Сенбі, 23 Қараша 2024
Сайлау 2023: 1839 6 пікір 18 Ақпан, 2023 сағат 19:56

ЖСДП «Аманат» ұсынысына жауап берді

ЖСДП «Аманат» партиясының бастамасымен іске асқан әділ сайлау өткізу туралы меморандумға қол қоймады. Партияның неліктен келісімге келмегенін Мәжіліс депутаттығына үміткер Нұрлан Әуесбаев әлеуметтік желіде жариялаған видео үндеуінде түсіндірді.

«ЖСДП-ның «Amanat» партиясының меморандум жасасу ұсынысы бойынша жауабы:

ЖСДП оппозициялық партиясының біршама тарихы бар және ол әрқашанда саяси күрес қазанында қайнап, сайлауға қатысып тұрады.

Осы күнге дейін біз билікпен, әсіресе, онымен тікелей байланысты партиялармен ешбір келісімге қол қойған емеспіз.

Оппозиция биліктің қуыршағы, жалған саяси ойындардың қатысушысы болған емес, болмайды да. Екіжүзділік таныту қолымыздан келмейді.

Біз секілді оппозициялық партия үшін билікке жақын партиялармен одақ әрі блок құру – өрескел дүние.

Болашақта да ондай қадамға бармаймыз.

ЖСДП сайлауға ашық түрде қатысуда әрі жеңіске үмітті!

«Amanat» партиясының ұсынысына келетін болсақ, бұл – ашық популизм. Бәлкім, биліктің пікірінше, қандай да бір қағазға қол қою арқылы кез-келген мәселе шешілетін шығар, бірақ біз мүлдем басқаша ойдамыз. Біз әдемі сөздер емес, іс-әрекеттің адамдарымыз.

Сайлауға қатысу ережелері, сондай-ақ оны бұзуға қатысты жауапкершілік заңдарда анық көрсетілген. Билік партиясына айтарымыз – заңды ұстаныңыздар, сол кезде ешқандай меморандумдарға мұқтаж болмайсыздар.

Осы себепті адал әрі ашық түрде мәлімдейміз – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы билікпен ауыз жаласпайды. Біз кез келген, әсіресе, басты саяси қарсыласымызбен меморандум жасасуға қарсымыз!

Біз мемлекеттік органдардың қандай істерге бара алатынын білеміз. Оппозициядағы жылдар бізді биліктің бос уәделеріне сенбеуге үйретті. Біздің осы бір қарсылығымыздың соңы неге апарып соқтыратынын да түсінеміз. Біз жаңа арандатуларға, лас әдістерге, анонимді қаралау мен мемлекеттік БАҚ-тардың қудалауына дайынбыз. Бірақ бізді тоқтату мүмкін емес! Оппозиция ар-ожданмен мәміле жасамайды!

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өзінің қағидаттарына адал болып қала береді: біз олигархатқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз, бізге халық және шындық маңызды!»,-деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысатын алты саяси партияның өкілдері әділ сайлау өткізу жөнінде меморандумға қол қойған. Мұны «Аманат» партиясының телеграм арнасы жариялады.

Құжатқа қол қойған партиялар тек қолданыстағы заңнама аясында әрекет етуге, сондай-ақ үгіт-насихат кезеңінде ашық бәсеке жүргізуге уағдаласқан.

«Саяси ұйымдар бір-бірінің және өзге партиялардың атынан ұсынылған кандидаттардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпауға, сайлау учаскелерінде түрлі теріс қылықтарды болдырмау үшін өзара жәрдемдесуге, үгіт-насихат кезінде заңнаманы және халықаралық стандарттарды ұстануға келісті»,-делінген хабарламада.

Меморандумға «Аманат» партиясынан Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық партиясынан – Ермұхамет Ертісбаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – Әли Бектаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан – Азаматхан Әміртай, «Республика» партиясынан – Айдарбек Қожаназаров қол қойды.

 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417