"Қазақпарат" агенттігінің жазуынша, 36 мен 40 жас аралығындағы төрт адам – Данияр Әбдіғапаров, Жұмадин Патов, Қанат Жақаев пен Айдос Нұрқалиевтер "аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады" деген күдікке ілінген.
Былтыр көктемде әлеуметтік желіде "Алтын орда" базарының бастығы делінетін Данияр Әбдіғапаровтың видеосы тараған еді. Видеода ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, "базарды рейдерлік жолмен тартып алып жатыр" деген.
"Алтын орда" базарының басшылығы өзгергені жайлы Қаңтар оқиғасынан кейін БАҚ көп жазды. Ақпанда президент Тоқаев "Алтын орда" базарында тәртіп орнатуды тапсырған. "Бұл жер пайдакүнемдерге нағыз майшелпекке айналды. Бұған Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органы өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін", – деген еді Тоқаев.
Ақпарат құралдары 2021 жылы қарашада базарды жабу туралы сот шешімі шыққанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, салық органдары сотқа "Алтын орда базары" жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жою керек деп шағым түсірген. Оған базар басшыларының салық міндеттемелерін орындамауы түрткі болған. Сот шағымды қанағаттандырып, шешім күшіне енген. Ашық дереккөздерге сүйенген Exclusive.kz сайты 2012 жылы құрылған "Алтын орда" базарының жылдар бойы мүлде салық төлемегенін жазады. Сайт базар басшысының бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевпен бірге ортақ бизнесі бар дейді.
Болат Назарбаев бұл мәселе жөнінде ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Алматы облысының монополияға қарсы департаменті "Altyn Orda QazTrade LTD" компаниясына қарсы әкімшілік іс қозғаған. Сот компаниядан "монополиялық жолмен бағаны көтеру арқылы алынған" 46 миллион теңге табысын тәркілеп, 1,4 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салған.
Abai.kz