Беларусь ағашы санкцияларға қарамастан Еуроодаққа сатылып жатыр, деп жазды Беларусь зерттеу орталығы.
Жаңа зерттеуге қарағанда, Беларусь ағашына санкция жарияланған сәттен бастап бұл өнімді Қазақстан арқылы ЕО елдеріне экспорттау көрсеткіші 74 есеге, ал Қырғызстан арқылы экспорттау көрсеткіші 18 мың есеге артқан. Қазақстан мен Қырғызстан ағашты экспорттауға шектеу қойғанына қарамастан, сакнцияға іліккен елдің өнімі еркін сатылып жатыр.
ЕО санкцияларын Ресей де Қырғызстан мен Қазақстан арқылы айналып өте бастағанын бұның алдында Азаттық радиосы журналистері анықтаған.
Еуроодақта Беларусь ағашын негізінен Польша, Литва, Латвия, Германия және Нидерланд сатып алып жатыр, деп жазылған орталық зерттеуінде.
Шектеу енгізілгенге дейін Польша көрші елдің ағашын "БЛК Трейдинг" ("Беларусь орман компаниясы") арқылы сатып алатын. Бұл компания Польшада тіркелген. Қазір ол ағашты Қазақстан арқылы шығара бастаған.
Литва да ағашты Қазақстан мен Қырғызстан арқылы жеткізу әдісін қолданып отыр.
Орталық Азиядан ағаш тасу артқанын ең бірінші болып Литва кедені байқаған. Кеден қызметінің мәліметінше, Беларусь пен Ресей өнімдерін Еуроодаққа өткізер кезде көрсетілетін декларацияда тауар Қазақстан мен Қырғызстаннан алынған деп жазылады.
"Бұған дәлел жетерлік: тауар Беларусь немесе Ресейде тиелгенін білдіретін қорапта немесе қосымша құжаттарда қалып қояды. Мұндай жағдай бір емес, бірнеше мәрте тіркелді", – дейді Литва кедені бас директорының орынбасары Вигантас Пайгозинас.
Abai.kz