Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3697 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 10:43

Әйелдер «жеңіске» жетті

Азаматшалар «Біз неге ерлерден бұрын зейнетке шығуымыз керек, бұл гендерлік саясатқа қайшы ғой» демейтін болды. Әз- Наурыз мерекесінің алдында «әділеттілікті осылай салтанат» құрғыздық. Ал енді қазақстандықтардың елуден астам пайызын құрайтын осы әйелдер армиясын еңбекпен қамти аламыз ба? Мәселе - осында.

Азаматшалар «Біз неге ерлерден бұрын зейнетке шығуымыз керек, бұл гендерлік саясатқа қайшы ғой» демейтін болды. Әз- Наурыз мерекесінің алдында «әділеттілікті осылай салтанат» құрғыздық. Ал енді қазақстандықтардың елуден астам пайызын құрайтын осы әйелдер армиясын еңбекпен қамти аламыз ба? Мәселе - осында.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Серік Әбде­нов мырза лауазымды қызмет тізгінін ұстар кезде әйелдердің зейнет ­жасын ұлғайтуды өзінің құпта­май­тынын білдіріп, «елі­мізде мұндай қадам жасауға негіз жоқ» деген пікірде болғанын жұрт­шылық есінен шығара қойған жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен әйел­дер қауымы жаңа министрдің осындай пікірінен кейін көңіл­дерін бір демдеп алып еді. Әйтсе де, әйелдердің зейнет жасын ұл­ғайту мәселесі күн тәртібінен түс­пегеніне көп ұзамай-ақ көзіміз жетті. Мәжіліс депутаттары ал­дын­да Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Әбденов зейнетақымен қамсыз­дандыру жөніндегі заң жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында әйелдердің зейнет­ жа­сын ұлғайтпаса болмайтынына тоқталды. Халықтың көптен күт­кен бұл мәселесіне соқпай айна­лып өту мүмкін емес те еді. Депу­тат­тардың өзі де мәселеге алаң­даушылық танытқанын жақсы білеміз. Әлеумет министрінің көзін жан-жағындағылар әйел­дер­дің зейнетке шығу жасын өсір­месе болмайтынына әбден жет­кізген болуы керек. Әбденов мырза кезінде айтқан пікірінен айнып, Үкімет басында отырған өзге шенеуніктер мен Ұлттық банк басшысының ұсыныстарын қолдайтынын айтып шыға келді. Қолдау көрсетуінің себептерін де жіктеп тұрып жайып салған бо­латын.
Оның айтуынша, барлық ашыл­­ған зейнетақы есепшот­тарының 45 пайызы әйелдерге тиесілі. Бірақ орта есеппен алғанда, олардың зейнетақы жи­нақтары ер адамдарға қарағанда 25 пайызға төмен. «Бұл олардың зейнет жасына ерте шығып (58-де), жинақтарын ерте жұмсауына және тез тауысуына әкеледі. Сонымен қатар бүгінгі күні зейнетақы жасындағы әйелдердің 12 пайызының бірлескен зей­нетақы (кепілдендірілген зей­нетақымен бірге) алуға еңбек өтілі толмаған. 2018 жылдан бастап барлығының да өтілі толмайтын болады. Сондықтан әйелдердің зейнетақы жасын ерлермен теңестіруді ұсынамыз» деді министр. Яғни әйелдер 63-ке келіп, зейнетке шығатын болса, онда олардың жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағы да қомақты бола түседі. Зейнет жасын қайткен күнде де өсіру үшін әртүрлі бол­жамдарды алға тарта беруге болар. Шынтуайтына келгенде, 63-ке келіп, зейнетке шыққан күннің өзінде қоғамдағы қазіргідей ахуал­мен ЖЗҚ-дағы салымды қомақ­тандыра түсуге жол жоқ екенін сол шенеуніктердің өздері де іштей білетінінде сөз жоқ.

Естеріңізде болса, жинақ­тау­шы зейнетақы қорларын құрған осыдан он бес жыл бұрын да бола­шақ зейнеткерлерді жұмақ өмірге бөлеп тастайтындай уәде берілген болатын. Еңбекақыдан ай сайын бөлініп тұратын он пайыздық салықпен жинақталатын зей­нетақы­ның көлемі ертеңгі күні ешкімді де жарылқай қоймай­тынын сол кездерде-ақ айтушы­лар болды. ЖЗҚ идеясын көтер­ген қаржыгерлер қорлардың керемет жұмыс істейтінін алға тартып, біздің ай сайын жинаған он пайыз­дық салымымыздың бола­шақта инвестицияларға салынып, еселей табыс табатынын айтқан Марченко мырзаның өзі бүгін әйелдердің зейнет жасын ұлғайт­паса, күніміздің қараң болатынын алға тартып отыр.

«Әрбір жоба, бағдарлама жа­сар алдында оның жауапкер­ші­лігін мойнына алатын белгілі бір құзырлы ұйымдар болмайтын осын­дай ахуал қоғамымызда жал­ғаса беретін болса, қанша жерден уәдені үйіп-төк, қайтып айналып сол жерге орала беретініміз шын­дық. Мұны ЖЗҚ-лар тәжіри­бе­сінде ғана емес, басқа да бағдар­ламалар мен жобалардың орын­далу барысында көріп отырмыз. Он бес жыл бұрынғы зейнетақы идеясын ұсынған Ораз Жандосов, Наталья Коржова, Григорий Марченко, т.б. бүгінде сол кездегі идеяларының жүзеге аспай қал­ғаны үшін неге жауап бермейді? Олардың айтатындары - бұған топ-менеджерлер кінәлі емес, әлемдік дағдарыс, құнды қағаздар нарығының дамымауы деген сылтау-себептер» дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков.

Серік Әбденов мырза жинақ­таушы зейнетақы жүйелеріне қатысушылардың саны аз болуы - алдағы уақытта үлкен пробле­ма­лар тудыратынын айтады. Егер дер кезінде шара қолданылмайтын болса, жинақтаушы қорда жинағы жоқ адамдар еш жерден ештеңе ала алмайтынын айтып, дабыл қағып отыр. Елімізде ондай 2 мил­лионнан астам адам бар еке­нін, олардың ертеңгі күні мем­лекет бюджетіне орасан проблема тудыратынын осыдан он жыл бұ­рын сарапшылар айтқан бола­тын.

Ауылдағы екі сиыр, он қойы мен жиырма тауығы бар отбасы­лар өздерін-өздері асырауға құ­зырлы деген шешім қабылданып, оларды ЖЗҚ-лар есепке де алмады. Жинақтаушы қорлардың ауылға барып, шаруалармен әңгімелесіп, болашақ зейнет­керлік жайында сөз қозғап, қорға тарту жұмыстары мүлдем жүр­гізілмеді. Нәтиже­сінде, енді бір он-он бес жылдан кейін зей­нетақының ешқандай түріне ілінбеген қорғансыз әлеу­мет алдан шығып, мемлекет ба­сына проблема болып үйірілгелі тұр. Оның басым бөлігі - әйел­дер.

Біздің басқарушылар Алматы мен Астана және облыс орталық­тарында еңбек етіп жүрген әйел­дердің есебінен ғана қорытынды шығарып, зейнет жасын солар­дың еңбекақысымен өлшеп ұлғайтуда деген пікірлер бар. Бұл рас. Се­бебі әйел біткеннің үлкен шоғыры - ауылдар мен аудан­дарда. Олар­дың көбі - ауыр жұ­мыста немесе үй шаруашы­лы­ғында. Жүз жерден гендерлік сая­сатты теңестіру ке­рек дегеннің өзінде ол әйелдердің бәрін еңбек­пен қамту мүмкін емес. Тек мем­лекет тарапынан берілетін азын-аулақ зейнетақыға жеткенше әйел­дерді қалжырат­қаннан басқа жақсылықты көріп тұрған жоқ­пыз. Оның үстіне қалалар мен ау­дан орталықтарында да әйел­дер­ді, оның ішінде жасы 45-50-ге кел­ген әйелдерді жұмысқа алуға кедергілер жетіп-артылады. Білімі мен білігі артып тұрса да, біздің жұмыс берушілердің басым бөлігі жастарды алуға тырысады. Бұл дұрыс та шығар. Олай болатын болса, 63-ке дейінгі әйелдердің зейнетақылық қорын қалай мо­лайтуға болады?

«Біздегі жасалатын және қабылданатын бағдарламалар мен жобалар ісінің жүрмеуінің басты себептерінің бірі - қажетті базаны жасақтап алмай тұрып, асығыс қабылдаудан, - дейді Қанат Берентаев. - Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту арқылы жинақта­латын қаржыны өсірудің орнына квазимемлекеттік секторларға бағытталатын бюджеттік қар­жыны қысқартқан дұрыс болар еді. Соның есебінен зейнетке лайық­ты жасында шығатын әйел­дерге қолдау көрсетуге болады» дейді сарапшы.

Марченко: «Әйелдер қаласа, 55 жасында да зейнетке шыға ала­ды, ол үшін олар алдымен тиісті зейнетақының 50 пайызын жи­нақ­тап алса болды» дегенді талай рет айтты. 50 пайыз зейнетақыны жинақтамақ тұрмақ, он пайызы да жинақталмаған әйелдер не істейді? 1998 жылдан бері ЖЗҚ-ға ақшасын аударып келген әйелдер­дің жинағының өзі 4-ақ жылға жетіп отыр. Ол кемінде 8 жыл­ды қамтуы тиіс болатын. Елдің бәрі Ұлттық банк басшысы емес немесе еңбекақысы жоғары меке­мелерде еңбек етпейді. «Мен 2014 жылы желтоқсанда 55-ке тола­мын. Қаңтарда еңбек келісім­шар­тының алтыжылдық мерзімі аяқ­талады. 2015 жылдан бастап зей­нетке шыққым-ақ келеді, себебі зейнетақылық жинағым айтар­лықтай деңгейде. Инвестициялық табысты және өз еркіммен ауда­рып тұрған жинақты қоса есеп­тегенде, шамамен 28 миллионды құрайды. Яғни өмір сүруіме жет­кілікті. Менің мойнымда Пре­зи­дент алдында, Ұлттық банк ұжы­мы, халық алдында міндет­теме­лерім бар. Егер мен жұмысқа жауап­кершіліксіз қарайтын бол­сам, осы жерде отырмас едім. Бұ­ған дейін де талай рет айтқанмын, жеке секторда табатын табысым бірнеше есе жоғары болатын еді» дейді Марченко мырза profinance. кz порталында өткен онлайн-кон­ференцияда. Ұлттық банк басшысының ағынан жарылға­нына рақмет, бірақ оның қазақ­стандық әйелдерге келгенде, олардың жағдайын кейде өзінің деңгейімен шатастырып алатыны өкінішті. Ашаршылық кезінде «Аштан өлетін несі бар, майға палау басып жей берсе болмайды ма?» деген байдың баласы секілді, «еңбек ете берсе болды ғой, зей­нетақы жинала береді» дегенге келтіретін басқарушыларымыз, алдымен әйелдерді, оның ішінде жасы келген әйелдерді еңбекке алудан қашқақтайтын еңбек нарығындағы ахуалға сарап жасап көрді ме екен?

Алма МҰХАМЕДЖАНОВА

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290