Соловьев бағдарламасында айтылған Қазақстан туралы даулы пікірге жауап берді
«Россия 1» телеарнасының жүргізуші Владимир Соловьев өз бағдарламасында айтылған Қазақстан жайлы даулы мәлімдемеге қатысты пікір білдірді, деп жазды Ulysmedia.kz.
Ол өзінің «Соловьев Live» атты бағдарламасында саясаттанушы Дмитрий Дробницкийдің резонансты пікіріне тоқталды.
Артық эмоцияға берілу маған жат нәрсе. Ол Қазақстан жайлы өз ойын айтты. Бізде сөз бостандығы бар емес пе. Оның үстіне Дмитрий Дробницкий мемлекеттік қызметкер емес. Ұнаса да, ұнамаса да оның өз көзқарасы бар, — деді В. Соловьев.
Еске салсақ, Ресейдің "Россия-1" телеарнасының "Вечер с Владимиром Соловьёвым" ток-шоуында бағдарлама қонағы Қазақстанды «Украинадан кейін кезекте тұрған – проблема»,-деді.
Бұл мәлімдеме қазақстандық саясаткерлердің ашуын тудырды. Парламет Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Соловьевтың «улы сілекейін шашып жүргенін» айтты.
Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы "Россия-1" телеарнасында көрсетілген саясаттанушының пікірі ел билігінің Қазақстанға саяси ұстанымын көрсетпейтінін мәлімдеді.
Abai.kz