Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 9402 63 пікір 26 Қараша, 2022 сағат 14:37

Дариғаның саясатқа оралуы. Жақиянов не айтқысы келді?

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақияновтың: «Дариға Назарбаева саясатқа араласам десе, қолдау керек. Өйткені, оның өзінің қылмыс жасағаны болмаса, оны неге саясатқа араластырмайды. Мүмкін оның айтар пікірі бар шығар. Мүмкін оның қазіргі Тоқаевтың жасап жатқан «супер президенттік республиканы жалғастырамын» деген сөзіне қарсы пікірі бар шығар. Дариғаның өзі «елімізге демократия керек, елімізге парламенттік республика керек»,  деп ұран шығарса, оны біз неге қолдамаймыз?! Бәрінің бір-ақ ойы бар. «Назарбаевтың дәуірі кетті. Осы адамдарды мемлекеттен шығарып тастайық, жолатпайық», деген сөз дұрыс емес. Біз жүйені өзгертеміз, бірақ, өз адамдарымызды қуып салып, құртып жіберуге болмайды. Осы елдің азаматы болса, осы шаруаға араласуға құқығы бар азаматтардың бәрін араластыруымыз керек», – деген сөзі әлеуметтік желіде шұрқан болып шауып жүр.

Әсілі бұл саясаткердің YouTube желісіндегі Гиперборей каналының журналисті Әсем Жапишеваға берген сұхбатында айтылған пікірінен үзіп-жұлып алынған дүние екен. Мен оқырмандарға осы сұхбатты бастан-аяқ, мұқият көріп шығуға кеңес берер едім.

​Бұл жерде Ғалымжан Жақияновтың сөзінен трагедия іздеудің керегі шамалы сияқты. Мәселе, Дариға Назарбаеваның жеке басына байланысты емес. Ол кісінің айтпағы шын мәніндегі саяси бәсекелестікке жол ашу жайлы еді. Саясаткер Жақиянов Дариға Назарбаеваның кім екенін білмей отырған жоқ. Мүмкін көбімізден жақсы біледі. Тек оны мысал ретінде көрсету арқылы халық алдында әбден сүйкімі кеткен Назарбаев отбасы мүшелерінің де дені сау демократиялық қоғамда саяси додаға қатысуға құқылы екендігін меңзеп отыр. Мұнда демократиялық қоғамның қалай болу керектігі жөніндегі әліппелік сауатты тағы қайталап айтуға мәжбүр боламыз. Демократиялық қоғам ол, ең алдымен, жеке тұлғаның кім болуына қарамастан әділ саяси бәсекеде бақ сынауынан бастау алады. Сол себепті Дариға Назарбаева істі болып, сот ресми айып таққанға дейін Қазақстан Республикасының азаматы ретінде саяси додаға қатысуға әбден құқылы. Сайлауда халық оған қалай дауыс береді - ол мүлде басқа әңгіме. Біз күллі қоғам болып Назарбаев отбасының және оның айналасындағылардың 30 жыл бойы істеген іс-әрекеттеріне әділ құқықтық баға берілуін асыға күтіп отырмыз. Бүгінгі биліктің 30 жыл бойы ойына келгенін істеп келген отбасы мүшелері мен айналасындарға және шектен шыққан олигархтар іс-әрекетінің ақ-қарасын айқындап, халық алдында есеп беру ойларында болса, сөз бұйдаға салмай іске кірісіп нақты әділ құқықтық баға беруі шарт. Әрине, мақсатты түрде ешкімге де саяси қуғын-сүргін жасауға әсте болмайды. Өз бәсекелестерінен өш алу, қудалау, жалған қылмыстық іс ашып түрмеге тоғыту, өлімге байлау сол Назарбаев дәуірімен мәңгі келмеске кетуі керек! Бірақ, бір кездегі ұстазым еді. Тағын түсіп беріп еді деп аяушылық танытуға да болмайды. Тек сонда ғана Президент Тоқаевтың «Президент халық, тарих және ар-ұждан алдында жауап береді» деген сөзі біздің өмірімізде шынайы көрініс табатын болады.

​Көп жағдайда билік те, халық та большевиктерден қалған тұтас қоғамды «жау және біз» деп жіктейтін жаңсақ бір ұғымның жетегінде кетіп, демократиялық құндылықтардан жаза басып жатады. Кеңестік кезеңде қоғам бай-кулактың, халық жауының ұрпағы деген өлшеммен қоғамның аса бір ауқымды бөлігінің құқығын шектеп келді. Назарбаев дәуірінде де санаға сіңген осы бір ескі сарқыншақ ұғымның елесі кезіп жүрді. Егер біз осы құндылықтармен қоғамды жікке бөлетін болсақ, демократиялық қоғам ешқашан орнамайды. Заң алдында барлық адамның құқығы бірдей дейтін қасиетті қағида әдірем қалады. Рас, Назарбаев отбасы және оның айналасы 30 жыл бойы қазақ қоғамын ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында ұстап, ұлттық байлығымызды теспей сорып келді. Қоғамдағы әділетсіздік – ең алдымен адамдардың сайлау және сайлану құқығын шектеуден бастау алды. Назарбаев және оның айналасындағылар нағыз демократияның ұрлауға жол бермейтіндігін жақсы түсінді. Сол себепті демократиялық құндылықтарға өлердей өшігіп, оны басып жаншу үйреншікті жағдайға айналды.

Егер Жаңа Қазақстанда президент Тоқаевтың өзі ұран етіп жүрген әділетті қоғам орнатқымыз келсе, істі әділ сайлау, адал саяси бәсекелестікке жол ашудан бастауға тиіспіз. Бұл жерде Қазақстан азаматтарын ол кім болса да адал саяси және экономикалық бәсекелестіктен шеттетуге әсте болмайды. Күллі қоғамның билікке деген күдік-күмәні де осы жерден бастау алады.

Қазір қоғамда күдік-күмән мен алаңдауға негіз боларлық жағдаяттар жетіп артылады. Айталық, Назарбаев дәуірінде ескіше басқару тәсілдеріне дағдыланған «Назарбаевтың өнімдері» билік басында әлі де тапжылмай отыр. Соған сәйкес жемқорлық та тыйылар емес. Еститін Үкімет деп мың жерден ұрандатқынымызбен, президент Тоқаевтың өзін жаңсақ ойларға жетелеп, қоғамда ол кісі туралы жағымсыз пікір қалыптастыру үрдісі белең алып барады. Әрине, супер президенттік билікте бұл жағдайдан сақтана алмайсың. Бұл биліктің ұшар басынан басқарылатын қоғамның ортақ ауруы. Ендігі үміт - парламент пен әр деңгейдегі мәслихаттардың адал сайлануы, еркін бұқаралық ақпарат құралдары және әділ сайлау жүйесі мен бәсекеге қабілетті партиялардың өмірге келуіне жол ашатын кемелді құқықтық жүйе қалыптастыру. Егер президент Тоқаев билігі халықтың осы қарапайым талаптарын орындауға құлық танытпаса, немесе «басқарылатын демократия» дегендей ескі басқару жүйесін талдаса, Жаңа Қазақстаннан үміт үзе беруге болады. Онда, Қазақстан халқы басқа күрес жолын таңдауға мәжбүр болады. Бұл - қаңтар қасіретінің тағы да қайталанар сәті алыс емес деген сөз. Құдай осыдан сақтасын!

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

63 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1454
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258