Көне жездем – Көпекем!..
(Сатира саңлағы Көпен Әмірбектің рухына)
Жақсысын жанындай жақын көретін қазақ жақында Көпен Әмірбектей ардақтысынан айрылды... Бұл есімді «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» (Сейіт Кенжеахмет) екенін түсіне білетін үлкен-кішінің білмеуі мүмкін емес.
Бүгінгі жылдамдықтағы 72 жас деген ер адам үшін сонша көп жасау емес қой. Қайтейік, қазақтың шын күлкісін көпсінгендей, ажал-мергеннің аяусыз оғы сатираның санаулы саңлағының сардарын дәлдеп тапса...
Қайран, Көпекең!.. Бүткіл болмысымен күлкі шақырып тұратын жасандылығы жоқ жан еді. Кескін-кейпі, жүріс-тұрысы, қарағаны, сөйлегені, тіпті, сөйлемегені – көкірегінде көзі бардың жүзіне күлкі үйіретін.
Көпен аға қанша танымал талант болса да, өзінің мықты екенін білсе де, өзінің қазақы қарапайым қалпын бәрінен биік қоятын. Үлкенге кіші, кішіге үлкен, сыйласқа қимас көңіл сыйлауға барын салатын; баламен де, данамен де әзілдесе алатын.
Адам танудағы байқампаздығы, жақсылыққа қуана алатын жайсаңдығы шығармашылық адамында сирек кездесетін сүйкімді қасиеттің бірі еді.
Бір кездері өзінің пародия театрына «Көпен келе жатыр!» деп ат қойғаны, кейін оны бүкіл жұрт өзін көрген сайын қуаныштан қол соғып, алақайлап айтатыны үйреншікті әдетке айналғаны да ғанибет-тін.
Мен ағадан 9 жас кіші болсам да, өзі еркелете сыйлайтынына еркінсіп: «Көне жездем – Көпекем» дейтінмін. Оным - бірінші алғаны қырғыздың қызы болса да, Арқада туып-өскенін есіне салған түрім еді...
Біз анда-санда телефон арқылы арқа-жарқа әңгімелесіп, шер тарқасып тұратынбыз.
Осы жылғы наурыздың 16-жұлдызында «Мен – Тәуелсізбін!» жыр жинағымның тұсаукесеріне қатысқандағы айтқан жүрекжарды сөзі, ақжарма тілегі, көлдей көңілі – соңғы кездесуіміз болады деп кім ойлаған?!.. Сол жолы айтылған мына бір ауыз сөзі қазір ел ауызынды жүр, өзімнің де құлағымда тұр. Марқұм сонда: «Көпен – Көпен болғалы, Астана – астана болғалы, мынау үлкен залды Ұлттық академиялық кітапхана –кітапхана болғалы орын жетпей, үш сағат тікесінен тік тұрған көрермен көрсем көзім шықсын! Бұдан кейін ел жинау керек болса, ең бірінші, Алматыдан Қымбат келеді деп хабарландыру жасауға дайын тұрмын», - деп көзілдірігін көзінен түсіріп қойып, рахаттана күліп еді-ау.
«Айгөлегіңе менің жаңылтпаштарымды беріп тұршы, бұндайды әлі ешкім жазған жоқ, нанбасаң тыңдашы»,- деп бірнешеуін оқып беріп, балаша аңқая қараған сәті де көз алдымнан кетпейді.
Журналдың осы, сәуір айындағы санына 2 бетке Көпен ағамен сұхбат бердік.
Сонда ағадан: «Сұрақтар ұнады, жолдан келсем де, бір деммен жауап беріп отырмын» деген электронды хат алдық. Ең қызығы, ынта-шынтасымен кіріскені ғой, жауаптың соңында: «Әдемі әңгемеңіз үшін сізге көп рақмет!» деген жазу тұр. Біз айтар сөзді өзі айтыпты деп редакцияда ішегіміз қатып күлгеніміз бар. Өйтпесе, Көпен – Көпен бола ма?!
Сұхбат жарыққа шыққасын ватсаппен жібергенде қуанғанын көрсеңіз ғой! «Әй, сен өзің әр журналды бір кітаптай шығаруға шаршамайсың, иә?! Сосын екен ғой, ана отыздан асқан балаларыңның әлі соңынан қалмай жүргені. Солай, нағыз ұстазды бала ұмытпайды. Алда сен туралы жазуым керек... Сосын Жұбанышыммен түскен фотоны да тамаша ғып беріпсіңдер, осы «Айгөлектің» 3 данасын маған қойып қойшы» деп елпілдеп еді-ау...
Айналасы алты айда, суық күзде, онсыз да жаны жүдеу қазақтың қабырғасын қайыстырып, қайғы бұлтын жамылтып Көпен Әмірбек келмеске кетіп қалатынын кім біліпті. Енді мәңгі өлмейтін кітаптарын құшақтап, бұрынғыдан да аялай парақтап, қаулап өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге жеткізуге дәнекер болудан басқа қолдан не келеді. Келсе, «көне жездем – Көпекем» өлімге қияр жан ба еді?!
Жаны жәннатта, рухы шат болсын, марқұмның!
Қымбат Әбілдәқызы
Abai.kz