«Жаңа Қазақстан» - жаңармаған Үкімет...
Өткен жылдың аяғында президент Тоқаев Үкіметті сынап сөйледі. Қолдарынан іс келмейтіндер өз еріктерімен қызметтерінен кетсін деп ым-ишара білдірді. Осыдан кейін ел-жұрт жаңа жылда Үкіметте үлкен кадрлық ауыс-түйістер орын алады деп күтті. Әзірге ауысқан 5 министрді ғана көрдік. Үкіметтің сайты жаңартылған Үкімет құрамын жариялапты. Соған қарап, Үкімет құрамы жасақталып қойғанға ұқсайды деп топшыладық.
Ал былтыр президенттің сынанан соң «Abai.kz» ақпараттық порталы мен «Usbanov arnasy» бірлесіп, арнайы сауалнама жүргізген едік. «Қай министр қызметтен кетуі тиіс» деп сауал тастадық.
Анти-рейтинг: Роман Скялр - ең жағымсыз министр!
Сауалнамамызға ұзын-саны 1600 адам қатысты. Анти-рейтингте көш бастап тұрған министрлер төмендегідей болды: Бірінші вице-премьер Роман Скляр – 618 дауыс жинады. Ал ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов – 493 дауыспен ел қарсылығына тап болған екінші министр атанды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов анти-рейтинг үштігін түйіндеді (445 дауыс).
Респонденттердің 46 пайызы – «Үкімет толық құрамда таратылуы керек» деген нұсқаны таңдаған. Ал анти-рейтинте ең аз дауыс жинаған министрлер: Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов (24 дауыс), Энергетика министрі Болат Ақшолақов (45 дауыс), Ғылым министрі Саясат Нұрбек (55 дауыс) болды.
Сонымен, жаңартылған Үкімет құрамына бір көз жүгіртейік:
Үкімет басшысы – Әлихан Смайылов.
«Қанды қаңтардан» кейін, 2022 жылдың 5 қаңтарында Үкіметті уақытша тізгіндеді, сосын 11 қаңтар күні Премьер-министрлікке тағайындалған. Бақытжан Сағынтаев премьерлігі кезінде ҚР қаржы министрі, Асқар Мамин премьерлігі кезінде вице-премьерлікті атқарған адам (2018-2022 ж).
Роман Скляр – Бірінші вице-премьер.
Екібастұздан шыққан «дәнекерлеуші» Скляр бұл қызметке 2022 жылдың 11 қаңтарында тағайындалған. Асқар Маминнің тұсында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі (2019 жылы) болған. Сол Маминмен бірге Үкімет басшысының орынбасары болып 2 жыл жүрді (2019-2022 ж). 2016 жылы Мәжілісте болды. 2016-дан 2019-ға дейін екі министрлікте кіші министр қызметтерін атқарды.
Мұхтар Тілеуберді – вице-премьер һәм ҚР Сыртқы істер министрі.
Қос қызметті қатар ұстап жүрген Тілеуберді – Сыртқы істер министрлігін 2019 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді. 2021 жылдың қаңтарында Үкімет басшысының орынбасары қызметін тағы міндеттеп алды. Алты-жеті мемлекетте елшілік жасады. Сыртқы істер министрлігіне 2016 жылы келді. Келгенде де министрдің бірінші орынбасары болып келді.
Ерұлан Жамаубаев – вице-премьер және ҚР Қаржы министрі.
Қос қызметті қатар алып жүрген тағы бір дәу. Бұрынғы премьер – Асқар Маминнің тұсында министрлер сапында болған адам. 2018-2019 апалығында Президент Әкімшілігінде болды. Президентке кеңес айтты. 2020 жылы Қаржы министрлігін тізгіндеген. 2022 жылы вице-премьерлікке лайық деп таңдалды.
Серік Жұманғарин – вице-премьер һәм ҚР Сауда және интеграция министрі.
Әрідегі қызметтерін атпасақ та, 2019 жылдан саптайық. 2019 жылы Ұлттық экономика вице-министрі болды. Еуразиялық экономикалық комиссияның мүшесі болды. Антимонополияны 2019-2020 жылдары басқарды. 2020-2022 жылдары бәсекелестікті қорғау агенттігін тізгіндеді. Қазіргі атқарып жүрген қос бірдей қызметіне 2022 жылы қолы жетті.
Алтай Көлгінов – вице-премьер.
Астананың экс-әкімі Үкіметке былтыр желтоқсанды ауысып барды. Сырт көзге Үкіметтегі «жаңа кадр». Ал еңбек жолына көз жүгіртсек, Қазақстан саясатына кеше келген адам емес. 2016 жылдан 2019 жылға дейін Батыс Қазақстан облысын басқарды. 2019 жылдан 2022 жылдың соңына дейін Астана әкімдігін тізгіндеді.
Ғалымжан Қойшыбаев – вице-премьер, Үкімет аппаратының басшысы.
Қойшыбаев та Сыртқы істер министрлігі саласының адамы. Литва, Латвия, Эстония Финляндия секілді мемлекеттерде елші болған. 2016 жылы СІМ-де кіші министр болып тағайындалды. 2019 жылы Үкімет кеңсесін басқарды. Биыл бағы жанып, вице-премьерлікке тағайындалды. Субьективті түрде «жаңа тағайындалған кадрлердің» бірі.
Премьер-министр мен оның орынбасарларын түгендеп болдық. Енді Үкіметтің өзге мүшелеріне қарай ойысайық...
Руслан Жақсылықов – ҚР Қорғаныс министрі.
Жақсылықов әскери саланың адамы. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Генерал-полковник. Министрлікті 2022 жылдың қаңтарында тізгіндеген. Жақсылықовтың алдындағы министр қазір қамауда (Мұрат Бектанов). «Қаралы қаңтар» оқиғасы кезінде «салғырттық жасады» деп сотталып жатыр.
Марат Ахметжанов – ҚР Ішкі істер министрі.
Ахметжанов та генерал-полковник. Министрлікті 2022 жылдың ақпанында қолына алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті басқарған (2021 ж). Оған дейін Бас прокурордың орынбасары болған.
Дархан Қыдырәлі – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Бұл қызметке 2022 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. 2014-2022 жылдары Халықаралық Түркі академиясын басқарған.
Ербол Қарашөкеев – ҚР Ауыл шаруашылық министрі.
Үкіметтегі сынды көп еститін министрлердің бірі. Бұл қызметке 2021 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Жұтты да, қуаңшылықты да осы министрдің тұсында көрді, шаруалар. Ауыл шаруашылығына қаржы министрлігінен ойысып барған адам.
Азамат Есқараев – ҚР Әділет министрі.
Есқараев күні кеше ғана тағайындалған су жаңа министрлердің бірі. 2000-шы жылдан бастап осы салады қызмет еткен. 2019-2023 жылдары Үкімет басшысының кеңсесінде заң бөлімін басқарған.
Саясат Нұрбек – Ғылым және жоғарғы білім министрі.
Саясат мырзаның министр болғанына салыстырмалы түрде көп бола қойған жоқ. 2022 жылдың жазында бұрынғы ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Сол кезде ғылым мен жоғарғы білімге жауапты болып тағайындалған. 2022 жылдың ақпанында билік партиясынан Мәжіліске өтіп, депутаттық қызмет атқарған.
Ажар Ғиният – ҚР Денсаулық сақтау министрі.
«Қанды қаңтардан» кейін министрлік тізгіндеген адамдардың бірі. Аталған министрлікте әртүрлі басшылық қызметтерді атқарып жүріп, Смайылов командасынан орын бұйырды.
Тамара Дүйсенова – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Үкіметтегі көнекөздердің бірі. Ескі Үкімет түгілі, экс-президенттің тұсында сан түрлі басшылық қызметтерді атқарған адам. Облыс, қала, аудандарды әкім орынбасарлығын көрді. Бірнеше министрлікте басшы қызметтерінде болды. 2020-2022 жылдары Президент кеңесшілігінде жүрді. Сөйтіп, 2022 жылдың сәуірінде Үкіметке қайтып оралды.
Марат Қарабаев – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Су жаңа тағайындалған кадр. 1987 жылы туған Қарабаев - Өзбекстаннан оралған қандас азамат. 2021 жылдан бері өзі басқаратын министрлікте вице-министр болған.
Асхат Оралов – ҚР Мәдениет және спорт министрі.
32 жастағы Оралов мырза да су жаңа тағайындалған министрлердің бірі. 2021-2022 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болған. «Аманат» партиясының жауапты хатшысы қызметінде жүрді.
Ғани Бейсембаев – ҚР Оқу-ағарту министрі.
Жаңа министр. Бұл кісі былтырғы жылдың наурызынан бері вице-министр. Былтыр Білім министрлігін екіге бөлгенде де қызметін сақтап қалған. Бір анығы - Ғани мырза да бұл салаға көшеден кеп қосылған жоқ. Министрлікке дейін ұзақ жылдар оқу-білім саласында жұмыс істеді. «Қазақ тілі» оқулығы мен «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясын әзірлеушілердің бірі болған.
Юрий Ильин – ҚР Төтенше жағдайлар министрі.
Ресейдің Жаңасібірінде туған бұл кісі де Қазақстан саясатының көнеден келе жатқан министрлерінің бірі. Аталған министрлікті 2020 жылы тізгіндеген. Оған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары болды.
Әлібек Қуантыров – ҚР Ұлттық экономика министрі.
Бұл қызметке 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған. 2019-2021 жылдары Елбасы кеңесін басқарған. 2021 жылы кіші министрлікке ауысып, «қанды қаңтардан» кейін министрлік тізгіндеген.
Бағдат Мусин – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.
Аталған министрлікке 2020 жылы келіп жайғасқан. «Қаралы қаңтардан» кейін де қызметін сақтап қалды. Үкіметтегі сынды көп еститін министрлердің бірі.
Зүлфия Сүлейменова – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.
Су жаңа министр. Жас министр. 1990 жылы туған. 2021-2022 жылдары Мәжілісте депутат болған. 2022 жылы өзі басқаратын министрлікте кіші министр қызметін атқарды.
Болат Ақшолақов – ҚР Энергетика министрі.
2022 жылдың қаңтарында министр атанған Ақшолақов биыл да қызметін сақтап қалды. Тілшілер қауымы бұл кісіден өзгені емес, әуелі АЭС құрылысы жайын сұрауға машықтанан. Өйткені, Қазақстан АЭС-іне бірден-бір жауапты адам – осы министр Ақшолақов. ҚР Энергетика министрлігінде вице-министрлік қызметті 2017-2019 жылдары атқарған.
Әзірге біз көрген Үкімет құрамы осылай болып тұр. Ауысқаны 5 министр. Қалғандары өз қызметтерін сақтап қалды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz