділов те. Сынағаны үшін сотталғандарды санауға бір адамның саусақтары жетпейді. Маңайына өзін мақтайтындарды, тіпті асыра дәріптейтіндерді жинаған бұрынғы президенттен қандай мұра қалғаны баршаға мәлім. Осындай кепті бастан кешкен қоғамға «Тоқаевты неге сынайсыңдар, оны тек қолдау керек» деген пікірді ұсынушылар мен ұстанушылар – мемлекетке жанашыр емес. Қарақан бастары мен маңайына топтасқандардың аз жылғы мүддесін ойлаушылар мен қорғаушылар ғана. Қалай десек те қоғамға, адамға сын керек. Даму үшін. Ілгерілеу үшін. Тоқырап қалмау үшін. Әлденені дұрыс істеген адам одан соң мардамсып кетпеуі үшін» деп түйіндейді. Қазіргі ел талқысына түсіп жатқан президент сайлауына қатысты ойларын былай деп бүкпесіз ашық айтады: «Бұл саяси науқан қуыршақ театрының қойылымына айналып кеткенін сауаты бардың талайы жазып жатыр. Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындардың өзі онымен бәсекесе түсетін кандидаттардан түңілуде. Қазақстанға осындай сайлау керек пе еді?
Бұған дейін халыққа сан рет «соқыртеке» ойнатылған. Конституцияны өзгерту мен кезектен тыс сайлау өткізуден мемлекеттің мүйізі шығып болған.
Көптің бірі ретінде күткеніміз бұл емес еді. «Жаңа Қазақстан» ескі сарынға салу арқылы құрылады деп ойламаппыз. Тоқаев заңды өзінің қалауынша илейтін Президент бола қоймас деп едік. 2019 жылы сайланған соң бес жыл мерзімін ойдағыдай өтеп, қаласа одан кейінгі сайлауға түсер деп күткенбіз. Сонда ескі сорап қайталанбайды, болашақ үшін бүкіл ереже сақталатын саяси үлгі қалыптасады деп санағанбыз.
Жоқ, күткеніміз болмады. Онсыз да сан рет жамалып, итпен ойнайтын баланың алба-жұлба тоны сияқты елестейтін Конституцияға өзгеріс жасалды. Жеті жылдық бір мерзімге Президентті сайлау белгіленді. Қоғамның көз алдында бір табақтағы бір үміткердің салмағы екінші табақтағы оннан астам үміткерді аспанға ата салған таразы пайда болды.
Тіпті, бірнешеуі таразының табағына іліге алмады. Конституцияда «туғанда Қазақстан азаматы», түсінікті тілмен айтқанда Қазақстанда туғандар Президент болатыны жазылған.
Бізге ара-тұра телефон соғып, Тоқаевпен қол алысып тұрған фотосын қойған ватсаптан хабар жолдайтын Ауыт Мұхибек замандастың Президент бола алмасына бұрыннан өкінетінбіз. Өзінен де бар, Тоқаевтың қолын алып тұрғанда «мына кілтипанды реттей салыңыз» дей салмаған.
Немесе Монғолиядан тілі шықпаған сәби кезінде келіп, мектепті Қарағандыда оқыған, Астанада университет бітірген, сонау Римге барып білімін жетілген Ержанар Әшейхан бауырымыз да ата-анасы аңсап жеткен Қазақстанның Президенті бола алмайды.
Немесе журналист ініміз Нұрділда Ораз АҚШ-та оқып жүргенде сол жақта сәбиі дүниеге келген. Ол бала осында ата-әжелерінің қолында өсетін болса да, болашақта Қазақстан Президенті атана алмайды.
Әрі қарай кандидаттың табағына іліге алмағандардың екінші тобы пайда болды. Олар 5 жыл мемлекеттік қызметте істемеген екен. Бір ғажабы: бұл талап Конституцияда көрсетілмеген, тек «Сайлау туралы» заңда белгіленген болып шықты.
Құдай-ау, бұлар президенттік мансапты 1941 жылы Москваны фашистерден қорғағаннан бетер қорғапты. Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы соғысқан заманда жауды өткізбеу үшін бірінші шептен кейін екінші шеп жасап қоятын. Тура соның кері.
Міне, Екінші республика боламыз деп талпынсақ осындай жасанды кедергілерді Конституция мен басқа да заңдардан алып тастау керек еді. Халық үшін, шынайы демократия үшін маңыздысы бір мерзімдік жеті жыл емес, жаңағыдай талай азаматтың хақысын шектейтін кедергілер еді» деп түйіндейді.
Қорыта айтқанда Қайнар ағамыз замандастарына рухани жаңғырудың үлгісі қалай болатынын көрсетті. Болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің салмағын сезіндірді. Жағымпаздықтың, шындығын жоғалтқан қоғамның қандай зардапқа ұрынатыын жан-жақтылы ашып берді. Жаңа буынға нағыз зиялылықтың кандай болатынын әйгіледі деп санаймыз.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz