Германия Орта Азияға қорған бола ма?!
Жаңа аптаның басты жаңалығы Германияның «Жасылдар партиясынан» сайланған Сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың еліміз бен Өзбекстанға сапарлай келуі болды. Оның атышулы «Алжир» лагеріне, Ташкентте неміс тілі орталығына барғаны, Германиямен бірлескен кәсіпорындарға да ат басын бұрғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Ол барған нысандардың экономикалық, саяси, мәдени символдық мәні бар екені рас. Бірақ ол өзінің әрекетінің мәнін күлбілтелеп жасыруға тырысқан жоқ. Орта Азиядағы ықпалды екі елмен Германияның саяси, экономикалық, мәдени әріптестігі жайында өте батыл сөйледі. Позициясын да ашық мәлімдеді. Оның сөзінше әлемдік геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты Германия да сыртқы саясатын «Адам құқығы, жасыл энергия, халықаралық заң талаптарын қатаң сақтау» бағытында өрбітеді.
Германия сыртқы істер министрі сапарының алдында: «Орталық Азия елдері Ресей, Қытай мен Еуропа арасында көпір болуды ойлап келді. Қазір олар бұл сенімдерінің ақталмайтынына көз жеткізді. Қолжаулық болудан бәрі қорқып отыр. Мен үшін ең маңыздысы, олардың болашағы орысқа ілесіп оқшаулану мен Қытайға арқа сүйеуден ғана тұрмайтындығы» деген еді.
Екі елдің сыртқы істер министрімен кездескеннен кейін, ол Германиямен екі ел ынтымақтастығының әлеуеті өте зор екеніне тоқталды. «Өзбекстанды алып қарайтын болсақ, халық саны 35 миллионнан асты. 2021 жылы экономикасы 7,4 пайыздық даму көрсеткішін көрсетті. Ал Қазақстанның халық саны 19 миллион, энергия көздеріне бай, Германия мен Орталық Азия сауда саттығының 85 пайызы осы елмен жасалған»,-деді. Қазақстанның шикі мұнайы өткен жылғы Германияның шетелден сатып алған мұнайының 10 пайызын құраған.
Қарашаның төрті күні Германия басшысының Қытайға сапармен баратыны белгілі. Ол жайында әйел министр Қытайдан ат кекілін кесіспейтіндерін де, іштесіп кетпейтіндерін де жеткізді.
Қытай төрағасы қайта сайланудың алдында Астана мен Самарқанға келіп кетті. Ши төраға да Қазақстанның мемлекет тұтастығын қорғайтыны жайында айтқан. Германия сыртқы ведомства басшысы да бұл мәселеге айрықша тоқталды.
«Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін бұрынғы кеңес құрамында болған елдер уақыты келгенде біздің де мемлекеттілігімізді мойындамай қала ма, деген күмән көбейді. Кремльдің «руский мирінің» достық емес, қорқыту екені Украина мысалынан айқын көрінді. Еуропа мемлекеттердің егемендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысымен, Еуропаның қауіпсіздік пен ынтымақтастық шарты негізінде қорғап, тең әріптестікті дәріптейді»,-деді.
Қаһарлы қыс таяғанда Еуропа Путиннің газ бопсасына ұшырап отыр. Ресейдің әскери әлеуеті белгілі болғаннан кейін, Орта Азияда Қытайдың ықпалы артады деген болжамдар жасалған. Германия сыртқы істер министрінің бұл жолғы сапары Еуроодақтың Орта Азиямен энергия, экономика, саяси байланысты күшейтуді көздеп отырғанын анық аңғартты.
Abai.kz