Сенбі, 23 Қараша 2024
1216 0 пікір 16 Ақпан, 2023 сағат 13:16

Махамбет Әбжанның бауыры журналистерге араша сұрады

Тоғыз жылға бас бостандығынан айрылған журналист Махамбет Әбжанның туған інісі Мақсат Әбжанов 15 ақпанда бір адамдық пикет өткізіп, ағасын босатуды талап етті. 27 жастағы азамат акциясын астанадағы министрліктер үйі ғимаратының алдында өткізді.

"Махамбет Әбжанға бостандық!", "Тәуелсіз журналистерге бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған Мақсат Әбжанның пикеті сағат 12.30-да басталып, екі сағатқа жалғасты. Шара Мәңгілік ел көшесі бойындағы Ақордаға баратын жаяу жүргіншілер жолағы маңында өтті. Мақсаттың өзі сұхбат беруден бас тартты. Ал жанындағы жеңгесі Гүлзира Дүсембаева акцияға әкімдік рұқсат бергенін және пикет бірнеше күн жалғасатынын хабарлады.

"Акция бүгін басталып, 3 наурызға дейін жалғасады. Күн сайын сағат 12.30-14.30 аралығында осы жерге шығамыз. Жағдайымызды халық, министрліктерде істейтін мемлекеттік қызметкерлер білсе екен деймін. Көпшілік білгенін қалаймыз" деді Азаттыққа Махамбет Әбжанның әйелі.

Дүйсебаеваның сөзінше, акция басталған кезде әкімдік қызметкерлері келіп, жөн сұрап, кетіп қалған. Ол маңайды бірнеше полицей мен қарапайым киім киген азамат алыстан бақылап тұрғанын айтты. Азаттық тілшісі де министрліктер үйі ғимараты маңында бірнеше орган қызметкері тұрғанын байқады.

"Ары-бері өткен кісілер "Не істеп тұрсыңдар, бұл кім, не үшін сотталған?" деп сұрады. Оларға Махамбет кім екенін, немен айналысқанын айтып, түсіндірдік. Шынын айтсам, жағдайымыз орташа. Бірақ соңына дейін күресуге әзірміз. Тоғыз жыл деген сұмдық қой. Махамбетке және басқа да тәуелсіз журналистерге бостандық талап етеміз" деді Гүлзира Дүсембаева.

3 ақпанда Астана соты журналист Махамбет Әбжанды тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. Әбжанға "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-баптың 3-бөлігі) және "бопсалау" (194-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы) баптары бойынша айып тағылған. 39 жастағы журналист әрі блогер Махамбет Әбжанды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі былтыр 3 шілдеде тұтқындаған. Агенттік "ол бір кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалады" деп хабарлаған. Әбжан адвокаты арқылы тағылған айыптарды жоққа шығарған.

2017 жылы Махамбет Әбжан "алаяқтық" бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылған. 2019 жылы шартты жаза алып, мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

"Журналистерді қорғау комитеті" былтыр үкіметті сынап жүрген журналистің ұсталғанына алаңдаушылық білдірді.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығына қатысты ахуал күрделі деп бағаланады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450